Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде күніне қанша маска шығарылатынын білесіз бе?

Елімізде күніне қанша маска шығарылатынын білесіз бе?

Бұл туралы Үкіметте өткен онлайн отырыс кезінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

Медициналық маскалар өндіретін отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска шығарады. Бүгінгі күні қоймаларда 15 млн маска бар. Оның ішінен 10 млн масканы «СҚ-Фармация» ЖШС-не контракт негізінде жеткізілуде. Сондай-ақ кәсіпорындар тауарды жөнелтуге дайын. Ал медициналық қолғаптар өндірісі бойынша күн сайын 330 мың жұп қолғап шығарылады. Қоймаларда қазіргі күні 7 млн жұп қолғап бар. Осы жылдың қарашасында қуаттылығы тәулігіне 530 мың жұпқа дейін ұлғайтылатын болады, - деді Бейбіт Атамқұлов.
Министр өз баяндамасында отандық 6 компания айына 504 мың қорғаныш костюмін шығаратынын айтты. Сонымен қатар жыл соңына дейін оны өндіру қуаттылығы 1 млн-ға дейін артады.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының медициналық мекемелеріне 129 өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараты жеткізілді. Өндірісте және стендтік сынақтарда 1 190 ӨЖЖ аппараты (ИВЛ) бар. Оның 181-і жөнелтуге дайын. 1 қазаннан бастап Алматы және Шымкент қалаларына жеткізу жоспарлануда. Қалған аппараттар осы жылдың 10 қазанына дейін еліміздің 17 өңіріндегі 297 аурухана жеткізіледі, - деді Атамқұлов.
Сонымен қатар ол жедел жәрдем көліктерінің өндірісіне тоқталып кетті.
Қазақстан зауыттарында 360 жедел жәрдем көлігі шығарылды. Оның 93-і ел өңірлеріне жеткізілді. Мысалы, Алматы, Нұр-Сұлтан, СҚО, Қостанай. Бүгіннен бастап қалған 264 көлікті жеткізу басталды. Осы жылдың 15 қазанына дейін өңірлерге жеткізіледі. Осы бағдарлама аясында 1 167 көлік жеткізіледі. Бүгінгі күні 12 жылжымалы медициналық кешендерінің бірлігі дайындалды. 1 қазаннан бастап өңірлерге жеткізу басталады. Өндіруші осы жылдың 15 қазанына дейін барлық жылжымалы медициналық кешенді жеткізуді қамтамасыз етеді, - деді ол Үкіметте өткен отырыста.
Министрдің айтуынша, еліміздің фармацевтика саласының 33 компаниясы жылына 3,9 млрд таблетка мен капсула, 922 дәрілік препарат өндіреді. Пандемияның екінші толқыны жағдайында фармацевтика саласындағы кәсіпорындар дәрілік заттардың қажетті бөлігін қамтамасыз етуге дайын. 
https://baq.kz/
30 қыркүйек 2020 ж. 416 0