Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоянның қысы

Қоянның қысы

1963 жылдың қысы  қатты болды. Қоян жылы еді. Бұл жылдың қысы кейін «Қоянның қысы» деген атпен жұртшылықтың есінде қалды. Шынында да, бұл қыс соңғы жұт болған жыл еді. Жаз шыққанда Көкқабақ, Жаршағылдың үштен екісі малынан айырылғанын білдік. Кейбір отарларда бірде-бір мал қалмады. Сол жылы тек «Қарақұм» кеңшары ғана көп шығынға ұшырамады. Бұл кеңшар директоры Байжан Бижановтың алысты болжай білетін зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасы еді.
Сол жылы мен қаладағы апамның үйінде жатып 9-сыныпта оқитынмын. Көкқабақ пен Жаршағылда тұратын ауылдың балалары қысқы каникулға ауылға қайттық. Біз ауылға қайтқанда қыс жайлы, жерде тобықтан келетін қар болатын. Балалардың көбісі Жаршағылдан, Көкқабақтан тек мен ғана. Каникулдың мерзімді 10 күні де өте шықты. Қалаға оқуға қайтатын уақыт таяды. Бірақ, қайтуға көлік жоқ. Каникул кезінде қайта-қайта қар жауып, едәуір қалыңдап қалған. Жарамды машиналар болмаса, көбісі жүре алмай, байланыс үзілген. Сөйтіп сабақтан қала бастадым. Не істерімді білмей уайымдап отырғанда, обаға қарсы күресу стансасында жүргізуші болып істейтін Ару жездем ГАЗ-69 легковой машинасымен үйге келе қалмасы бар ма. «Биылғы оқу енді қалған шығар» деп отырғанда жездемнің келгеніне қатты қуандым. Жездем шай-суын ішіп, жайланып болған соң, анамның қаладағы туысқандарға арнаған сәлем-сауқатын алып, Жаршағылға жүріп кеттік.
Түс ауа Жаршағылға келіп қондық. Онда обаға қарсы күресу стансасының бас дәрігері Амиров бастаған топ жұмыс істеп жатыр екен. Ертеңіне ферма меңгерушісі Табылған аға мал сойып, бізге түскі қонағасы берді. Соны ішіп-жеп алып, түс ауа жолға шықтық. Стансаның 7 адамы, біз 14 оқушы, барлығы 21 адамбыз. Үш машина, жездемнің ГАЗ-69-ы, Аманшаның ГАЗ-66 бортты және Амиров мінген Москвич М-72 көлігі. Балалардың ішіндегі естияры мен. Балалардың барлығы Аманшаның бортты көлігіне жайғастық. Асты-үстіміз киіз-көрпе. Біз жолға шыққанда солтүстік жақты қою қара бұлт қаптап, аздап қар ұшқындап тұрған. Шамалыдан соң қатты жел тұрып, қар борай бастады. Күндіздің өзі түн болып, машиналар фарын жағуға мәжбүр болды. Қар бірден жерді теп-тегіс қылып көміп тастады. Жолдың ұлтаны қайда екенін ажырату қиын. Амировтен басқамыз қолымызға күрек  алып, машиналардың жолын аршудамыз.
Осылайша боранмен бір күн, бір түн арпалысып, келесі күннің кешінде бір құлап қалған жертөле бастырмаға кезіктік. Барлығымыз да қатты шаршағанбыз. Ақылдаса келе, осы бастырмаға түнеп, демалуды ұйғардық. Басқадай амал да жоқ еді, не артқа, не алға жүру мүмкін емес. Айнала ақ түтек боран, ештеңе көрінбейді. Біз жолға шыққаннан бері қар тынымсыз борап тұр.
Бастырманың төбесі жартылай құлаған екен, жігіттер құламаған жағының қарын аршып, киіздерді төседі. Кірер есікті көрпемен жаптық. Бастырманың іші ұядай болды. Бәріміз бықырлап жайғаса бастадық. Ішін жылыту үшін үш машинаның паяльный лампаларын жақтық. Абырой болғанда, жолға алып шыққан үш бөшке бензин бар екен. Газдың исі шықса да амал жоқ, шыдауға тура келді. Енді тамақ ішуді ойластыру керек болды. Жолға дайын күйінде алып шыққан тамақтар таусылуға жақын. Шамалы нан бар, есесіне шикі ет мол. Бірақ тамақ істейтін ыдыс жоқ. Амал жоқ, жүргізушілердің бензин құятын шелектерін әбден тазалап, біреуіне қар ерітіп ет астық, біреуіне шай қайнаттық. Аққұман болмағандықтан шайды шелектің ішіне салдық. Үш лампаның жалыны мен 21 адамның демі қосылып, бастырма іші қапырық болып кетті. Ащы иістен әзер шыдап отырмыз. Шыдамағандар оқтын-оқтын далаға шығып келіп жатыр. Бір-жар кесе мен кружка бар екен, сонымен кезектесіп шай іштік. Шай ішіп, ет жеп әлденген соң, көңіліміз кәдімгідей көтеріліп қалды. Тек Амиров қана нәр сызған жоқ. Шай да ішпеді, ет те жемеді. Сірә, «ауа райы бұзылып тұрғанда сонша баланы неге жолға алып шықтым, енді қырып алатын болдым» деп қатты уайымдаған болуы керек. Тек әлсін-әлсін демін ішіне тарта береді, жігіттерге тәртіп те бере алмады, өзі әдемі кісі еді, екі күнде түсі адам аяғандай болып кетті. Бастырма іші әрі ықтасын, әрі 21 адамның демімен онша суық болған жоқ. Түнге қарай иіс тиіп қалар деп паяльниктерді сөндіріп тастадық. Киіздерді жамылып, ұйықтап шықтық.
