Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Антисептикті қолдан дайындауға да болады

Антисептикті қолдан дайындауға да болады

Вирустан сақтанудың ең қарапайым әрі тиімді тәсілі – тазалық және сақтық шаралары. Осыған байланысты бүгін антисептик құралдарының, яғни залалсыздандырғышты қолдан да жасауға болатын кеңестерді ұсынамыз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ

Жасыратыны жоқ, вирус пайда болғалы бері одан сақтанудың әдіс-тәсілдерінің тізбегі шыққан кезден бастап бетперде, антисептик сынды қорғаныш құралдарының бағасы шарықтап кетті. Кеселден сақтануды ойлап, халық оған қарап жатқан жоқ. Жаппай дәріхананың алдында кезекке тұрып сатып алуда. Ал осы залалсыздандыру құралын үй жағдайында дайындауға болатындығын білетін епті келіншектер де бар. Мәселен, Бану есімді қала тұрғыны антисептикті қолдан әзірлеуге болатын бірнеше әдісті ұсынды.
– Қазіргі жағдайда мамандар қолды жиі жууға немесе арнайы құралдармен залалсыздандырып отыруға кеңес береді. Алайда су мен сабынды үнемі жаныңызда ұстап жүре алмайсыз. Мысалы, автобуста, дүкендерде немесе кез келген сыртқы ортада сізге дейін қаншама адам жүріп өтті. Үнемі қолды жуып жүруге мүмкіндік болмаған жағдайда, қасыңызда алып жүретін қарапайым антисептик жасап алуға болады. Ол үшін 800 мл этил спирті, 42 мл  сутегі асқын тотығы (перекись водорода) 15 мл глицерин, 100-120 мл тазартылған су қажет.  Барлығын қосып, жақсылап араластырып алу керек және ауа кірмейтін ыдысқа (пластикалық бөтелке, т.б.) сақтаған дұрыс. Сөмкеге саларда көшеге алып шығуға ыңғайлы болу үшін кішірек және мейлінше сепкіші бар ыдысқа құйып алған жөн, – дейді ол.
Банудың ата-анасы – медицина мамандары. Бұл әдісті ата-анасы да растап отыр. Сондай-ақ гельді антисептикті жиі пайдалану қолдың тез қартаюына және құрғап кетуіне алып келеді. Сондықтан антисептикті өте жиі пайдаланатындар жұмсартқыш қасиетке ие эфир майынан, алоэ вера гелінен қоспа жасап алуына болады, дейді Бану. Медициналық спирт, алоэ вера гелі, кез келген эфир майын алып, таза ыдысқа алдымен медициналық спиртті құйып алу керек. Үстінен алоэ вера гелін қосамыз – ол қоспаны қою етіп, спирттің белсенділігін төмендетіп, қол терісінің құрғап кетуінен сақтайды. Мұқият араластырамыз. Араласқан қоспаға 10 тамшы эфир майын қосу керек. Залалсыздандырғыш гель үшін микробтарды жоюға қарсы құрылымы бар майлар қажет: жалбыз майы, даршын (корица), жебіршөп, тасшөп (тимьян), қалампыр. Барлық қоспаны мұқият күрекше секілді затпен араластырып алу керек. Нәтижесінде қою біртекті қоспа пайда болады. Қоспаны пластикалық бөтелкеге салып сақтаған дұрыс немесе аузы кішірек, сепкіші бар ыдыс та жарайды.
Эфир майларының көмегімен спиртсіз-ақ антисептик жасауға болады. Спиртсіз антисептик көптеген өсімдіктердің эфир майлары жарақаттың тез жазылуына әсер етеді және антисептикалық қасиеті бар әрі қышыманы басуға қауқарлы.
– Құрамына спирт қоспай да залалсыздандырғыш зат жасауға болады. Ол үшін бізге  тазартылған су, 1 ас қасық алоэ вера гелі, 10-12 тамшы қалампыр (гвоздика) майы, 10-12 тамшы эвкалипт майы, 10-12 тамшы гүлшетен майы (розмарин), 20 тамшы лимон немесе апельсин майы керек болады. Барлық қажетті заттарды қосып араластырып, жақсылап шайқаған соң қолдана беруге болады, – деген кеңес берді Бану.
Антисептиктер жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қолданылады. Бірақ оны өте көп пайдаланудың зиянды екенін де білген жөн. Ол зиянды бактерияларды жоя отырып, керісінше, қажетті, пайдалы, ағзаны қорғаушы бактерияларды да жойып жіберуі мүмкін
25 шілде 2020 ж. 842 0