Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерді кебенек ішінде таны (Болған оқиға ізімен)

Ерді кебенек ішінде таны (Болған оқиға ізімен)

Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы да. Иә, ел намысы үшін ерлікке бара алар азаматтарды кебенек ішінде танып-білу аса маңызды. Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебенек ішінде таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан-дүниесіне, іс-әрекетіне байланысты бағалау, сынау орынды деген тәмсіл.
Ер – ел басына күн туғанда сыналса, сондай сынақтың бірі – өткен ғасырдың соңына таман кеңестік дәуірдің аяқталар шағында тарих сахнасында дүниеге келді. Ол сынақ – 1991 жылдың тамыз айының 17-18 күндері «Тамыз бүлігі» деген атпен тарихқа енген-ді.
Сол күндері Кеңес үкіметі үшін тағы бір мемлекеттік төңкеріс, яғни революция тым жақын қалған-ды. Халық сенделіп кетті. Кімнің кім екені, ескі сана мен жаңаның жақтаушылары жіктеле бастады. Осындай ел басына күн туған шақта бар үмітіміз тек бүгінгі Елбасы Н.Ә.Назарбаевта болатын. Біз үміт күттік. Ел үміт күтті. Осы бір ауыр күндері «Ереуіл атқа ер салып», ақырып теңдік сұрап жүрген «Азат» қозғалысы мүшелері де үміттеніп қана қойған жоқ. Елбасы саясатын қолдап, төңірегіне топталды. Еліміз  үшін идеологиялық майданға шықты.
«Азат» қозғалысы Қызылорда облыстық үйлестіру кеңесінің шұғыл жиыны өтіп (сол кезде мен облыстық үйлестіру кеңесінің мүшесімін – Н.Ж.), халыққа: «Еліміз үшін осы бір тағдырлы кезеңде азаматтарды заңды сайланған халық өкіметі институттарын қолдап, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төңірегіне топтасуға, республикамыздың Конституциясы мен мемлекеттің егемендігі туралы Декларациясына адалдық сақтауға шақырамыз!.. Диктатураға – жол жоқ! Заңды сайланған Үкіметті қолдаймыз!
Қызылорда облыстық «Азат» қозғалысы, – деп жер-жерден еріктілерді Алматыға жинауды ұйымдастырғанымызды бүгінде екінің бірі біле бермес! Кешкілік шұғыл жиыннан бір бума «Азат» газетін құшақтап, қоғамдық көлік – автобустың алдыңғы жағынан мініп, газетті халыққа таратпақшы боп: «Ағайындар, бауырлар! Төңкеріске жол жоқ! Егемендігімізді, елдігімізді сақтап қалу жолында топтасайық! Газетті алыңыздар, оқыңыздар!» – деп айқай салайын кеп.
Қызық болғанда, менің айқайымды естіген, жұмыстан қайтқан халық артқа қарай ығыссын! Қарасам, жанымда тек бір қарт кісі ғана қалыпты. Байғұс қария: «Балам, абайлашы! Абайлашы!...» – дей берді ақырын.
Бұл көрініс алғашында көңілімді пәс етіп, әл-дәрменнен айырылып қалардай аяқ-қолымды қалтыратқанымен, кенет есіме әлдене түсіп, қайта қайраттанып кеттім.
Иә, бұл сәт елдікті, ұлт мәселесін көтеруде аса қатерлі болғанымен, намыс отының шарпыған кезі еді. Қатерлісі – Кеңес үкіметі ұлт мәселесіне тым үрке қарап, сақтанатын. «Намыс отының шарпуы» – Желтоқсан оқиғасынан кейін басылып-шаншылып қалған қазақ халқынан басқа ұлттар «ұлттық майдандарын» құрып, әлемге азаттық сүйгіш, рухы биік ел екендіктерін паш ете бастаған-ды. Сол сәтте бүткіл дүниеге қазақтың да үні естілуі тиіс болатын. Сірә, осы есіме түсіп, қайраттанып кеттім-ау! Газетімді келесі аялдамадан түсіп бара жатқан әлгі қариядан басқасы алмады. Шын мәнінде, қорықты!..
