Озық үлгідегі оқушылар үйі

– Бұл ғимараттың құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Қазіргі таңға дейін 180 млн теңге қаржы бөлінді. Енді қалған қаржы бөлінуі керек. Бұл нысанның сыйымдылығы – 250 оқушы. Заманға сай жасақталып, көгілдір отын көзіне қосылған. Бүгінде аталған нысанның құрылыс жұмысын қолға алған мердігер компания «SCS Инжиниринг» ЖШС. Н.Аманбаев басшылық ететін құрылыс компаниясы – аймақта сенімді әрі көш ілгері мекемелердің бірі. Мәселен, бұл мекеме осы кезге дейін аудан бойынша сегіз мектеп салды. Бұл жерде басты мәселе қалған қаржының уақытылы жеткізілуінде болып тұр, – деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Т.Ұзақов.
Мыңға жуық оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың болашақ мамандықтарын таңдауына бағдар беру, патриоттық тәрбиеге баулу арқылы ұлтық құндылықтарға деген құрметті арттырып, өнерге бейімдеу мақсатында жұмыс атқаратын аудандық оқушылар үйінің ғимараты өткен ғасырдың 40-жылдары салынған. Сексен жылдай жаздай соққан жел, қыстың бұрқасын боранына күні кешеге дейін шыдас берген ғимараттың кейбір бөлмелері аппатық жағдайда болғаны да жасырын емес. Қазіргі таңда осы мектепке басшылық ететін Қ.Махамбетова аталған ғимараттың осыдан алты жылдай уақыт бұрын апаттық жағдайда деп танылғандығын айтты. Сонда да басқа барар жер болмағандықтан, тар бөлмелерде оқушылар амалдап оқыған.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жыл сайынғы тексеру қорытындысымен ғимарат өрт дабылы қондырғысымен жабдықталмаған, шатырының ашық күйдегі ағаш құрылыстары отқа қарсы сұйықтықпен өңделмеген, отын сақтайтын сарайы сақтық ережелеріне сай емес деген кемшіліктермен жыл сайын айыппұл салынды. Тіпті кей жылдары жұмыс уақытша тоқтап қалған кездер де болды. Бүгінгі таңда оқушылар үйінде үйірме кабинеттері жетіспегендіктен, 6 үйірме №262 мектеп-гимназия, №62 мектеп-лицей, №64 орта мектеп және «Барсакелмес» мемлекеттік қорығы ғимаратының базасында жұмыс істейді. Оларға барлығы 210 оқушы қатысады. Алла сәтін салып, жаңа ғимаратқа көшсек, бұл кемшіліктердің барлығын жояр едік, – дейді аудандық оқушылар үйінің директоры Қ.Махамбетова.
Білім ошағының жұмысы әзірге онлайн түрде жүруде. Балалармен жұмыс істейтін педагог мамандар қашықтан білім беруде әзірге тапсырмамен ғана шектеліп тұр. Бұрынғыдай арнайы жабдықталған үйірме кабинеттері арқылы баланың ой-өрісін дамытуға байланысты мүмкіндіктер жоқ. Мұның барлығы елімізде болып жатқан қауіпті індетпен күреске байланысты екенін ұжым жақсы түсінеді.
А.Бисенов