42 500 теңгеге өтінім берген мемлекеттік және бюджет қызметкерлері ұятқа қалды

Ресми мәліметке сәйкес, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 3 миллионнан астам адамға 42 500 теңгенің әлеуметтік төлемі аударылды. Қаржының жалпы көлемі – 127 миллиард теңге.
Халықтан барлығы 5,9 миллион өтінім түскен. Соның ішінде 2,15 миллион, яғни 37% бойынша төлем тағайындалған жоқ.
Негізгі себептері:
- 157 мыңға жуық өтінімде адамның жеке дерегі дұрыс көрсетілмеген. Бір әріпте немесе санда қате кетсе, әлеуметтік төлем тағайындалмайды;
- 80 мыңға жуық өтінімде банк деректері дұрыс жазылмаған. Өтінім бергенде банк атауы мен IBAN-ды (шоттың 20 белгіден тұратын нөмірі) көрсету қажет. Көбісі банк картасының нөмірін жібере салған;
- Өтінім берушінің тұрақты жұмысы бар болып шыққан. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар;
- 863 мыңға жуық өтінімді зейнетақы және жәрдемақы алушылар жіберген. Олар төтенше жағдайға дейін ресми жұмыс істемеген;
- 1,16 миллион өтінім бойыша соңғы 12 айда ешқандай әлеуметтік аударым жасалмаған, бір рет болса да, бірыңғай жиынтық төлем аудармаған. Ондайда 42 500 теңге берілмейді;
- 534-ке жуық өтінім қайтыс болған адамдардың атынан немесе Қазақстаннан тыс жерде тұратындардың атынан жіберілген.