Гүлді таңдау, сыйлау және оның бағасы жайлы

Әйелдердің барлығы дерлік гүл алғанды ұнатады десек қателеспейміз. Ол кез келген гүлдер шоғы немесе құмырадағы бөлме гүлі де болуы мүмкін. Әйелдерге бір қызғалдақ берсеңіз де, қатты қуанатынын айта кетейік. Себебі, сыйлық алғанда олар оның бағасын сынап, түріне қарамайды. Олар үшін ең бастысы – сіздің зейініңіз, қамқорыңыз және ыстық сөздеріңіз. Анаңызға немесе жарыңызға гүл ұсынып, оған деген сезіміңізді, оның өміріңіздегі маңызды рөлін айтып, шын жүректен құттықтап, бетінен сүйсеңіз, оған одан артық бағалы сыйлықтың керегі жоқ.
Margo Flowers гүл дүкенінің қызметкері Мадина Нұрманова жігіттерге гүлді таңдау туралы кеңес беріп, қыздарға оны қалай күту керегін айтты:
"Қазір мереке қарсаңында раушан мен қызғалдақ көп сатылып жатыр. Көктемнің гүлі – қызғалдақ. Сол себепті де келушілердің таңдауы қызғалдақтың әр түрінен бір шоқ гүлге түседі.
Жігіттер сүйікті қызына не жарына қызыл түсті гүл бергені дұрыс. Сезімін білдіргісі келсе алқызыл түсті раушанды таңдаған жөн. Ал сыйластықтың белгісі – ақ түс. Сол үшін де ана-әпкелерімізге ақ түсті раушанды сыйлау қажет. Әріптестерге, мұғалімге ақ түсті қызғалдақты сыйлауға кеңес берер едім.

Гүлді таңдау кезінде қай оның қандай мағына беретінін де ескеру қажет:
• орхидея – сұлулық пен махаббат;
• раушан – ғашықтық (тікенексіз раушан – бір көргеннен ғашық болу);
• қызғалдақ – тәнті болу, махаббат;
• нарғызгүл – нәзіктік;
• нәркес – құрмет;
• азалия – байсалдық;
• көкнәр – ләззат;
• ақкекіре – сұлулық;
• гладиолус – ынтызарлық;
• құралайгүл – адалдық, шынайы махаббат;
• бәйшешек – үміт;
• мимоза – кішіпейілдік;
• сүмбіл – ұнату;
• кекіре – әсемдік;
• қараған – сырлы махаббат;
• бөртегүл – алғашқы махаббат;
• магнолия – тәкаппарлық.