Әлеуметтік қолдау – халық әл-ауқатының кепілі
Әлеуметтік мемлекеттің басты орталық фигурасы мен негізгі құндылығы – адам. Тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына қолдау көрсету, мұқтаж отбасыларға көмек қолын созу, мүгедектігі бар азаматтарға кедергісіз орта мен лайықты өмір сүру жағдайларын жасау кез келген өркениетті қоғамның басты қағидасы. Әлеуметтік қорғау мен көмек жүйесі тек қаржылай төлемдер жиынтығы емес, бұл – адамның өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және қоғамдағы азаматтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кешенді мемлекеттік саясат. Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстардың пәрменділігі өңірлік деңгейдегі нақты шаралар мен көрсеткіштер арқылы айқын көрінеді.Әлеуметтік көмек туралы түсінік
Әлеуметтік көмек – бұл тұрмыстық, денсаулық, физикалық немесе өзге де себептерге байланысты өз бетінше табыс таба алмайтын, сондай-ақ белгілі бір қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған шаралар жүйесі. Заманауи әлеуметтік саясатта бұл түсінік масылдықты ынталандыру емес, керісінше, адамның әлеуметтік әлеуетін қалпына келтіруге, оны қоғамға интеграциялауға және дербес өмір сүруіне жағдай жасауға негізделген.
Халықаралық заңнамалар мен әлемдік практикада әлеуметтік қорғау құқығы адамның негізгі құқықтарының бірі ретінде танылған. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) деректеріне сүйенсек, әлем халқының жартысынан астамы әлі де толыққанды әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтылмаған. Әлемдік статистика көрсеткендей, дамыған елдерде ІЖӨ-нің 20-30%-ы әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталса, дамып келе жатқан елдерде бұл көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мәліметінше, мүгедектігі бар адамдар жер шары халқының шамамен 15%-ын құрайды, бұл әлем бойынша бір миллиардтан астам адамды қамтиды. Осыған байланысты әлемдік деңгейде инклюзивті орта құру, инватакси қызметтерін дамыту, жеке оңалту бағдарламаларын енгізу және арнайы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру басты басымдықтардың біріне айналды.
Аудан талдауы
Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді. 2026 жылдың алғашқы 8 айының қорытындысы бойынша аудандық бюджеттен және жоспарланған қаражаттардан түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтарға тиісті төлемдер мен оңалту шаралары толық көлемде ұйымдастырылды.
Мәселен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке жалпы 61 404,0 мың теңге қаржы қаралды. 8 айда 48 отбасына 24 612,9 мың теңге тағайындалып, төленді.
Аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін тұрғын үй көмегі бойынша 5 000,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Ал есепті 8 ай ішінде 5 отбасындағы 6 адамға 363,9 мың теңге тағайындалып, төленген.
Ал жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес, туберкулез ауруымен амбулаториялық емдеуде жүрген адамдарға әлеуметтік көмек көрсету үшін 25 956,0 мың теңге қаралып, 8 ай ішінде 60 адамға 10 769,1 мың теңге тағайындалып, төленді.
Денсаулық жағдайына байланысты әлеуметтік көмектер
Қатерлі ісік, оның ішінде жіті лимфобластық және жіті миелоидты лейкоз ауруымен диспансерлік есепте тұрған балаларға әлеуметтік көмек көрсетуге 2772,0 мың теңге қаралып, 8 айда 7 балаға 1 643,4 мың теңге тағайындалып, төленді.
Мүгедектігі бар балаларды үйден оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында 9 520,0 мың теңге қаржы қаралып, 8 айда 70 балаға 4 489,3 мың теңге тағайындалып, төленді.
Мерекелік күндерге орай біржолғы әлеуметтік көмек
Сонымен қатар Ауғанстан соғысының 26 қатысушысына 5 622,5 мың теңге біржолғы әлеуметтік төлем жүргізілді. Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысушы 8 адамға 1 730,0 мың теңге біржолғы әлеуметтік төлем берілді.
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған 259 адамға 56 008,8 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем жүргізілді.
Қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің басқа некеге тұрмаған 3 әйеліне 648,8 мың теңге біржолғы әлеуметтік төлем берілді.
Тәжікстан-Ауғанстан учаскесіндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған 17 адамға 3 676,2 мың теңге, сондай-ақ Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, соның ішінде бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшысы мен қатардағы құрамының 17 адамына 3 676,2 мың теңге біржолғы әлеуметтік төлем жүргізілді.