Көңілім құлазып, бір досымның үйіне келсем, біраз жігіттердің басы құралып, теледидар алдында отыр екен. Бірсыпырасының жүзі жабырқаулы. Теледидардан симфониялық оркестр бір азалы әуенді орындап жатыр.  Мені көргенде, кейбірінің жүзі қатуланып шыға келді. Арасынан бүгінде көрші ауылдың бірінде әкім болып істейтін ұзын бойлы сары жігіт:
– Ә-ә, «Азат», келдің бе?! Сенің дәуірің, демократтардың дәуірі өтті де кетті! Енді біздің, яғни коммунистердің дәуірі қайта оралды! Бәріңді құртамыз! – деді тістене.
Күні бүгінге дейін сыйлас боп келген жерлесімнің табан асты күрт өзгеріп шыға келгеніне қатты таңғалдым. «Ау, біз туыс емеспіз бе?! Табан асты не болып қалды?!» – дегендей, басымды бір шайқап, сыртқа шыға жөнелдім. Бейне отызыншы жылдардағы жендеттерді көргендей болдым. Қаным басыма шапты. Біразға дейін өзіме-өзім келе алмадым. «Жыртық үйдің де құдайы бар» деген, көп ұзамай «Тамыз бүлігін» ұйымдастырған «ГКЧП»-нің де аяғы аспаннан келді. Алайда, әлгі жігіттің қылығы ойымнан кетпей-ақ қойды.
Осылайша, әрі-сәрі боп жүрген сәтімнің бірінде ауылдасым, ізіме ерген күрескер інімнің бірі – Аманқос Базар үйге келіп:
 – Нұреке, мен Ленинск (ол кезде Байқоңыр қаласы осылай аталатын – Н.Ж.) қаласынан мықты жігіттерді жолықтырдым. «Азат» қозғалысы туралы білгісі келеді. Халыққа кеңінен түсіндіру үшін жергілікті телевидениеге шақырып жатыр. Сіз жөнінде жақсы таныстырдым, – деді.
Межелі уақытта, яғни күзде Ленинск қаласына жеттік. Біз үшеуміз. Мен, Аманқос Базар және қазалылық қыз Тілектес Қоразова. Бізді бір жігіт қарсы алды. Таныстық. Аты-жөні – Шәкизада Әбдікәрімов. Телевидениеде қызмет атқарады екен. Әрі ақын көрінеді. Тікелей эфирге шықтық. Хабарды жүргізуші журналист жігіт арнайы сенсациялық сұрақтарға дайындалған екен. Сауалы ұлтаралық, дінаралық шиеленіске әкеп соқтыратын нағыз құйтұрқылықтарға толы. Амал нешік, ауыртпалықтың нар жүгін аса сақтықпен көтеруге тура келді. Өйткені сәл нәрседен қателессең-ақ, шовинистердің шамына тиіп кетерің сөзсіз-тұғын.
Бар білім-парасатымызды  пайдаландық. Небір құйтұрқы сұрақтарға «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», яғни өзімізді де, өзгені де ренжітпей, ұлттық мүдде тұрғысынан байыпты жауап бердік. Сұхбат өте сәтті шықты. «Азат» қозғалысының барлық мұрат-мүддесін бүкпесіз баяндадық. Сұхбат аяқталған соң, Шәкизада өте риза кейіпте қолымды қысты. Жігіттер шығарып салып тұрғанда Шәкизада:
– Нұреке, екі-үш айдан соң, Ленинскіде «Азат» қозғалысы жергілікті ұйымының құрылтай жиналысын өткіземіз. Міндетті түрде келіңіздер, – деді қолымды қайта-қайта сілкілеп.
– Шақырсаңыздар, келеміз, – дедік, ризашылығымызды білдіре таксиге мініп жатып.
Таксимен темір жол вокзалына қарай жүйткіп келеміз. Байқаймын, көлік жүргізушісі кавказдық не түрік жігіті көліктің алдында отырған маған біртүрлі ойлана қарағыштай беретін секілді. Мен мұны аңғарсам да, үнсізбін. Бір кезде шыдамады-ау деймін:
– Сіздерді жаңа ғана теледидардан көрдік. Тікелей эфирден,– деді.
– Солай ма?! – дедім, мен де қазақша тап-таза сөйлеп тұрған жігітке таңдана қарап.
– Сіздерді, «Азат» қозғалысының мүшелерін сұхбат береді деген хабар әп-сәтте қалаға тез тарап кетті. Біз «Азат» қозғалысы дегенде, көруге құмарттық. Таксопарктегі теледидардың алдына, әсіресе, орыстар көптеп шоғырланып алып, бір сөздеріңізді де қалдырмай аудартып отырды. Бірақ, артынан сіздерге қатты риза болды. Тіпті, бір орыстың «Бұларды КГБ жіті бақылап отыр»  дегенін де естіп қалдым, – деді таксист күрсіне.
