Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 9 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

9 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

Қазақстанда құрылысшылар күні Жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі. Мереке 1956 жылы пайда болды. Құрылысшылар күнін Қазақстаннан бөлек, бұрынғы советтік кеңістіктегі Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Қырғызстан да атап өтеді.
Дүниежүзілік кітапсүйер қауымның мерекесі Көптеген мерекелер белгілі бір мемлекетте пайда болып, ұлттық мәртебе алады. Уақыт өте келе кеңінен басқа елдерге де тарап, халықаралық сипатқа ие болады. Сондай мерекелердің бірі – АҚШ Ұлттық кітапсүйерлер күні. Бұл мереке АҚШ-та пайда болып, кейін бірден әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Қазір оны көптеген мемлекеттер атап өтеді. Бұл күнді жазушылар, ақындар, әдебиетшілер пен баспагерлер, кітап дүкендері мен типография қызметкерлері, оқырмандар тойлайды.
Әлемнің байырғы тұрғындарының халықаралық күні 1994 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы белгілеген. Осы күні 1982 жылы БҰҰ жанында байырғы тұрғындар бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оның мақсаты байырғы тұрғындардың құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 1994 жылы Алматыда ҚР Ұлттық банкінің мемлекеттік қоймасының іргетасы қаланды. 2000 жылы Қазақстан Республикасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының (ағыл. United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization – UNESCO) арасында білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы достастық жөніндегі меморандумға Қазақстан Реcпубликасының вице-премьері И.Тасмағамбетов және Ф.Майор қол қойды.
2002 жылы Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Үндістанды зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталық Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы мәдениет және білім беру саласындағы тығыз қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ету мақсатында құрылды. 2011 жылы Алматыда «ашық жүйелер» мен «бұлттық есептеулер» ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды, оның жұмысы бүкіл әлемде тез дамып келе жатқан «бұлттық есептеулер» мен «ашық жүйелер» деп аталатын инфокоммуникациялық технологиялардың жаңа бағыттарын енгізуге бағытталған.
2012 жылы Алматыда ҚР Ғылым академиясы Геология институтында академик Уфа Ахмедсафиннің туғанына 100 жыл толуына арналған көркем пошта маркасы айналымға енгізілді.
2013 жылы отандық ғалымдар ғылымдағы барлық соңғы жаңалықтардан хабардар болып отыруы үшін Қазақстандағы барлық ғылыми және білім беру ұйымдары «Томсон» және «Эльзевир» әлемдік деректер базасына қосылды. 2013 жылы Жамбыл облысында Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансұлттық дәлізінің жаңа бөлігі ашылды. Меркі ауданында бірінші санатқа жататын төрт жолақты 48 километрлік күре жол пайдалануға берілді.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода белгілі спорт журналисі, жазушы, спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының (AIPS) арнайы сыйлығына ие болды.
2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының Меценаттар клубы құрылды. Оның құрамына қаланың 57 ірі бизнесмені мен кәсіпкері кірді. Оларға мектеп, балабақша салу, футбол алаңқайларын абаттандыру, мектеп, бақша, медицина ұйымдарын цифрлық қондырғылармен жабдықтау секілді ірі инфрақұрылым жобаларын іске асыру ұсынылды.
2017 жылы «Отар» 40-шы әскери базасында Халықаралық армия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Оған Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия, Армения елдерінің командалары қатысты. Жарыстың үш конкурсы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы бірінші орынды иеленді.
2017 жылы Ақмола облысында «Құмай» этнографиялық паркі құрылды. Хронологиялық аясы төрт мың жылды қамтитын парк Қазақстандағы алғашқы көп компонентті мәдениет кешені болды. Ол Қазақстанның Қасиетті орындар картасына кіргізілді.
2019 жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Еуразиялық экономикалық комиссия қаржы нарығын реттеу, қаржы қызметін тұтынушылар және инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаржы технологияларын дамыту бойынша ынтымақтастық шараларын қарастыратын бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.
https://www.inform.kz/
09 тамыз 2020 ж. 437 0