Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өкініш

Өкініш

Уақыт шіркін қашанда өз дегенімен жүреді-ау. Жылжыған жылдар мен асыққан айлардың еншісінде қанша адамның ғұмыры өтуде. Әр адамда әртүрлі оқиғалар мен әр түрлі тағдыр.
...Қоңырау шыр етті. Таңның да атуы неткен тез еді деп бұртиып, жолға жиналған Меруерт бояуларын қолына алып, айна алдында әсемденуге көшті. Бетіне жағылмаған бояу қалмады. Әрине бұлай әдеміленуінің де себебі бар.
Алғашқы студенттіктің тәтті шағын өткізуге дайындығы емес пе? Кішкене ғана сөмкеге бар бояуы қалай сыя кетті деңізші? Екі дәптері мен қаламсабын қолына ұстап, университетке қарай келеді. Жаңа достар мен жаңарған орта. Жаңашыл оқу жүйесі тағы бар. Алғашқы пәнге келген Әсия апайдың сабағынан гөрі, айтар әңгімелері қызықты еді. Жай әңгіме емес болған оқиғаны айтып берген кезде, құдды кейіпкердің орнында болғандай әсермен жеткізетін. Әңгімелеріне қалайша сүйсінбейсіз? Сондай бір естелік әңгіме Меруертке ерекше әсер етті.
...Әсия апайдың әр сөзіне сүйсінбеу мүмкін емес. Неткен әсерлі әңгімелер айтады екен? Менде де апай сияқты әңгіме айта алардай шеберлік болса ғой?.. Әсіресе апайдың университет қабырғасындағы мұғалімнің басынан өткен, адамға ой саларлық оқиғасы ұнады.
Кафедраға келген Ғайша апай Әсия апайға өзегін өртерлік өкінішті оқиғасын баяндап берді. Өткен жылдарға көз жүгірткендей, апай бір сәт үнсіз қалды.
...Ол кезде жас едік қой.. деп ауыр күрсінумен бастады әңгімесін. Менен көбі «неге тұрмысқа шықпайсың, өмірдің мәні жұмыс емес, карьера саған өмірлік жолдас емес» деп сын айтқандардың санында шек болмады. Бірақ ешбірін елемедім. Тек жұмыс деп жүріп жылжыған жылдар мен асыққан айларға ие бола алмай қалдым. Мың мансап пен жұмыс жолында өмірлік жолдасты еш ойламадым. Осы университетке мұғалім болып келгенімде, 23 жасар жас қыз едім. «Кәрі қыз» болуымның естеліктері осы оқу орны қабырғасында қалып кетті-ау. Мен жұмысқа орналасқан жылдары өзіммен қатар Лиза апайларың да осында орналасқан. Оның да жасы менімен шамалас, екі жас кішілігі бар. Өзі тұйық еді. Ашылып әңгіме айта бермейтін. Керісінше, мен Лизаны әңгімеге араластырып, сөйлететінмін. Менің 1995 жылы декан орынбасары болып дәрежем өсіп, Лизамен араласуды азайттым.
Солай мансаптың мінбесінде жүріп, отызды орталап қалғанмын. Тап осы кабинетте томаға-тұйық, тымсырайып отырған Лизаны көріп, қасына кеп отырғаным сол еді, кенет ішке Дәмеш апай кіріп келді. Ол апайды сендер танымайсыңдар. Өзі сондай жайсаң, мінезі жуас апай еді. Әрдайым көмекке ұмтылып, жан-жағын жадыратып жүретін. Сол апай қасына оқшаулау шақырып алып, «Ғайша, жұмысың қалай, бәрі жақсы ма» деп егжей-тегжейлі сұраққа ала бастады. Кенет қолымнан ұстап:
– Ғайша, бұл жүріс қыз балаға жараспайды. Жан-жағыңа қарашы, қалқам. Бәрінің жары мен балалары бар. Тіпті сенің жасыңдағылардың немересі бар шығар. Дұрыс, карьера деп жүрген шығарсың. Ол да жөн. Алайда мына біздер, әйел заты үшін басты нәрсе – отбасын құру, қарағым. Сондықтан ойлан, айналайын. Әй, сенің жасыңдағылардан бойдақ адам да қалмаған шығар, – деп маған күліп те қояды. Ал мен сені сондай жақсы адаммен таныстырсам ба деп жүргем. Әрине, көкем, өзің келіссең, – деді.
Негізі менің жасым тұрмыс құрудан асып кеткендіктен бе, ондай отбасылық өмірден күдер үзгенмін. Содан ол жігіт жайлы сұрайын деп бірден «не жұмыс істейді» деп дөп қоя салдым. Апай да жауап беруге ұялып, «жай құрылысшы ғой» деді.
Е-е-е-е-е.... Ол кезде жастықпен жоғалтқан соңғы мүмкіндік еді ғой. Мен өзім білдей бір оқу орнының билік бұрышында отырған соң ба, менсінбеушілік мінезімнің кесірінен жай жұмысшыны жарым ретінде тіпті елестете алмадым да. «Апай, мен осынша мансапқа жеткенімде, жай жұмысшыға мені қалай қиясыз» деп күліп, кабинеттен шығып кеттім.
Содан бері Лизаға қарап қызығамын. Мен таныспаған жігітпен Лиза апайың танысып, дұрыс шешім қабылдады. Сөйтіп Лиза апайың маған бұйырмаған бақытпен отбасын құрып, жай жұмысшыны танымал табыскерге айналдырып алды. Сол жігітті өз қаражатымен оқуға түсіріп, қазір 3 баланың анасы, 7 немеренің әжесі болып отыр. Бір қызығы, мен отырған лауазымда қазір сол Лиза апайың...
Үнсіз ғана өксігін көрсеткісі келмеген Ғайша апай терезеге телміре ұзақ қарады да, «Әне, Лиза апайың күйеуімен қандай бақытты!» деген күйі есіктен шығып кетті.
Не істерімді білмей қалдым. Екі жағымда екі тағдыр өтіп барады. Оң жағымда – өміріне өкініші жоқ, немереге асыққан, кеш те болсын аяулы жар сезімін сезінген Лиза апай. Ал сол жағымда – жай жұмысшыны жөн көрмей, бүгін соған зар болған Ғайша апай...
Нұрай Әмірханова
25 тамыз 2020 ж. 1 311 0