Кәсіпкерлерге қолдауды күшейтті

Біз – сайын далада еркін өскен қазақ деген халықпыз. Әрине елімізді жайлаған індетке байланысты бәріміз үйден шықпауға мәжбүр болдық. Жұмыстар тоқтады. Кәсіпорындар жабылды. Бұл алмағайып кезең халықтың тұрмысына да әсер етпей қоймады. Бүгін жұмыс басталып, азық-түлік емес сауда орындары жұмысын бастап, кейбір мекеме қызметкерлері жұмысқа оралғанымен, көптеген кәсіпкерлер құлдыраудың алдында тұр. Осының бәрін ескерген Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде халыққа 42500 теңгеден әлеуметтік төлем тағайындады. Мұнан бөлек, кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несиелер тағайындалып, салықтан босатылатындығын да жеткізді. Сондай-ақ кәсібін несие алу арқылы кеңейткендер үшін де міндетті төлеу уақытша шектелді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осы қолдаулардың арқасында кәсіпкерлер де өз бизнестерін ретке келтіріп, дағдарысты оңай еңсеретін болады деп сенемін.
Біз – әрқашан бірліктің түбі берекелі тірлік екендігін түсінген халықпыз. Қай заманда болмасын тауқыметті жылдарды басымыздан өткердік. Сонда да болса жойылып кетпей, халық болып қалыптастық. Егемен ел болдық. Қазіргі қиындықтар да уақытша сын сағаты. Біртіндеп халық қалыпты өмірге бойұсынып келеді. Дегенмен де сақтық шараларын сақтау басты орында болуы тиіс. Біз үшін аурудан емделуден гөрі, жұқтырмау, алдын алу маңызды.
Жадыра Меңдібаева,
кәсіпкер