Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАБИҒИ ГАЗДЫ ТҰРМЫСТА ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІН МҰҚИЯТ САҚТАҢЫЗДАР!

ТАБИҒИ ГАЗДЫ ТҰРМЫСТА ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІН МҰҚИЯТ САҚТАҢЫЗДАР!

Газдың қауіпті екенін бәрі де біледі, алайда оны ұзақ уақыт бойы пайдалануға үйреніп, қауіпсіздік шараларын естен шығарып алады.Табиғи газды тұрмыста пайдалану адамдардың өміріне қауіп төндірмес үшін Тұрмыста газды пайдалану ережелері талаптарын қатаң сақтау қажет. Аталған Ережелермен тұтынушыларды газ шаруашылығы қызметкерлері пәтерлерді немесе жеке үйлерді газ жүйелеріне қосу барысында таныстырады.
Тұтынушылар газ құрылғыларының, жылыту пештері мұржаларының қалыпты жұмыс істеуін қадағалап отыруға тиіс, ал пайдалану аяқталғаннан кейін газ құрылғысының крандарын жауып қою қажет.
Қысқы-көктемгі кезеңде сыртқы ауа температурасы мен жел жылдамдығының күрт өзгеруінен мұржалардың жиектеріне мұз қатып, ішіне басқа заттар түсуі мүмкін. Сол себептен түтіннің тартуы нашарлап немесе кері шығуы мүмкін. 
Түнгі уақытта жанып тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдыруға болмайды. Сыртқы ауа температурасы төмендегенде мұржаның қызбауы себебінен су буы кристаллданып, мұржаның ішіне мұз қатып, түтіннің шығуына кедергі болады. Бұндай кезде толық жанбаған табиғи газ (улы газ) бөлмеге таралады. Сондықтан жылыту құрылғыларын жақпастан бұрын терезелерді ашып, бөлмені, от жағар орынды және мұржаны желдетіп алу қажет.
Газ құрылғыларын жақпастан бұрын және жанып тұрған кезде міндетті түрде мұржадан түтіннің тартуын тексеріп отыру қажет. Тексерудің қиындығы жоқ. От жағар орынға жіңішке тегіс қағаз қиындысын жақындатыңыз. Егер қағаз қиындысы от бағытына қарай тартылса түтіннің тартуы қалыпты, ал егер тартылу байқалмаса түтіннің тартпай тұрғанын білдіреді.
Егер пеш қалыпты (қалануы бұзылмаған, сылағы жарылмаған) болса алдымен тұтандырғышты жағып, тек содан кейін ғана негізгі жандырғыштың кранын ашып, жағыңыз. Өкінішке орай кейбір тұтынушылар қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарап, нәтижесінде өздері немесе туысқандары қайғыға ұшырап жатады.
Тұрмыста газды пайдалану ережелерінің кейбір тармақтарын естеріңізге саламыз:
- газ құрылғыларын өздігіңізден газ жүйесіне қосуға немесе жөндеуге, олардың орынын өзгертуге, пештердің сылағы жарылған кезде және мұржаларда түтін тартпай тұрған кезде газды пайдалануға тыйым салынады;
- жанып тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдыруға, әсіресе түнгі уақытта, болмайды. Салдарынан өрттер мен газ аралас ауаның жарылыстары болуы мүмкін;
- мұржаны күйден және бөтен заттардан мезгілімен тазалап, оның бүтіндігін тексеріп отыру қажет;
- бөлмеде газдың иісін сезсеңіз, есіктер мен терезелерді ашып, бөлмені желдету қажет, жарық пен электр құралдарын қоспай, «104» телефон номерімен шұғыл түрде авариялық газ қызметін шақырыңыз.
ҚР ҚН-ға және ҚР ҚНЕ-ге сәйкес газ падаланылатын орынжайларды табиғи және иісті газдың қауіпті концентрациялары артып кеткен жағдайда газ беруді автоматты түрде тоқтататын сигнал құрылғысымен міндетті түрде жабдықтау талап етіледі. Жүргізілген тексерістердің талдауы газды тұрмыста пайдаланумен байланысты қайғылы жағдайлардың көпшілігі пештердің ақауынан, мұржаларда түтіннің тартпауынан және жанып тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдыру себебінен болатынын көрсетіп отыр.
Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес үйлер мен пәтерлерде жанып тұрған газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалануға, олардың қалыпты жұмыс істеуіне иелері жауапты екенін есте сақтау қажет.
07 желтоқсан 2019 ж. 2 252 0