Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «5-10-20»: баспана мәселесі жеңілдейді

«5-10-20»: баспана мәселесі жеңілдейді

Соңғы екі айда халқымыздың «Ауру кірді, әлек кірді» деген өмірлік тәжірибесінен туған сөзінің нақты көрінісін басымыздан өткердік. Жаһандағы жайлаған індеттің әлегі аз болмады. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр.Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсіп, Төтенше жағдай күнделікті өмірі­мізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Дегенмен, осындай кезде ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік.
Міне, Президенттің елімізде төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты мәлімдемесі жарияланды. Бірақ індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Облыста індеттің таралуы жоғары деңгейде болғандықтан, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстана білуіміз керек.
Мемлекет басшысының  мәлімдемесінде экономиканың өсімін қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатырғандығы, сондай-ақ денсаулық қорғау жүйесінің сапасын арттыруға, медициналық мекемелерді толыққанды технологиялық қайта жабдықтауға, медицина қызметкерлерінің құзіретін арттыруға бағытталған түбегейлі өзгерістер қажет екендігі және өзге де өзекті мәселелер нақты айтылды. Халықтың көңілін көтерген жақсы жаңалықтың бірі – кезекте тұрған адамдарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсыруы болды. Осындай жаңалықтарды жүзеге асыруда ең алдымен елдің тыныштығы керек. Сол үшін баршамызға талап пен тәртіпті сақтау міндет әрі парыз.
Алмас Өтешов,
қала тұрғыны
11 мамыр 2020 ж. 833 0