Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Доңыз не тындырды, тышқаннан не күтеміз?

Доңыз не тындырды, тышқаннан не күтеміз?

Жазық даланың құлатүзін аязбен қымтап, құлан жортқан қу медиен шөлдің қытымыр қысын көзбен көріп келе жатқан Аяз ата:– Бұл бір тұмса табиғаттың ең тамаша жері еді. Заманында осы теңіздің ақжал толқындары анау жоталарға алма-кезек кеп соғып жатты. Балығы тайдай тулап, көк теңіздің тамаша көрінісін көз алдыңа алып келетін еді. Мына көрінісін қарашы, әлі сол сүреңсіз қалпында. Қазақ жылнамасындағы 2019 жылдың кейіпкері сен өзіңе жүктелген бір жыл бойы не тындырдың, маған айтар Аралға қатысты жақсы жаңалығың бар ма, Доңыз?– Әрине, Аяз ата. Бұл теңіз жайында айтсам, табиғаттың бұл көрінісі сіз бен біздің қолымыздан келетін дүние емес қой. Бәрі мен ойлағандай болса, осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын тартылып кеткен теңіздің бұл күйін мен бірінші рет көріп тұрғаным жоқ. Қолымнан келсе бірінші келгенімде-ақ көк теңізді қайта қалпына келтірер ем ғой. Бұл кеселмен адамзат та күресіп жатыр. Осы қазақ елінің Тұңғыш Президенті осыдан 15-20 жылдай уақыт бұрын тартылған теңіздің жарты бөлігін сақтап қалу үшін бар күшін салып еді. Бүгінде нәтижесін ел көріп отыр. Теңізден ризығын терген сайын, балықшы қауым сол бір тұңғыш басшыға алғыстарын айтады. Жүріңіз, мен сізге Арал ауданының орталығына барып, өз жылымда атқарылған жақсы істеріммен таныстырайын. Сексен мыңдай халық тұратын осы ауданға басшылық ететін Мұхтар есімді сол елдің азаматы. Ол да қолынан келгенше біршама істерді атқарып жатыр. Қанша дегенмен, бала күнінен елдегі кемшіліктің бәрі көз алдында ғой.
– Байқаймын, ауылдарда көптеген қызылды-жасылды ғимараттарды көзім шалып келе жатыр. Бұл да жақсылықтың нышаны болар.
– Дұрыс айтасыз, Аяз ата. Қазақстанның қай аумағында болмасын кәсіпкерлік саласына басымдық берілді ғой. Биыл ауысқан қазақ елінің жаңа басшысы Елбасының ілкімді істерін одан әрі жалғап жатыр. Соның нәтижесінде аудандағы кәсіпкерлер еш кедергісіз жұмыстарын жасауда. Сіз байқаған өзгеріс соның дәлелі ғой.
– Бірлігі жарасқан бұл елдің қазіргі күнкөрісі не?
– Теңіз жақ беттегі ел мал шаруашылығымен қоса теңізден балық аулайды. Кәсіп қылып, жан бағады. Қыр жақтағы халыққа төрт түлік демеу болып отыр. Қысқасы, дәл қазіргі уақытта еңбек етемін деген жанға жұмыс табылып тұр. Жұмыс демекші, менің жылым жастар үшін жайлы болды. Жастар жылы болғандықтан, ел байрағын биікке көтеріп, Әнұранын шырқататын әлемдік додаларда аудан жастары жүлделі орындардан көрінді. Әсіресе осы жылдың соңына қарай ауданнан бірнеше әлем чемпиондары шықты. Жақсы жаңалық емес пе?
– Дұрыс қой. Жастарға сенім артылған жылда жетістікке жеткен жастардың бұл ісіне бәрекелді деймін. Есіңде болса, өзіңді қазақ даласына ертіп әкелерде Арал қаласының қақ ортасынан өтіп жатқан темір жолдың үстінен көпір салуға мүмкіндік жасай ма деп сенім артқан едім. Өзгеріс байқап тұрғаным жоқ.
– Иә, Аяз ата. Бұл бір қиын шаруа екен. Осы бір шаруаны ең болмаса бастандырып кетейінші деп жыл бойы жүгірдім. Бірақ іс жүзінде шаруа басталған жоқ. Осы жылы талай уақыт қозғалмаған мәселенің сеңі сетінегендей болды. Мен енді қайтып оралғанша көпір де болып қалар. Бастысы, бәріне уақыт емші.
– Анау ескі ғимаратта түрлі жаңалық ашып, өнерлерімен көпті таңдандырып жүрген оқушылар үйінің мәселесін не істедіңдер? Әлі ескі ғимаратта дәріс алып, өз істерімен шұғылданып жүр ме?
– Бұл шаруа да көп ұзамай шешіледі. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген қазақтың сөзі бекер айтылмаған ғой. Оқушылар үйінің ғимараты жаңадан салынып жатыр. Бұл көптен бері қордаланып келе жатқан күрделі мәселе еді. Балалардың бал-бұл жанған жүздері мен қуанышын енді келгеніңізде тышқан баяндап береді.
– Тышқан демекші, сенің бұл әңгімелеріңді қойнымдағы тышқан тыңдап келе жатыр. Әліне қарамай жыл басы болған бұл тышқанға не айтарың бар?
– Айтарлықтай дәнеңе жоқ. Бастысы, елге жақсы жаңалығымен келсін. Мен бастандырып кеткен істерді аяқсыз қалдырмай, сізге қуанышты жүзбен қауышса болды.
– Ал ендеше, сен сәл күте тұр. Мен елге барып, халықтың көңіл күйін бақылап, балалардың маған дайындаған өнерлерін тамашалап, өздерімен бірге болар тышқанмен таныстырып қайтайын. Осы жылдың иесіне айтарым бар еді.
