Май шам
Иә, біз, үй ішіміз, немерелері болып атамның (Шәкірат Дәрмағамбетұлының) үшінші әңгімесін тыңдауға жиналдық. Кешкірімгі уақыт. Шай үсті. Әңгіменің төркіні «Қонақ қондырмайтын ауылдағы шамы сөнбейтін жалғыз үй» жайлы. «Қонақ қондырмайтыны қалай?» Қазақ қонағын құдасындай күткен халық емес пе? Балаларды да, мені де осы сауал мазалайды. Бірақ мен жазбамның тақырыбын «Май шам» деп қойдым.
Өйткені оның не екенін қазіргі бала-шаға біле бермейді ғой. Соны білсін, өз құлақтарымен есітсін деген мақсат қойдым.
– Ал атам: –1946 жылы институтқа қабылдандым,– деді көк шайын бір ұрттап алып, – соғыстан кейінгі қиын кез. Бір кило нанды карточкімен аламыз. Соны үшке бөліп, кипятокпен (самаурында қайнап тұрған ыссы сумен) соғып аламыз да, оқуға кетеміз. Қысқы каникул келді. Бәрі ауылдарына қайтты. Мен жалғыз қалдым жатақханада. Жатақхана суық. «Қой, мұным болмас», деп мен де жүруге жиналдым. Ауыл шалғай. Үйім Сырдарияның Арал теңізіне құяр аяғында. Бүгінгі «Ақлақ» тоспасына 2-3 шақырымдай жерде. Пойызда орын жоқ. Болса да билет алатын қаржы жоқ. Мекеніміз –пойыздың төбесі. Соған үйренгенбіз.
– Ата-ау, құлап қалмайсыз ба, неге өйттіңіз, – деп балабақшадағы немересі Білге шошып кетті.
– Енді кәйтесіз? Пойыздың төбесі бізге футбол алаңы сияқты жүгіріп жүреміз. Жасым – 18-де. Неден қорқам?
– Иә, ата, дәу екенсіз ғой,– деп Білгенің жүрегі орнына түсті.
– Әй, Білге, қоя тұршы, содан ата пойыздың төбесіне отырдыңыз, әрі
қарай не болды?– деп Мерей қозғалақтады.
– Содан кешкі сағат 17.00 шамасында «Қамбаш» стансасына келіп түстім. Қыстың күні қысқа. Аманөткелге жетуім керек. Сонда жетіп түнесем деймін. Ол 65-70 шақырымдай жерде. Тәуекел деп жүріп кеттім. Қолымда ұзын таяқ. Жүріп емес-ау, жүгіріп келем. Қараңғылық қоюланды. Бүгінгі Қосжар қыстағының тұсына келгенде, арба жеккен түйелі кісіге жолықтым. Сәлем бердім. Құлақшынды, егде кісі екен.
– Әй, бала, бері кел, қайда барасың, кімсің? – деді.
– Аға, студентпін. Үйім дарияның құяр аяғында, бүгін Аманөткелге жетпекпін,– дедім.
– Әй, әй! Алдың түн. Анау Кәрібөгетте қабан, қасқыр, тағы-тағылар қаптап жүр. Райымға жүр, ертемен жолға шығарсың,– деді.
– Жо-қ, рақмет. Сіз Райымға барам дегенше, мен Аманөткелдің қарасын көріп қалармын,– деп едім, онда бері кел деп, жәшіктердің бәрінен бір уыс кәмпит алып ұсынды да: – шырағым, абайла, сол ауыл сені қондырса жақсы... деді де, сөз аяғын жұтып қойды.
Расында да ол тұста Кәрібөгеттің айналасы қалың қамысты қопа, жыңғылды, шеңгелді шатқал еді. Өзінін аумағы 4-5 шақырымдай бар. Сол бөгеттің астымен Қосжар көліне су құяды. Тәуекел деп ілгеріледім. Әлгі кісі айтқан аңдармен таныспын. Көлден балық аулағанда қабандар (шошқалар) үйір-үйірімен жүреді. Мұз үстіне тастаған балықтан бір-екеуін шайнап алады да, өзгесі өздеріңе қалсын дегендей, өз жөніне кете барады. Кәрібөгеттен өттім. Түнге үштер шамасында Аманөткелдің шеткі үйіне де табаным тиді-ау! Терезені қағам, есікті ұрғылаймын. Үн жоқ. Күн суық. Қырық градустан асады. Солай жағалап есік-терезені ұрғылап келемін. Сірә, 15-ші ме, әлде 16-үйдің терезесін қаққанымда, әйнегі сыңғыр етіп сынып кетті. Арғы жағынан бір қарияның:
– Әй, бұл түнделеткен қай жетпегір едің,–деген ащы дауыс естілді.
– Әж-е, студент-жолаушы едім, бір түнеп шығуға рұқсат етіңіз,– дедім.
– Айналайын, кешір мені, мына соғыста шейіт кеткен екі боздағымның әйелдерін сығалаған біреулер ме деп қалдым. Әйтсе де, сен сыятын орын жоқ. Екі үйден кейін Махамбетжанның үйі бар. Ол кісінің есігі күн-түні ашық. Бұл ауылда қонақты сол аға ғана қабылдайды,– деді.
Бұл ақылына шүкіршілік деп, ілгері тарттым. Расында есігі ашық. Ошақтың үстінде май шам тұр. Болар-болмас жылтырайды.
