Қарағандылық отбасы 7 жыл бойы тиын жинаған
Қарағандылық отбасы 7 жыл бойы тиын жинаған, - деп хабарлайды tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері жазды. Үйдің отағасы балаларының депозитіне 700 мың теңге қаражат салып, банк қызметкерлерін таңғалдырған. Олардың назарын аударған жиналған ақша мөлшері емес, оның номиналы еді. Өйткені, банк клиенті 100, 50 және 20 теңгелік монеталардан тұратын жинақ ақшасын екі бес литрлік бөтелке мен пакеттерге салып, алып келген екен. Аты-жөнін жасырын қалдыруды қалаған отбасы қаражат жинауды осыдан 7 жыл бұрын бастағанын айтыпты. Ол жинақ сандықшаны сатып алып, оны толтырғаннан кейін, жұбайының туған күніне сыйлық ретінде сыйлаған. Соңғы екі жылда жұбайы сыйға алған қаражатты жұмсамай, оны керісінше ұлдары Арнат пен Тілектің депозитіне салып отыр екен. Монеталарды банкке апармас бұрын, отбасы мүшелері 4 сағат бойы жинаған тиындарын санаған. Еске салайық, ұқсас жағдай 2017 жылы Алматыда болған. Оқушы қыз iPhone сатып алу үшін ұсақ монеталармен 240 мың теңге жинаған. Ал одан бір жыл бұрын алматылық тұрғын жаңа смартфон сатып алар кезде ақысын жеті мүшек тиынмен төлеген.