Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шала туған шақалақ қазақы дәстүр мен заманауи медицина

Шала туған шақалақ қазақы дәстүр мен заманауи медицина

          Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын жер шарында 15 миллионға тарта нәресте шала туса, Қазақстанда әрбір оныншы бала айы-күні толмай, уақытынан бұрын өмірге келеді. Бүгін шала туған сәбилер жайлы айтпақпыз.
      Мезгілінен бұрын дүние есігін ашқан сәбилердің күтімі ерекше болған. Қазақта шала туғандарды «шалабай» деп атайды. Оларға перзентханадан арнайы орын беріп, дәрігерлердің жіті бақылауында болады. “Шалабайлар” күні 2010 жылы Еуропа елдерінен бастау алыпты. Бұл үрдіс біздің елде де белең алып жатыр. Әжелеріміз ұрпағының келешегінің кемелденуін келін таңдаудан бастаған. Босағасын аттаған келінге тазалықты, ибалық мен әдепті қоса үйреткен. Құрсағына бала біткеннен бастап ерекше күтімге алған. Көрегенді аналарымыз жүкті келінді шалалықтан, көрсеқызарлықтан, бос сөзден, артық ойдан сақтаған. Өсек айту мен көреалмаушылықтың жаман қасиет екенін ұғындырған. Тазалыққа, жақсылыққа жаны құмар жүкті келіншек міндетті түрде дені сау ұрпақ әкеледі деп сенген. “Арал ауданаралық ауруханасы” ШЖҚ КМК бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасары Ағила Мектепбаевадан шала туған сәбилер жайында сұраған едік.
      – Ауданда жыл басынан бері 1347 сәби дүниеге келсе, соның ішінде 34 сәби мерзімінен бұрын өмірге келген. Соның үшеуі облыстық балалар ауруханасына, екеуі облыстық перинаталдық орталыққа санавиация арқылы тасымалданды. Шала туған сәбилердің терісі жұқа, өздері тым арық әрі әлсіз келеді. Құмарлана емуге де шамасы келмейді. Мұндай кезде отбасының үлкендері жас анаға қолдау көрсетіп, үлкен жауапкершілік пен төзімді сезіндіруі тиіс. Жүкті аналарды алдын ала тексерістен өткізіп аламыз. Егер анасының не болмаса баласының денсаулығында ақау болса, Қызылорда облысының “Ана мен бала” орталығына немесе Алматы қаласына жібереміз. Шала туған сәбилердің ішінде 2,100 грамм болып туған шақалақ та бар. Арал ауданаралық перзантхана бөлімінің нәрестелер бөлімшесінде өз деңгейінде қажетті көмек көрсетіліп, үйге шығарылды. Ана құрсағында 9 ай, 10 күн жатып, жетіліп туылатын бала мен уақытынан бұрын дүниеге келетін сәбидің күтімі, бағып-қағуындағы айырмашылықтар жер мен көктей. Өмір есігін ерте ашқан балалар ерекше күтімді, сапалы емдеуді, ұзақ уақыт бойы бақылауды қажет етеді. Мұндай нәрестелердің күтімі мен емінің нәтижелі болуы ең алдымен білікті дәрігерлердің және жоғары технологиялық құрал-жабдықтарға байланысты. Осыдан он жыл бұрын салмағы бір келіге жетпей туған балалар өмір сүруі мүмкін емес деп күтімге алынбайтын. Қазір заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен сәбилерге жасалатын ерекше күтімнің нәтижесінде мұндай балаларды қатарға қосу анағұрлым артып келеді, – дейді А.Мектепбаева.
        Қазақ халқында шала туған сәбиді айыкүні жеткенінше тымаққа салып, жоғарыға іліп қойған. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Сонымен қатар сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы, қырық күн кем болса, керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Ал егер бала қыста туса, онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді екен. Тымақ – табиғи аң терісінен жасалатын бас киімдердің бірі. Тымақ жылы әрі жұмсақ болғандықтан, оның ішінде жатқан нәресте өзін ана құрсағында жатқандай сезінеді. Аудан тұрғыны Маржанкүл Сайлаубаева – үш баланың анасы. Бірінші сәбиін мерзімінен бұрын босанған екен.
     – Дәрігерлер бірінші ұлымды 22 сәуір айында босанатынымды айтқан болатын. Бірақ жүктіліктің 28 аптасында жедел жәрдеммен перзентханаға келдім. Дәрігерлер босандырып алудың қамына кірісті. Алғашында кесер тілігімен босандырамыз деген. Бірінші балам болғандықтан қатты қорықтым. Алайда «табиғи жолмен босанамын» деп шешім қабылдадым. Перзентханада 10 күн жаттық. Өзімнің де, ұлымның да саулығына алаңдауға негіз болмағандықтан, дәрігерлер үйге қайтуға рұқсат берді. Бірақ аймақтық дәрігерлер күн сайын жағдайымызды сұрап, бөпемнің жағдайын бақылауда ұстады. Осындай жағдайда әжеміз көп көмектесті. Қолға да ілінбейтін бөбегімді күніне екі реттен суға шомылдырып, майлап, бесікке бөлейтін. Салмағы аз, терісі де тым жұқа, түкті болатын. Аяқ-қолдары тым әлсіз, анасы болсам да ұстауға қорқатынмын. Денесі кішкентай болғанымен, басы үлкендеу еді. Енем шомылдырып болған соң, сәбиіме арнап арнайы тігілген иткөйлекті кигізетін. Жастығының астына тесік күлше, көрпешенің шеттеріне жаңғақтар қоятын. Себебін сұрағанымда «Шала туғандарға жасалатын ырым деп айтты. Күлше – баланың басының саулығын, тепе-теңдігін реттейді, ал жаңғақ әлсіз баланың денесін шымыр етуге шынықтырады. Негізінде, шала туғандарды мамық төсекке жатқызуға болмайды. Әрі олардың ұзақ уақыт ұйықтамауын қадағалау керек. Сондықтан да жастығының, көрпешесінің астына қатты зат қойған абзал» дейтін. Перзентханадан келгенде бөпемді қайын атамның тымағына салып, атамыз жоғарыға көтерген. Бұл да шалабайларға жасалатын қазақтың ырымы болса керек. Бүгінде 5 жасқа жақындаған ұлымнан көп артықшылықты байқаймын. Балабақшадағы балалардан өзгерек. Бала болып машина, ұшақ, пистолет сынды ойыншықтармен ойнамайды. Керісінше, құрастырмалы ойыншықтарға құмар. Кейде шала туған балаларда шынымен де ерекшелік бола ма деген ой келеді, – дейді Маржанкүл.
       Әлжуаз баланы баптауда ата-бабалар амал-әрекетін қазіргі медицина да мойындады. Сондайақ «28 ілмек» қайырымдылық ұйымы шала туған нәрестелерге қажетті тоқыма киімдерін жасайды. Тоқыма киімдердің шала туған сәбилердің өсіпжетілуіне пайдасы зор екенін ақ халаттылар медициналық тұрғыдан дәлелдегенін айтады. Иә, медицина ғалымдарын осындай дәстүрімен мойындатқан қазақ халқының данышпандығына еріксіз таңғаласың. Жер-жерлерде заманауи технологиямен қатар ата дәстүрді де жаңғырту арқылы сәбилеріміздің жетілуіне жағдай жасалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ақтоты Шынықұл
12 қараша 2019 ж. 1 423 0