– Әй, ата, неге светті жақпадың?– деді Білге өре түрегеліп.
Өзгелері ду-у күлді. Қазіргі балабақшаның баласы ол кезде ауыл түгіл, светтің өзі қалада да тапшы екенін қайдан ұқсын. Атам Білгеге біраз түсінік берді. Теледидардың да, тағы-тағыларының, жалпы технологияның, газдың жайын біраз әңгімеледі. Бес жасар бөбек қой, миына бір сәуле түскендей терең ойда отырды.
– Ат-а, май шам деген не?– деп сөзге Мейірбек араласты.
– Май шам ба? Қаңылтырдан, қолдан жасалған ыдыс. Төрт бұрышты. Соған балықтың майын құяды. Мақтадан есіп пілте жасайды. Біз үйде сабақты сол шаммен оқыдық. Балық майын оқтын-оқтын құйып қоямыз. Көк түтін болады. Кәйтесің, басқа мүмкіндік жоқ.
– А-та, сонымен қондырды ма?
Есіктен кіргенімде оң жақ қапталдағы есіктен:
– Әй, бұл қайсысың?– деген жұмсақ дауыс естілді.
– Студент-жолаушымен, бір түнеп шығайын көке!– дедім.
– Әй, бәрекелді, жолың болсын, май шамның жанында жүгеріден қалған бір нәрсе болса, жүрек жалғап ал, сосын сол жағыңдағы бөлмеге жата сал,– деді.
Қуанып кеттім. Табақта жүгерінің бір уыстай ұнтағы қалған екен. Соны қағып салдым да, үй иесі айтқан бөлмеге кірдім. Қоғадан тоқылған төсенішке қисая кеттім. 4-5 адам қорылдап жатыр. Етігімді басыма жастадым. Тұла бойымды іліп алар дүние – сол етігім ғана. Өзі хром. Жалт-жұлт етеді. Бірақ топырақ жағып, өзгелердің сұғынған көзінен тасалаған болам.
– Ат-а, ат-а,– деді әңгіменің осы арасына келгенде Мейірбек немересі орнынан тұрып,– сол етікті Елеу деген досыңа беріпсіз ғой!
– Неғыл дейді, оны қайдан білесің? – деп атам таңданды.
– Анада облыстық теледидардан апайлар келді емес пе? Солар сұрады. Сіз жауап бердіңіз. Сонда есіткем. Соны айтыңызшы?
– Жо-қ, кейін, кейін! Ә-ә, дұрыс,– деп атам баланың ескерімділігіне қуанды. Бірақ мақтамады. Сыр бермеді. Тек дұрыс, дұрыс деумен шектелді. Мейірбек – 3 сыныптың озат оқушысы. Олимпиадаларға жиі-жиі қатысады. Жүлделі орындарға да ие болып жүр. Атам немересінің ұстазы Балагүл Есенова апайына да әркез разылық білдіріп отырады.
– Ту-у, сөзді бөле бермеңдерші? Ата, сонымен түнеп шықтыңыз ба? Және ауыл болып қонақ қондырмайтыны қалай?– деді Мерей қызы.
– Иә, түнеп шықтым. Таң біліне ояндым. Басыма жастаған етігімді
еңгезердей біреу тартқылады.
– Әй, бала, етігімізді алмастырайық,–деді дауысы гүрілдеп.
Ұшып тұрып киіндім де, есіктен атып шықтым.
– Әй, бұл қайсысың?– деп үй иесі сұрады.
– Студентпін ғой!– дедім.
– Ерте тұрдың ғой, дала борасын. Қар жауып тұр. Қай жерге баратын едің?
– Қаратерең ауылына...
– Ой-й, онда әлі де жүз шақырымдай жүру керек. Жата тұр, қазір шай қояды. Іш-қарныңды жылытып ал!
– Жо-қ, көке, жүре берейін. Тез кері оқуыма қайтуым керек.
– Ә-ә, онда жолың болсын. Дарияның оң қапталымен жорыт. Оң жаға қалың шылық. Қар жерге аз түскен болар. Келіп тұр, мен Махамбетжан деген атаңмын, кәсібім – машинамен киім-кешек тігу, ақы алмаймын, тегін. Қонақ жатырқамаймын, біздің үйдің есігі әркез ашық.
Ал Мерей, сенің сұрағың дұрыс. Қалаға, темір жол вокзалына баратын жаяу адам да, аттылы да, түйе керуені де осы ауылдың үстімен өтеді. Күні-түні дамыл жоқ. Тоғыз жолдың торабы. Әрі соғыстан кейінгі жүдеу ауыл. Бір-жар жолаушыны қабылдамаған болар. Солардың сөзі тарап кеткен-ау! Әйтпесе Қылышбай, Шындалы сияқты мырзалары көп.
Әңгіме аяқталды. Бірақ біріміз де орнымыздан қозғалмадық. Махамбетжан көкені ойладық. Пәлендей ірі іс тындырды демейік. Бірақ көңілі қандай аппақ. Жылы сөзін, өзгеге деген мейірімін айтсайшы!.. Әй, осындай ақ жүрек, қайыры көп адамдар көбейе берсе екен. Атам әлгі «хром етік» жайына қашан оралар екен деп алдағы әңгіме-хикаятын асыға күтудеміз.
Динара Сәпиқызы,
Арал қаласының тұрғыны