Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеке куәлікті ауыстыратын уақыт келді ме – мамандар кеңесі

Жеке куәлікті ауыстыратын уақыт келді ме – мамандар кеңесі

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке куәліктер мен төлқұжаттардың мерзімін жиі тексеріп, уақыты таяса, оны ауыстыру үшін ХҚО-ға кезекті алдын ала брондап қою керектігін ескертеді.
Жеке басты куәландыратын құжаттар – жеке куәлік пен төлқұжат 10 жылға берілетіндіктен, адамдар көбіне оның мерзіміне қарауды ұмытып кетеді. Тіпті мерзімі өтіп кеткен құжатпен жүре беретін, кейін «әттеген-ай» деп сан соғып қалатын жағдайлар да жоқ емес. Және мұндай бейқамдыққа әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кету керек, эпидемиологиялық жағдайға байланысты еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару үшін кезекті алдын ала брондау тәртібі енгізілді. Сондықтан құжат мерзімін тексеріп, уақыты таяса, оны ауыстыру үшін алдын ала қамданып, кезекті брондап қойған жөн. Мемлекеттік қызметтердің дені электрондық портал арқылы ұсынылса да, тек қағаз жүзінде берілетін қызметтерге де сұраныс жоғары, сондықтан ХҚО-ға кезекті брондау қарқыны да үлкен. Бұл тұрғыда еске салайық, ХҚО-ға кезекті брондау қызметі тегін және ресми түрде egov.kz порталы, телеграм-бот EgovKzBot2.0 қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы ұсынылады.
Жеке басты куәландыратын құжатты мерзімі өтуіне, аты-жөнін өзгертуіне, құжаттың зақымдалуы мен жоғалуына байланысты қайта алу үшін Қазақстанның кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады, бұл орайда азаматтың қай жерде тұратыны және қай мекенжайда тіркелгені маңызды емес. Ал жеке куәлікті алғашқы рет алатын азаматтар, яғни 16 жасқа жаңа толып жатқан тұлғалар тіркелген тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға баруы тиіс.
kyzylorda-news.kz
21 тамыз 2020 ж. 325 0