Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Енді қазақстандықтар мемқызметтерді тек онлайн алады

Енді қазақстандықтар мемқызметтерді тек онлайн алады

kyzylorda-news.kz Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында карантин барысында еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәлімдеген болатын.
«Қазақстандықтарға бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты арқылы алуға болады. ХҚО-ның ең тәжірибелі деген және арнайы оқудан өткен 1800-ден астам қызметкері 1414 байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсететін болады», – делінген «Азаматтарға арналған Үкімет» таратқан ақпаратта.
Бір уақытта байланыс орталығының мамандары мыңнан астам азаматқа кеңес бере алады деп жоспарлануда. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.
Бұл ретте, 21 наурызға дейін өтініш беріп үлгерген азаматтар қызметтердің дайын нәтижесін өзі өтініш берген ХҚО-ның құжат беру секторынан алып кете алады. Автомобильді қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттар мен нөмірлерді өз қалаларындағы мамандандырылған ХҚО-дан ала алады, онда да дайын құжаттарды беру терезесі жұмыс істейтін болады.
«Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс тәртібі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін.
Азаматтарға арналған үкімет қазақстандықтарға барлық санитарлық талаптарды орындап, үйден шықпауға кеңес береді және керекті мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға шақырады. Жақындарыңыз бен өзіңізді қорғаңыз», – делінген хабарламада.
26 наурыз 2020 ж. 547 0