Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірім

Мейірім

Рабиға әже бүгін ерекше қуанып оянды. 80 жасқа толған әженің құжат бойынша туған күні деп осы күн белгіленген. Нақты болмаса да, анасы «қауын пісікте тудың» деген екен. Қауын пісік дегені күздің алғашқы айлары болар деген болжаммен осы күнді белгілеген. Сынаптай зырғыған уақыт. Рабиға әже өмірдің талай өткелінен өтті. Тағдырдың бұралаң жолдарымен жүрді. Сол күндер бүгін көрген түстей өте шықты. «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы шығар. Міне, бүгін балалары оның туған күнін тойханада дүркіреп атап өтпекші. 
– Апа, неге ерте оянып алғансыз. Әбден тынығып алмадыңыз ба? Кешке той. Шаршап қаласыз ғой, – деді Рабиға әжейдің тұрып алғанын көрген үлкен келіні Айжан.
– Ой, балам-ай! Қартайған адам ұйықтаушы ма еді. Бізден ұйқы қашқалы қашан. Оның үстіне сендер тынбай әзірлік қылып жатсыңдар. Тым болмаса бесіктегі баланы тербетсем де бір көмегім тисін де, – деп, Рабиға әже сығырайған көздерін төмен салып, жан-жағында қаумалап жатқан немере, шөберелерінің басынан сипап қояды.
Келіні жымыйып: – Ай, апам-ай! Қарттыққа мойынсұнбайсыз-ә! Сіздің он бес келініңізден тірлік қалған ба?! Бәрін дайындап тастап, енді өздері әрленіп жатыр, – деді.
Белгіленген уақыт та таяп қалды. Рабиға әже әдемі камзолын киіп, әшекейін тағынып, дайындық қылып отыр. Жүрегі ерекше толқу үстінде. Қуаныштан көзінің жасын да сығып алды.
«Е-е, Жаратқан, шүкір, шүкір» деп іштей күбірлеп қояды. Әженің өңіне қарап, сексенге келді деп ойламайсың. Қимылы ширақ, өзі қуатты. Құлағы да жақсы естиді, таяққа да сүйенбеген. Тек көзі алысты көрмейді. Бірақ көзілдірік кигісі жоқ. Балары емдетпек те болған, «қарттықтың қылаңы, жанымды қинамаймын», – деп көнбей қойды. Жақсан атамен 17 жасында бас қосқалы отыз жыл бір шаңырақтың астында бірге өмір сүрді. Бақилыққа шығарып салғалы кенже ұлының шаңарағында тұрады.
Шақырылған қонақтардың да алғашқы легі көрінді. Әне-міне дегенше той да басталды. Қымбат тойхана, аста-төк дастарқан, асаба мен әнші бишілер тойдың сәнін кіргізді. Қонақтардың бәрі әжені мерейтойымен құттықтап, лебізін жеткізуде. Би де биленді, ойын да ойналды. Бәрі мәре-сәре. Қызықты тойдың бітер уақыты да таяп қалды. Той төріне балалары шақыртылды. Аллаға шүкір, апамыз өніп-өскен жан еді. Жиырма ұл мен қызы, келіндері мен күйеу балалары, елуге тарта немере-шөберелері шыға келгенде қарақұрым бір қауым ел болды. Әрине жиырманың бәрі өз құрсағынан шықпаған. Өзі бес бала өмірге әкелген-ді. Қалған он бес бала жетім қалған жандар еді. Рабиға әже әкеден туған төртеу болатын. Солардың ортасындағы жалғыз қыз болды. Кейінірек екі ағасы ауырып қайтыс болды. Көп уақыт өтпей жатып, жеңгелері де бақилық болды. Қос бауырдан қалған тоғыз баланы Рабиға әже қанатының астына алды. Арада екі жыл өтпей жатып, қайын інісі мен келіні сүзекпен ауырып қайтыс болды. Олардың артында да аңырап алты жетім қалды. Мейірімді ана осы қиын сәтте де қарап қалмады. Тәуекел етіп, оларды да өз шаңырағына алып келді. Бағып-қағып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Оқимын дегенін оқытты, жұмыс істеймін деп ынталғанына жұмыс тапты. Бәрі ел қатарына қосылып кетті. Ешбірі жаманшылығын көрсеткен жоқ. Бүгінгі тойды да жасап беріп жатқан осы балалары.
Асаба сөз тізгінін әулеттегі үлкен ұл Мықтыбайға ұсынды.
