Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада күріш ұнын нан өнімдеріне пайдалануда

Қызылордада күріш ұнын нан өнімдеріне пайдалануда

  Қызылорда облысында агроөнеркәсіптіктік кешен саласында инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы аясында бірқатар жобалар іске асырылуда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласының өндірісіне инновациялық тәжірибені енгізу және кеңінен тарату болып табылады.
 Осы ретте, ағымдағы жылы «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғалымдары Қазалы ауданындағы «РЗА-Нан» ЖШС-де күріш ұнын нан-тоқаш өнімдерінде қолдану жөніндегі өз жұмыстарын бастап кетті.
Жоба барысында күріш ұнына зертханалық зерттеулер жүргізіліп, 10%, 15% және 20% күріш ұнтағы қосылған және гуар камедімен (тағамдық қоспа) байытылған нан үлгілері дайындалды.Дайын нан үлгілері бойынша сала мамандары мен қарапайым тұрғындар дегустация жасап, өздерінің оң бағаларын берді.
  «Күріш ұнын қосу арқылы дайындалған нан өнімдерінің өзіндік құны төмендейді. Бұл тиісінше нан бағасына айтарлықтай оң әсерін береді деп ойлаймыз. Бұл өз кезегінде, нан-тоқаш өнімдерін дайындауда, өңірімізде өндірілетін негізгі дақыл күріш салысын өңдеу барысында алынатын күріш ұнын таза бидай ұнымен қосып пайдалану арқылы өнімді терең өңдеу және азық-түлік өнімдері өндірісінің дамуына септігін тигізеді деп санаймыз», – делінген хабарламада.

kyzylorda-news.kz

15 маусым 2020 ж. 716 0