Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының аумағына 47 санитарлық бекет қойылған

Қызылорда облысының аумағына 47 санитарлық бекет қойылған

Қызылордалық тәртіп сақшылар тосқауыл бекеттеріндегі санитар мамандарға сый-құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24». Облыстық полиция департаментінің басшылық құрамы Ақтөбемен шекаралас Аралдағы ең шалғай санитарлық бекетте болды.
Жалпы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінде халықаралық жүк тасымалына шектеу жоқ. Азық-түлік және өзге де тауар артылған көліктер қалыпты жүріп жатыр. Дегенмен, карантинге байланысты көліктер едәуір азайған. Өңіраралық санитарлық бекеттерде әрбір көлік пен жолаушы жіті медициналық тексерістен өтеді. Жалпы облыс аумағына 47 санитарлық бекет қойылған. Соның төртеуі Арал ауданында. Ақтөбе облысымен шектесетін тұстағы бекет жол пайдалану нысаны маңына орналасқан. Полиция инспекторлары мен санитар мамандар желдің өтінде тұрып, тәулігіне жүзге жуық көлік тоқтатып, екі жүздей жолаушыны жіті тексеріп, тіркейді. 12 адамнан құралған мобильді топ қажет құрал-жабдықпен толық қамтылған.
Байжан Байгелді, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары:
- 56 полиция қызметкері тобы бөлек-бөлек қызмет атқарып жатыр. Полиция қызметкерлері көлік, планшет, ыстық тағаммен, қолғап, бетперде барлық құралдармен қамтамасыз етілген. Ел Президенті полиция қызметкерлерінің қайсарлығына өз алғысын білдіріп, ҚР ІІМ талабына сәйкес ерекше жағдайда қызмет атқарып жатқан полиция қызметкерлеріне бір лауазымдық ақша төленетінін атап айтқым келеді.
Арал аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы карантин тәртібін қадағалау мақсатында ұдайы рейд өткізіп келеді. Бүгінге дейін дүрілдетіп той жасап және дәмхана-дүкенін уақытында жаппаған 5 кәсіпкерге әкімшілік шара көрілді. 

Әміржан Өтегенов, Арал аудандық полиция бөлімінің басшысы
- Ол толтырылған әкімшілік хаттамалардың барлығы сотқа жолданып, сот шешімімен 4 кәсіпкерге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, 1 кәсіпкер сот шешімімен 5 тәулікке қамаққа алынды. 79 жеке құрам санымен жалпы екі ауысымда аудан көлемінде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты жеке құрам жұмыс атқарып жатыр. Арал ауданынан өзге қалаларға оқуға кеткен 3256 студенттің 3 мыңдайы қазірде оралған. Арасында Анкара мен Мәскеуден келгендері бар. Барлығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Стационарлық нысандар толық даярлыққа келтірілді.
Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:
- Арал қаласындағы жұқпалы ауруларға қарсы күресу ғимаратынан егер ауру шыға қалса, 6 боксты арнайы жабдықтап отырмыз. Барлық төсек, құрал-жабдықтарымен. Сол ғимараттың 2-қабатында 18 орындық провизорлық орын дайындадық. Бұдан бөлек, кейбір азаматтарды карантинге оқшаулау қажет болып жатса, Арал қаласындағы №2 дарынды балаларға арналған мектебін қазір соған жабдықтадық.
Ақ көбік атқан Арал теңізі мен Барсакелмес табиғи қорығына келуші туристер ауданға кіргізіліп жатқан жоқ. Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев Осы категория бойынша: « Атырау облысында ТЖ режимін бұзған 108 жағдай тіркелді ІІМ қызметкерлері арнайы киіммен қамтамасыз етілді »

09 сәуір 2020 ж. 920 0