– Апа... Мен бүгін ерекше толқып тұрмын, анашым. Өткен өмірімнің бәрі көз алдыма келді. Сіз бізді қалай бағып өсірдіңіз? Нағыз еңбектің үлгісін көрсеттіңіз ғой, анашым. Мені өмірге әкелмесеңіз де, туғаннан кем көрмедіңіз. Сіздің мейіріміңіздің арқасында жетім екенімді сезінген жоқпын. Ортамда кеудемді биік ұстап жүрдім. Біз ол кезде қазіргідей зәулім үйде тұрған жоқпыз. Неше түрлі көйлек кимедік, дәмді тамақ ішпедік. Бірақ көңіліміз тоқ, өзіміз еркін өстік. Анамызды сағынғанда, алдыңызға жата кетіп еркеледік. Ал сіз сондай мейірммен көңілімізге қарап, маңдайымыздан сүйдіңіз. Жиырма жан бір дастарқаннан дәм татып, бауырмалдылыққа үйрендік. Нағыз отбасы құндылығын түсініп өстік. Сол үшін сізге алғысымыз шексіз, – деді де, дауысы дірілдеп әрі қарай сөйлей алмады.
Бұл – Рабиға апаның үлкен ағасының тұңғышы болатын. Мұнан соң ортаға қыздың үлкені – Айбарша шықты.
– Бүгін біз үшін ең керемет күн болып отыр. Жаңа Мықтыбай өте жақсы сөздер айтты. Иә, апа сіз бізге өгейлік көрсетіп, қатал мінез танытпай өсірдіңіз. Өзіңіз күні-түні ұйқы көрмей, бізге нан табу үшін жұмыс жасадыңыз. Жадымызға жақсы ақыл мен тәрбие сіңірдіңіз. Сіздің арқаңызда біз келін болып түскен шаңырағымызда келіндік міндетті абыроймен атқардық. Қатардан кем қылмай төсек-орын беріп, құда шақырып, той қылдыңыз. Сол үшін әкем екеуіңіздің еңбегіңіз ерек. Бірде мен жолдасыммен сәл ренжісіп қалдым. Содан апама келіп шағымдандым. Жастық қой. Сонда апамның айтқан сөзі әлі есімнен кетпейді: «Қызым, сен енді сол елдің адамысың. Жанұяда түрлі жағдайлар болады. Енді бар да, күйеу баланың жақсылап шай, тамағын беріп, ата-енеңе қызметіңді қыл» деп қайтарып жіберді. Осыдан-ақ мен анамның қандай парасатты әйел екендігін ұғындым. Оған жаман атақ әкелмейін деп, өз отауымда келіндік қызметімді абыроймен атқардым. Міне, анамыз біздің осындай адам, – деп сөзін қорытындылады.
Бұл сөздерді естіген көпшілік қол соғып, қошемет көрсетті. Кенет елеусіздеу жерде тұрған Сержан да жайлап ортаға келді. Ол Рабиға әженің тұла бойы тұңғышы болатын. Ойланып ұзақ тұрды да:
– Апа... Менің сіз сияқты анам болғаны үшін рақмет. Бала күнімде көп нәрсенің сырын да, қадірін де түсінбедім. Кейде сізге ызам келетін. Неге бізді, өзінің туған баласын жақсы көрмейді деп ойлайтынмын. Неге бізге көбірек тамақ, жақсырақ киім кигізбейді, бәрімізді бірдей санайды деп ашуланаты едім. Мен ақымақ болған екенмін. Балалық болар, бәлкім. Уақыт өте келе есейдім. Дүниенің сырын ұқтым. Бауырларым маған қиналғанда сүйеу болды. Жұмылып жұдырық болып, талай шаруаны тындырдық. Анамыздың бізге жақсы тәрбие мен адал ас ішкізгендігінен болар, біз де ел тұтқасын ұстар азамат болып өстік. Мен бүгін көпшіліктің ыстық лебізі мен анама берген бағасын естіп, кеудемді мақтаныш кернеп тұр. Нағыз бақытты перзент екенмін, – деді де, төрде отырған анасының жанына барып қатты құшақтап алды. Мұнан соң балаларының бәрі анасын қоршай алып, құрмет көрсетіп жатты.
Қарт ана көзіне жас алды. Бұл – қуаныштың жасы еді. Жаны мейірімге толы ана өзінің ұрпағын көріп, еңбегінің қайтқандығына қуанды. Оларға тойға келген қонақтар орындарнан тұрып, қошемет көрсетті.
Назерке Марат
08 қыркүйек 2020 ж. 1 161 0