«Апыр-ай, бір сөзден жаңылғанда, өте абыройсыздыққа душар болып, ұлтымызға үлкен зиян жасап алады екенбіз-ау!» –деп іштей қатты қобалжып кеттім.
Осылай ойланып отырғанда, вокзалға да келіп қалыппыз. Түсерде таксист жігіт:
–Қазақстан жеке мемлекет болып кетсе, біздің халық та қауіпсіз өмір сүрер еді!... – деп, тағы да бір күрсініп қалды. Бойында үрей де бар сықылды.
– Айтқаның келсін! – дедім арқасынан қағып.
Ол еріксіз басын изеп, жүріп кетті. Іштей: «Депортацияға ұшыраған халықтың өкілі-ау!» – деген ой келді.
Үшеуіміздің де арқамыздан үлкен жүк түскендей, қуана вокзалға кірдік. Мұндағылардың көпшілігі бізге қарайтындай. Сірә, жаңағы бір сәтте баршасы бізді теледидардан көрген секілді. Әлде бізге солай көрінді ме екен?!
Вокзалдағыларға асықпай көз жүгірте бастағанымда, «Мәс-саған! Құдайдың құдіретіне шек бар ма?!», баяғы «Тамыз бүлігінде» мені құртпақшы болған ұзынтұра сары жерлесім көзіме оттай басылды. Мені көріп, түрі бұзылып кетті. Түк болмағандай жалма-жан амандасып жатыр.
– Ассалаумағалейкум!
– Әликумссалам!
– Жаңа ғана теледидардан сұхбатыңды көрдім. Өте тамаша!..
Мен жерлесімнің жүзіне үңіле қарадым. Бірдеңеге ыңғайсызданатын секілді. Бойында үрей де бар ма қалай?!.. Не деген екіжүзділік! Не деген аярлық!. Менің ештеңе дегім келмеді. Тек «Рақмет!»  деуге ғана аузым барды. Бұрылып жүре бердім. Көп ұзамай, 2 желтоқсан күні Ленинскіде (бүгінгі Байқоңырда) «Азат» қозғалысының жергілікті ұйымы құрылды да, артынша 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады.
Ұлы Далаға келген мұндай бақыт нұрын кебенек кигендердің ішінде шын көңілімен де, немқұрайлы да қарсы алғандары жетіп артылды. Тек кебенек кигендердің арасынан нағыз ерлерді тани білген жөн мұндайда.
Осы бір тарихи сәтте мені өзіне қатты тәнті еткен кебенек киген ер-жігіттің бірі Шәкизаданың іс-әрекеті болды. Ұйымды құрар сәтте Ленинскінің ең маңдайалды театрында Ресейден келген делегаттардың да өте маңызды жиналысы өтуі тиіс болатын. Ресейдің сол жиналысын басқа жерге аудартып, орнына «Азат» қозғалысының жиналысын өткізудегі Шәкеңнің өткірлігін, шешендігін, ақыл-парасатын көріп, қатты таңғалдым. Жиын соңын қазақша  концертпен аяқтатуы – бір ауыз қазақша сөз айтылмайтын қала үшін де өз алдына бір төбе рухани сілкініс болды.
Иә, бүгінде білгіш те көп, айтқыш та көп. Солардың басым көпшілігі сол бір сәтте жағдайға қарап, аса сақтықпен  қимылдап не болмаса «ГКЧП-ның» қаһарына ұшырамас үшін орыс шовинизмінің көркін қыздырмақшы боп, өз халқына қарсы жалын күжірейтіп шыға келген ұзынтұра сары сықылдылардың да көп болғаны баршаға аян.
Бүгінгі күні қоғамымызды жайлап ап, мемлекеттігімізге үлкен қауіп әкеліп отырған жемқорлық дертінің негізі де кебенек ішіндегі Отанын сүйер ер-жігіттердің азайып кетуінен-ау! Қалай десек те, «Ерді кебенек ішінде таны» демекші, Шәкизада Әбдікәрімов сынды азаматтарды танып, елдігіміз үшін жіті пайдалана алсақ, тәуелсіздігіміздің нығая түсері де хақ.
Нұрбай ЖҮСІП,
Арал ауданы
18 тамыз 2020 ж. 925 0