Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнеп Ахметова сахнаға жартылай жалаңаш шығатындарды сынады

Зейнеп Ахметова сахнаға жартылай жалаңаш шығатындарды сынады

  Бауыржан Момышұлының келіні бүгінде сахна өкілдерінің мәдениеттен жұрдай екенін айтып дабыл қақты. Осы орайда ол жартылай-жалаңаштанып жүретін шоу-бизнес өкілдерін сынға алды, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.

  Сахнадан сән кетті, өнерден мән кетті! Отандық шоу-бизнес өкілдерінің жалаңаштанған образдары Бауыржан Момышұлының келініне жақпай келеді. Зейнеп Ахметова шешінген сылқымдарға талай мәрте ескерту жасаған. Бірақ, құлақ асар жан жоқ!
   «Шынын айту керек, сахна мәдениеті баяғыда жоғалды. Мына біздер, белгілі халықтың маңдайына біткен әртістері, әнші апаларымыз, әнші ағаларымыздың өнерін тамашалап тәрбиелендік. Олардың сахна мәдениетін ұстануы деген өте керемет болатын. Ал қазір біздің әншілер, әртістердің қалай болса солай, бей-берекет жүруі көрермен емес, тобыр дайындады», – дейді Зейнеп Ахметова.
  Жұлдыздардың бір қатары танымалдылығын арттыруда, сахнада шешінуді құп көрсе, енді бірі түрлі хайп қадамдарға барады. Десек те, бұл әрекет оңды емес. Сахна мәдениетін сақтамай, ашық-шашық киінген жұлдыздардың жалаңаштануы жұртты да жалықтырғаны байқалады. 
  «Кәмшат Жолдыбаева әрқашан ашық-шашық киінеді. Мен оны тыңдамаймын!», «Сахнада ашық образбен көп көретініміз Кәмшат Жолдыбаева. Бірақ, көп қарай бермеймін» дейді қарапайым халық.
«Олар өздерін халықтан жоғары көреді де, қалай шықса да өздері біледі. Санын жалтыратып шыға ма, кеудесін салбыратып шыға ма оларға бәрібір болып кетті. Сахна мәдениетін құртқан осы қазіргі өнер иелерінің өзі», – деді Бауыржан Момышұлының келіні.
  «Қысқа көйлек, жабысқан шалбар, мықымдағы белдемше! Кіндігін жалтыратып, кеудесін ашқан сылқымдардың әрекеті аға буынды шаршатты. Шоу-бизнестегі шешінгендерге шара іздеген Зейнеп Ахметова шешімін айтты.
«Алдымен өнер адамдары халықтың алдындағы жауапкершілігі мен сенімін ақтау үшін өздері өзгеруі керек. Шындап келгенде, өнерпаз қауымды аспанға шығаратын да, жерге түсіріп таптайтын да халық. Сондықтан да жұлдыздар халықпен санаса білуі керек. Қазір олар саналы көрерменнен гөрі ыржақай тобырды шығарып алды. Бұның барлығына әлгі атақты жұлдызы бар, атақсыз жұлдызы бар солардың кінәсі», – деді Зейнеп Ахметова.
   Көзі қарақты көрерменнің өткір пікірі мен зиялы қауымның ақылы да айтылды. Ал нәтиже шығару әртістердің өз еркінде!

06 қараша 2019 ж. 987 0