– Жарайды, Аяз ата. Жыл бойы жүрген жерімнен кеткім кеп тұрған жоқ. Қанша күт десеңіз де, күтем ғой.
– Шыға қой, Тышқан. Бейбіт күннің қадірін ұғынып, қалыпты ғұмыр кешіп жатқан қонақжай халқыңа қайтып оралдың. Сенің еншіңе берілген қай жылдың болмасын жаманы жоқ еді ғой. Биылғы жылды да бұл елге жайлы еткейсің.
– Қолымнан келгенше тырысамын, Аяз ата. Маған сенсеңіз болады. Халықтың сенімін ақтап, жақсы жаңалығыммен қуантсам, маған одан асқан бақыт бар ма?
– Доңыз айтқан әлгі шаруаларды да өзің барда бітіріп кетуге тырысарсың.
– Ең бастысы, басталған істі соңына жеткізсем деймін. Халқы уақыт өткен сайын ұлғайып келе жатқан Сексеуіл кентінің шығыс жақ бетінен бір білім ұясын бастандырсам деп едім. Биыл сол шаруаны қолға алатын шығармын. Орайы келсе, аудан орталығынан тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға баспана салудың да жайын көтерсем деймін. Анау қырдағы Қарақұм мен тұзға бай өңір Жақсықылыштың арасын жалғап жатқан жолды да өзім барда бітіріп кетсем жақсы болар еді.
– Талабың оңғарылсын, тышқан! Тырнақтай болсаң да таудай істі тындырып жүргеніңе тарих куә. Бастысы, мал баққан елді қос бүйірден қысып, берекесін қашырма. Жақсы іске бастамашы болып, жыл бойы өзіңді күткен елдің тілегін орындағайсың. Әсіресе ауданның айнасына айналған «Толқын» газетіне көз қырыңды сала жүр. Биыл ол газеттің ақпарат айдынында келе жатқанына 90 жыл толады.
– Тапсырмаңызды орындап, елдің тілегін орындауға тырысамын. Кім білер, Алла сәтін салып жатса, тоқсан жыл толғауы қысқан елге керек аспалы көпірдің де мәселесі шешіліп қалар. Оның бергі жағында ауданға, қалаға қатысты шаруалар да шешілер. Осы жылы Жақсықылыш кентін толық газдандырсам, көп ұзамай сексеуілдіктерді де көгілдір отын көзіне қоссам деймін. Ауызсу мәселесі де биыл шешімін тауып жатса жақсы болар еді. Сіз айтқан «Толқын» газетінің 90 жылдығы өз деңгейінде аталып өтіледі. Елдің ахуалы мен тұрмысын көрсететін көпшілік мәдени іс-шаралардың аудан әкімі тарапынан қолдау табарына сенімім мол.
– Ой, бәркелді, Тышқан! Келмей жатып менің көңілімді көтердің. 2019 жылды өз еншісіне алған доңызға өкпелемес. Ол да шамасы жеткенше қолынан келген істі жасады. Екеуің тату болыңдар. Дәл қазіргі уақытта елге керегі де осы. Өйткені әлем елдерінен сабыр кетіп, аумалы-төкпелі кезеңнің бел ортасында жүр. Аспанын қара бұлт торлап, аласапыранды басынан өткеріп жатқан елдер қаншама?! Сен қазақтай текті халыққа мұндай қиыншылығыңды көрсетпе.
– Келістік ,Аяз ата. Дос болғанға құшағы кең туыстай болған қазақтың бақытты күндері әлі алда деп білемін. «Елу жылда – ел жаңа» деген мен жаңашылдықты бар болғаны 12 жылда байқап отырмын. Қазақстанның басқа қалаларын айтпағанда, Аралдың өзі адам танымастай өзгеріпті. Небір әсем ғимараттар мен көздің жауын алар қызылды-жасылды көше шамдары қою түннің көркін келтіріп тұр. Қаланың өзінен осы жылдың өзінде көптеген кәсіпкерлік нысандар ашылыпты. Жолдар қайта жөнделген. Маңызды көше қиылыстарына бағдаршамдар орнатылып, ескі ғимараттар қайта жөндеуден өтіп, халық игіліне жарап тұр екен. Мұның бәрі жақсы жаңалық қой.
– Оның рас. Мен де көп нәрсені өз көзіммен көріп, бір жылдың өзіндегі өзгерісті байқап тұрмын. Сендерге қарағанда мен жыл сайын келіп тұрмын ғой. Өзіммен сырлас, өзіммен мұңдас әр жылым Ақшақар екеумізді жаман атқа қалдырған емес. Тәңірім қазаққа тәуелсіздікті тарту еткелі өз қолы өз аузына жеткен жұрттың жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Жаңару мен қайта түлеудің дәуірін бастан кешіп жатқан халыққа жаһандық өзгерістерге бейімделу де үлкен өзгеріс әкелер түрі бар. Бастысы, көк байрағы көкте желбіреген елдің көштің соңында қалмасы белгілі. Бұл мақсатты бірлескен істі ендігі қолға алатын өзіңсің, Тышқан. Сен сондықтан ат төбеліндей елдің бағына табыс әкелгейсің.
Міне, осылайша бірнеше күн бойы өткенді ой елегінен өткізіп, болашақты бағамдаған Аяз ата, доңыз және тышқан үштігі жылдар тоғысындағы жақсы сөздерін жарым ырысқа балады. Бұл да жақсылықтың нышаны болар. Бастысы, бейбітшіліктің қадірін білетін қазақтай елге табыс пен тұрақтылықтан асқан бақыт жоқ! Басқасының бәрі уақыттың еншісіндегі іс.
Жылдардың сұхбатын жазып алған Алтынбек Бисенов.
02 қаңтар 2020 ж. 572 0