Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәс тігуді шектеу үшін ставкаларды есепке алу орталығы құрылмақ

Бәс тігуді шектеу үшін ставкаларды есепке алу орталығы құрылмақ

 egemen.kz Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Аталған заң жобасы ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бәс тігуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасын депутаттардың назарына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұсынды.
– Ойын бизнесі туралы заңда құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу тетігі енгізіледі. Уәкілетті мемлекеттік органдарды букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін Ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді. Қазіргі уақытта саланы мемлекеттік реттеудің маңызды проблемасы болып букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың айналымы туралы нақты мәліметтердің болмауы болып тұр. Осыған байланысты Ставкаларды есепке алу орталығын құру ұсынылды. Бұл ретте букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электронды төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлем ескеріледі. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемнің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауды, салықтардың жиналуын арттыруды бақылауды күшейтеді, – деді министр.
Бұған қоса заң жобасы бәс тігуге қатысушылардың деректер қоры жалпыға бірдей декларациялауды енгізуге, бәс тігуге қатысатын клиетті шектеу және клиенттің өзін-өзі шектеу рәсімін енгізуге ықпал етеді. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі шараларды күшейтеді.
Оқиғаның нәтижесіндегі ашықтықты және ойыншылардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында букмекерлік кеңселерге тек спорттық шараларға ставка қабылдау міндетін белгілеу ұсынылып отыр.
13 мамыр 2020 ж. 500 0