Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазушы, журналист Айжарық Сәдібекұлы дүние салды

Жазушы, журналист Айжарық Сәдібекұлы дүние салды

Kyzylorda-news.kz. Орны толмас қаза Сыр жұртшылығын тағы есеңгіретті. Күні кеше ғана Әскербек Рахымбекұлындай алып жүректің тоқтағанын естіп, төбемізден жай түскендей күй кешкен едік. Бүгін ше…?
Желдей жылдам суыт хабар Сыр журналистикасының абызы Айжарық Сәдібекұлының мәңгілік мекеніне аттанғанынан құлағдар қылды. Мұндайда қалам шіркін де жүрмейді екен-ау. Өмір заңы деп өз-өзімізді жұбатқанымызбен, ақеден аға болмысын өлдіге қимай далмыз…
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» демекші, саналы ғұмырын шығармашылық салаға арнап, сырбаз мінезімен көптің жүрек кестесінде жатталған жанның жүріп өткен жолын қамыға отырып еске түсіреміз деп ойлап па едік.
Айжарық Сәдібекұлы – 1939 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, «Қармыс» елді мекенінде дүниеге келген. Арман жетегінде қияға қанат қаққан қағылез ұл Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған болатын. 1966-1971 жылдары аудандық «Жаңадария», «Сырдария» газеттерінде бөлім меңгерушісі ретінде алғашқы еңбек жолын бастаған қалам иесінің онан кейінгі кезеңдерде қызмет баспалдағы 1972-1997 жылдар аралығында облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») басылымында жалғасып, еңбекші хаттары, совет құрылысы, партия тұрмысы, саясат және қоғам бөлімдерінде тілші, аға тілші болып ізденімпаздағымен дараланды. Аталған басылымда өлшеусіз еңбек етіп, өшпес қолтаңбасын қалдырған Айжарық Сәдібекұлы бұдан бөлек, яғни 1993-2000 жылдар ішінде республикалық «Сұхбат» және «Түркістан» саяси газеттерінде Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін абыроймен атқарған-ды. Қаламның құдіретін ойлы оқырманға ұғындыра білген сала мақтанышы толымды туындылары арқылы өзін кітап сүйер қауымға мойындата алды.
Шығармашылық шыңын бағындыра білген абзал азамат тұңғыш әңгімесін облыстық газетте жариялап, тың ойларымен ерекшеленді. Руханият саласының көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан Айжарық Сәдібекұлы «Дария жыры», «Көктемін күткен ару», «Жүректегі жауһарлар», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Жұмыр жерде біз бармыз», «Ашық мұқитқа шыққан алып», «Дарияның тұмасынан қар боратқан», «Парасат майданы», «Бұрынғының адамдары» сынды еңбектерімен жұртшылық ықыласына бөленді. Қаламгер көзі тірісінде облыстық партия және комсомол комитеттерінің, облыстық советінің Құрмет грамоталарымен «Қазақстан Республикасының Конституциясының 10 жылдық медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен, облыс, қала әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қызылорда облысы әкімінің 2003 және 2009 жылдардағы стипендиаты.
Көркем әдебиеттің көрнекті өкілі қай кезде де туралықтың ақ туын биік ұстады. Жазушы ағамыз ізіне ерген рухтас жас буынға адал жолды нұсқап, қалам ұстаудың өзіндік қызығы мен қиыншылығы қатар жүретінін үнемі айтудан жалықпады.
Адам бұл фәниге қонақ. Өмір бар жерде қаза бар. Алайда қаламы қуатты қаламгердің берері әлі көп еді. Асылымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Артында қалған мол мұрасы уақыт алға озса да, қанша буын алмасса да ұмытылмайтынына сенеміз. Жатқан жерің жайлы, иманың жолдасың, алдың жарық болсын аға! Елің барда сіз де барсыз.
Марқұмның жаназа намазы 14 шілде күні сағат 11:00-де «Ақмешіт» мөлтек ауданы 23 үй алдында (4 кв.) өтеді.
«Сыр медиа» ЖШС ұжымы
13 шілде 2020 ж. 877 0