"Зорлық-зомбылыққа жол жоқ" акциясы басталды

- Акция аясында кейбір мәселелердің алдын алу үшін облыс тұрғындарына кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Негізінен отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп тамыры - адамдардың тәрбиесінен басталады. Сол үшін өңірдегі бірнеше ұйымдармен бірлесіп ауқымды жұмыстарды жүргізбекпіз, - деді Қаламқас Арыстанқызы.
Биыл өңірдегі “Қамқорлық” дағдарыс орталығына 160 азамат көмекке жүгінген. Олардың 116-ы камелет жасына толмағандар болса, 44-і нәзік жандылар. Аталған орталықта зорлық-зомбылықтың зардабын көргендер үшін 8 бағытта көмек көрсетіледі.
-2017 жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар үшін “Қамқорлық” дағдарыс орталығы қызмет көрсетіп келеді. Біздің орталықта 6 ай мерзімде 8 бағыт бойынша азаматтарға көмек беріледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық және еңбек бағытында. Отбасында қиындық көргендердің басым бөлігі - күш көрсету және психологиялық қысым көргендер. Олар құқықтық тұрғыда қорғалады, - деді “Қамқорлық” дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.
-Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 670-ке жуық азамат қорғауға алынды. Ал 180 адамға мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгіленді. Қолайсыз отбасы ретінде 20 отбасы тізімге алынды, - деді Қызылорда қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы Алмара Махмудқызы.