Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді

Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді

Шілде айынан бастап кейбір көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы өседі, бұдан бөлек, елде электр энергиясы қымбаттайды, спортсүйер қауым үшін де жақсы жаңалық бар.
Жаздың екінші айында Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енеді. sputniknews.kz елдегі жаңашылдықтарға шолу жасады.

Қазақстан қатаң карантинге оралуы мүмкін

29 маусым күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізді. Президент мемлекеттік комиссияға қатаң карантин енгізуге қатысты ұсыныстар әзірлеп енгізуді тапсырды. Тоқаев үкіметке бұл үшін екі күн уақыт берді.
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуын азайту үшін бүкіл республика аумағында төрт аптаға созылатын қатаң карантин енгізуді ұсынды. Ведомство басшысы Алексей Цой індетке қарсы күресте ең тиімдісі осы деп санайды.
Қатаң карантинге қатысты түпкілікті шешім жақын арада қабылданады.

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы

Қазақстанда шілдеден бастап сегіз және одан көп баласы бар отбасылардың жәрдемақысы ұлғаяды.
Бұған дейін олар жеті бала үшін ғана жәрдемақы алып келген еді.

13 мамырда президент қолданыстағы жәрдемақыны кеңейтуді көздейтін заңға қол қойды. Оған сәйкес, сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Аталған норма 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді.
Сондай-ақ, сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға қаңтар мен маусым айлары аралығындағы айырмашылық та төленеді.
8 және одан көп баласы бар отбасыларға арналған жәрдемақы
  • 8 бала үшін  – 88 896 теңге;
  • 9 балаға – 100 008 теңге;
  • 10 балаға – 111 120 теңге;
  • 11 балаға – 122 232 теңге;
  • 12 балаға – 133 344 теңге;
  • 13 балаға – 144 456 теңге;
  • 14 балаға – 155 568 теңге;
  •  15 балаға – 166 680 теңге;
  • 16 балаға  – 177 792 теңге.

Электр энергиясы қымбаттайды

Қазақстанда электр энергиясының шекті тарифі өсті.
44 энергия өндіруші ұйымның 34-інде тариф ұлғайған, 9 ұйымда бұрынғы деңгейде сақталды, ал біреуінде төмендетілді. Электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау 27 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Енді қазақстандықтар электр энергиясына орта есеппен айына 200 теңге артық төлейді.

Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталады

Биыл 12 тамызда парламент сенатының сайлауы өтеді. Тиісті жарлыққа ел президенті 12 маусымда қол қойған болатын.
13 маусымнан бері сенат депутаттығына кандидаттар ұсынылып жатыр. Ол 30 күнге созылып, 12 шілдеде аяқталады.
Үміткерлерді тіркеу тиісті құжаттар ұсынылғанына қарай басталып, 23 шілдеде тоқтайды.
Сайлау алдындағы үгітке 18 күн қарастырылған. 11 тамыз – тыныштық күні, ал 12 тамыз – дауыс беру күні.
Сайлау қорытындысы 18 тамызға дейін анықталады.

Футболдан Қазақстан чемпионаты

1 шілдеде коронавирус пандемиясына байланысты үш айға созылған үзілістен кейін футболдан Қазақстан чемпионаты басталады.
Шілденің бірінші күні үшінші турдың бірден бес матчы жоспарланған. Оның екеуін Qazsport телеарнасы көрсетеді.
Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты футбол матчтарына көрермендер мен БАҚ өкілдері қатыса алмайды.

Заңсыз қаруды онлайн тапсыру

1 шілдеде қазақстандықтардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталады.
Қару-жарақты өз еркімен тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне, оның техникалық жай-күйіне байланысты, комиссия шешімімен 10-нан 100 АЕК-ке дейін (27 780 теңгеден 277 800 теңгеге дейін) сыйақы төленеді.
Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыштарды ерікті түрде тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды.
Елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты заңсыз қаруды тапсыру үшін полицияға барудың қажеті жоқ. Тек полиция департаменттерінің сайтында көрсетілген "қауырт желі" телефонына немесе "102" номеріне хабарласса жеткілікті. Қаруды ішкі істер органдарының қызметкерлері өтініш берушінің мекенжайына барып қабылдап алады.

Темекі бағасы өсті

1 шілдеден бастап сүзгісі бар және сүзгісіз темекі мен шылымның ең төменгі бағасы 440 теңгені құрайды. Ал 2021 жылдың қаңтарынан 460 теңгеге дейін көтеріледі.
Бұған дейін темекінің ең төменгі бағасы 420 теңге болған еді.

Нұр-Сұлтаннан шығатын үш пойыз уақытша қатынамайды

Қазақстанда Нұр-Сұлтаннан Атырау, Орал және Алматыға баратын үш пойыздың қозғалысы уақытша тоқтайды.
Олар:
  • елордадан 1 шілдеде, ал Атыраудан 2 шілдеде шығатын № 19/20 "Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Атырау" пойызы;
  • "Нұрлы жол" вокзалынан 2 шілдеде, ал Оралдан 3 шілдеде аттанатын № 95/96 "Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Орал" пойызы;
  • Алматыдан 1 шілдеде, Нұр-Сұлтанның "Нұрлы жол" вокзалынан 2 шілдеде шығатын № 701/702 "Алматы-2 - Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол" пойызы.
Осы пойыздарға билет алған жолаушылар ақшасын толық қайтара алады немесе билетін басқа пойызға ауыстыру мүмкіндігі бар. Бағдарлар бойынша қосымша ақпарат алу үшін 105 нөміріне хабарласуға болады.


01 шілде 2020 ж. 530 0