Семей ядролық полигоны сынақтарына тікелей қатысқан 27 адамға 5 838,7 мың теңге біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Қазақстан Республикасының «Отан», «Данқ» ордендерімен марапатталған, «Халық қаһарманы» және ҚР-ның тағы басқа құрметті атағына ие болған 2 азаматқа 131,5 мың теңге тағайындалып, төленді.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 5 адамға 324,4 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Оңалту бағдарламалары мен әлеуметтік қызметтер
Мүгедектігі бар адамдардың оңалту бағдарламалары мен әлеуметтік қызметтер бойынша 8 ай ішінде жүріп-тұруы қиын І топтағы 276 мүгедектігі бар адамға 276 жеке көмекші қызмет көрсетті. Жеке көмекшілердің қызметіне бюджеттен 291 432,5 мың теңге қаралып, іс жүзінде 275 844,5 мың теңге қызметақы төленді.
Тіл-құлақ кемістігі бар 37 мүгедектігі бар адамға 7 ымдау тілі маманы қызмет көрсетті. Ымдау тілі мамандарының қызметіне 13 640,0 мың теңге қаралып, 11 495,9 мың теңгесі төленді.
Міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 313 462,5 мың теңге қарастырылып, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы берілген тапсырыстарға сәйкес 520 мүгедектігі бар адамның гигиеналық құралдарына төлем жүргізілді.
Сондай-ақ протездік-ортопедиялық көмек – 254 аожб (адамның оңалту жеке бағдарламасы), тифлотехникалық құралдар – 80 аожб, сурдотехникалық құралдар – 45 аожб, жүріп-тұру құралдары – 101 аожб, санаториялық-курорттық емделуге – 198 адам жолдама алды.
Қызылорда қаласында орналасқан «Талсуат-мүгедектерді оңалту орталығына» ем алу мақсатында 41 мүгедектігі бар адам мен 5 қарт азамат жолданды.
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы «Арал ауданы мүгедектер ұйымы қоғамдық бірлестігі» 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 20 балаға күндіз болу бөлімшесі бойынша жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетуде.
Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес Қызылорда қаласында орналасқан мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығына 3 бала жіберілді.
Мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау (инватакси) қызметін ұйымдастыруға биыл бюджеттен 39 600,0 мың теңге бөлінген. Оның 3 000,0 мың теңгесіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы «Арал мүгедектігі бар адамдарды қолдау» қоғамдық бірлестігі 2 (екі) ай бойы жұмыс жүргізді. Жылдың қалған айларына «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігімен 32 940,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, оның 10 807,7 мың теңгесі игерілді. Бүгінгі таңда осы қоғамдық бірлестік арқылы 5 автокөлікпен 92 мүгедектігі бар адам тасымалданды.
Үйден әлеуметтік қызмет көрсету саласы бойынша аудан бойынша 115 мүмкіндігі шектеулі балаға 30 әлеуметтік қызметкер, ал 112 жалғызілікті қарт пен мүгедектігі бар адамға 18 әлеуметтік қызметкер сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Пікір алаңында
Ауданда жүзеге асырылып жатқан бұл шаралардың маңыздылығын сала мамандары оң бағалайды.
– Есепті мерзімдегі көрсеткіштер әлеуметтік көмектің атаулы әрі мақсатты жүріп жатқанын білдіреді. Әсіресе, әлеуметтік қызметтер порталын тиімді пайдалану – мұқтаж азаматтардың арадағы делдалдарсыз, өздеріне қажетті оңалту құралдарын тікелей таңдауына мүмкіндік береді. Оның үстіне, тыл еңбеккерлерінен бастап, Чернобыль, Ауғанстан, Семей және Тәжікстан-Ауғанстан, Таулы Қарабах оқиғаларына қатысқан азаматтарға қолдау көрсету – қоғамдағы тарихи сабақтастық пен әлеуметтік әділеттілікті айшықтайтын қадам.
Бүгінгі күні ауданымызда 115 мүмкіндігі шектеулі бала мен 112 жалғызілікті қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызметкерлер бекітілген. Біздің басты міндетіміз – тек күнделікті көмек беру емес, олардың өздерін қоғамнан оқшауланбағандай сезінуіне ықпал ету. Жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының, сондай-ақ инватакси қызметінің толыққанды жұмыс істеуі біздің қамқорлығымыздағы азаматтардың еркін қозғалуына және қоғамдық өмірге белсене араласуына зор мүмкіндік беріп отыр, – дейді Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу секторының меңгерушісі Рахат Берекетұлы.
Қорытындылай келе, әлеуметтік саладағы мұндай нақты әрі ашық іс-шаралар жиынтығы – аудандағы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз интеграциялануына және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстардың үздіксіз жалғасуы халықтың мемлекеттік қолдауға деген сенімін арттыра берері сөзсіз.
Г. САҚТАПОВА










