Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл ел экономикасы 5% өсті - Ұлттық экономика министрі

Биыл ел экономикасы 5% өсті - Ұлттық экономика министрі

Осы жылдың 4 айында ел экономикасы 5 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Биыл 4 айда өткен жылдың қаңтар-сәуірімен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 5 пайызға өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсу - 4,8, ал қызмет көрсету саласындағы өсу 4,9 пайызды құрады. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті», деді Әлібек Қуантыров.

Оның атап өтуінше, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18 пайызды құрады.

«Инвестиция ағыны көлік және қоймалауда – 39,3, ауыл шаруашылығында – 26,5, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 10, сондай-ақ өнеркәсіпте – 18,1, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 17,3 және өңдеу өнеркәсібінде - 7 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды», деді министр.
16 мамыр 2023 ж. 826 0