Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Денис Теннің ісі қайта қаралуы мүмкін бе?

Денис Теннің ісі қайта қаралуы мүмкін бе?

2018 жылдың шілдесінде ұрылардың қолынан қаза тапқан танымал спортшы Денис Теннің шешесі Оксана Тен оқиға орнында болған екі полицейдің үстінен арыз түсіріп, тергеуді қайта жүргізуді талап етті. Бұл туралы tengrinews.kz жазды.
Оксана Тен Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі (абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) бойынша полицейлерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұл істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаменті жүргізген. Алайда 2019 жылдың наурыз айында іс тоқтатылыпты. Талап арыз берушінің адвокаты Нұрлан Сиқымбаев «істі тоқтатып тастауы заңсыз» дейді.
Ертең Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында осы іске байланысты жабық сот процесі өтеді. Оксана Теннің пікірінше, егер оқиға орнында болған екі полицей салғырттық танытпағанда қайғылы оқиға болмас еді.
«Бәрі олардың көз алдында болған. Олар ұрыларды қорқыту үшін тіпті қызметтік ысқырығын да пайдаланбаған. Ішкі істер органдары туралы заңның талабы бойынша, полицейлер қылмыстың алдын алып қана қоймай, алғашқы медициналық көмек көрсете білуі қажет. Көмек көрсетудің орнына тек «Жедел жәрдем шақырыңдар!» деп айқайлаған» дейді арызданушы.
10 қаңтар 2020 ж. 436 0