Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зорлық-зомбылыққа жол жоқ: қауіпсіздік – ортақ міндет

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ: қауіпсіздік – ортақ міндет

Арал ауданында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі

Отбасы – қоғамның берік негізі. Сондықтан отбасындағы татулық пен қауіпсіздікті сақтау, зорлық-зомбылықтың алдын алу – баршаға ортақ міндет. Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне заңмен тыйым салынған. Мұндай жағдайға бейжай қарамай, дер кезінде көмекке жүгіну – қауіптің алдын алудың маңызды жолы.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 25–27 тамыз аралығында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы, азаматтарды қорғау тетіктері және қажетті көмекке жүгіну тәртібі бойынша үш күндік ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады.

Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындарға құқықтық және әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат жеткізу, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету және зорлық-зомбылықтың алдын алу.

Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлерімен қатар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының мамандары да бірлескен жұмыстарға тартылады. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен, тұрмыстық қиындықтарға тап болған және көмекке мұқтаж отбасыларға ерекше назар аударылады.

Сонымен бірге учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция жасақтары және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларға қатысады.

Азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белгілері, одан қорғану жолдары, полицияға және тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі түсіндіріледі. Қажет болған жағдайда мамандар тарапынан құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халық көп шоғырланатын орындарды, базарлар мен сауда орындарын да қамтиды. Мұндағы мақсат – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қандай да бір қиын жағдай туындаған кезде қайда және қалай жүгіну керектігін нақты түсіндіру.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес. Ол қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін өзекті мәселе. Сондықтан зорлық-зомбылықтың қандай да бір түріне куә болған немесе оның құрбаны болған азаматтар үнсіз қалмауы керек.

«Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» қағидасы аясында ұйымдастырылатын бұл жұмыстардың басты мақсаты – азаматтарға қолдау көрсету, олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру.

Әрбір отбасыда сыйластық пен түсіністік орнасын. Зорлық-зомбылыққа жол бермей, бір-бірімізге қолдау көрсету – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды қадамы.

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Арал аудандық полиция бөлімі

Фото: ЖИ
25 тамыз 2026 ж. 44 0