Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл басы жайлы жылнама не дейді?

Жыл басы жайлы жылнама не дейді?

Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Жыл есебін осылайша жүргізу  ежелгі кезден басталған және ешқандай діни қағидамен байланысты емес. Ғалымдардың пайымдауынша, олай жыл қайыру табиғат құбылыстарының қайталама заңдылығына негізделген. Қазақша мүшелдік жыл санау тышқан жылынан бастау алады. Одан әрі қарай кезекпен сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз келіп отырады.
12 жылдық қайталама негізінде мүшелмен жыл есебін жүргізуді қазақ халқы "жыл қайыру" деп атайды. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тəжірибесі бай, ұғымды халық əр жылға тиісті баға беріп һəм соған сай қам жасап та отырған.
Қазақтар тышқан жылын ырыс-береке, татулық пен тыныштықтың жылы деп санайды. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Шынында да тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмады. Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына көз жүгіртсек, оның басым бөлігі аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туса, Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болған, алғаш Қазақ ордасы 1456 тышқан жылы құрылған.
Ал тәуелсіз ел атанған жылдар ішінде тышқан жылы біздің жемісті жылымыз болды. 1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қосылды. Және Тұңғыш Елбасы Н. Назарбаев әлемнің бірқатар елдеріне іссапармен барып, ел мүддесі үшін маңызды келіссөздер жасасты. 2008 жылы Қазақстанға этникалық отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Сондай-ақ Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бей­жің - 2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды.
Жыл санау туралы деректер VIII ғасырдағы “Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі. Ал осыдан 5 ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының  "Шипагерлік баян" кітабында мүшел жыл белгілерінің ерекшеліктеріне қарай адам мінезі сипатталған.
"Сумақы (тышқан). Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы қаракеті көп, суыққолдылығымен қарақшылық жегіштігі мол, дәулет жиғыштығы күшті", – деп жазылған.
Астролог мамандардың мінездемесіне сәйкес, тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие. Ал жаман қасиеттері – қызғаншақ, сатқын, кейде шыдамсыз, қырсықтау.
Сонымен қатар әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныстары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмағанымен, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Үсті-басын таза ұстап, сақ жүреді. Думан-той, ырду-дырдудан бойын аулақ салуға тырысады. Мінезі – тәкаппар, сәл нәрсеге өкпелегіш. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін – дейді мамандар.
02 қаңтар 2020 ж. 3 998 0