Ертеңіне ертемен шай қойып іштік те, жол жүруге кірістік. Бастырмада жата берудің реті келмеді. Өйткені тамақ тапшы, аштыққа ұшырауымыз мүмкін. Амировтің москвичі бұзылып келе жатқандықтан, сол жерге жазға дейін тастап кетті.
Бүгін күн кешегідей емес, қардың борауы тоқтапты. Бірақ әлі жауып тұр. Айнала теп-тегіс аппақ қар, жолдың ұлтаны қайда екені белгісіз. Машиналар қарыс қадам жүреді де тұрады, жалма-жан қар аршимыз. Мен Жаршағылдан шыққаннан бері машинаға мінбедім десем де болады. Стансаның төрт адамы, менімен бесеу қар аршумен келеміз.
Түстен кейін аяз түсіп, күн суыта бастады, жүріс өнетін емес. Бастырмадан шыққалы 4-5 шақырым жол жүрдік. Көкаша әлі қашық. Қолда жарты тапа нан  мен шикі ет бар. Тапа нан қатып қалған, кезектесіп тістегенмен тісіміз өтпеді. Машинаның бұрышында бір ешкі бар еді, нанды соған бердік. Бірақ оның да тісі өтпеді. Сырттан көмек  келмесе, жағдайымыз қиын болуға айналды.
Күн қатты суытып кетті. Түнге қалсақ не болатынымызды болжап біле  алмадық. Тек ұшақ көрінбес пе екен деп Арал жаққа қарай береміз. Бізді ұшақтан басқа ештеңе құтқара алмайтынын да түсіндік. Бірақ ештеңе көрінбейді. «Өзіммен тұрмай, сені де ала кететін болдым-ау, Көкқабаққа барып нем бар еді»,– деп, жездем жылап жүр. Шынында, бір-екі күнде көмек келмесе, тірі қалуымыз екіталай еді!? Осылай ұнжырғамыз түсіп тұрғанда, кенет Арал жақтан бір қарайған көрінді. Көзіміз талғанша қарап тұрмыз. Қарайған бірте-бірте үлкейе берді. Аздан соң қарайғанның ұшақ екені белгілі болды. Қуанғаннан бөркімізді аспанға лақтырып, мәре-сәре болдық. Қапелімде от жағу да ойымызға келмепті. Ұшақ біздің үстімізге туралап келді де, зу етіп өте шықты. Біз аң-таң тұрып қалдық. Екі көзіміз ұшақта. Ұшақ біз қонған бастырмаға дейін барды да, бірден кейін қайтты. Ұшқыштардың бастырмада қалған машинаны көргенін бірден білдік. Бізге дейін ұшып келді де, үстімізден 2-3 айналым жасап, сау болыңдар дегендей, Аралға қарай кете барды. Ұшақтың ауа райы мен жер жағдайына байланысты қона алмағанын түсіндік. Ұнжырғамыз түсіп кетті. Дегенмен, ұшақтың бізді көріп, жағдайымызды біліп кеткеніне қуандық.
Кешке қарай күн суытып, қатты аяз тұрды. Ысқырған суық жел соқты. Аяз бен желдің қатты болғаны сондай, тіпті бір-бірімізге қараудан қалдық. Машина үстіндегі балаларды үсіріп алмау үшін жанталастық. Онда 5-ші, 6-шы сынып оқитын жас балалар бар. Алдымен соларды жездемнің легковой машинасына орналастырып, қол-аяқтарын спирттедік. Сонда да тасбақа аяңмен жүруді тоқтатпай келеміз. Барлық ниет – қалайда Көкашаға жету. Ауыр жолдың машақатымен түнімен арпалыстық. Таң да атты. Шоферлар жан-жақты барлады, Көкашаға әлі 10-15шақырым жер бар екен. Сағат 11-ге таман Арал жақтан ұшақ көрінді. Ұшақты көріп, жылап жібердік. Ол бір-екі айналым жасап, тегістеу бір жерге қонды. Ұшқыштар бізге қарай, біз оларға қарай жүгірдік. Олар әкелген тәттілерін бізге үлестіріп жатыр. Ұшқыштардың ішінде обаға қарсы күресу стансасының шаруашылық меңгерушісі болу керек, Нәйеш деген кісі бар екен. Мен ол кісіні жездемнің үйінде бірнеше рет көргенмін, бірден таныдым.
Ұшқыштар дереу бізді ұшаққа отырғызып, Абайға алып келді. Абайда бізді кеңшар директоры Байжан ағаның өзі қарсы алып, бір үйге орналастырды. Дереу дәрігерлер алдыртып, үсіген балаларға көмектер жасатты, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сол үйде бір күн болып, есімізді жидық. Ертеңіне ұшақ қайта келіп, бізді Аралға жеткізді. Осылайша барлығымыз да аман-есен үйімізге оралдық.
Кейін білгеніміздей, біз Жаршағылдан шыққасын Арал, Абай, Көкаша, Жаршағыл бір-бірімен рация арқылы хабарласып, біз мерзімді уақытта Көкашада болмаған соң дереу іздеу жарияланған. Бірақ, ауа райының қолайсыздығынан екі күн бойы ұшақ ұша алмаған. Тек үшінші күні түстен кейін ұшып шығып, ұшқыштар жолда бізді көрмей, бастырмада қалған Москвичтің вольский антеннасы жарқ ете қалғанда, машинаны көрген екен.
Міне, қоянның қысының бізге салған әлегі осынысымен есте қалды. Байжан ағаның парасаттылығын, кеңдігін сонда көрдім. Ол «Қарақұм» кеңшарын ширек ғасырдан аса басқарды. Мал шаруашылығының білгір маманы еді. Былайша айтқанда, командир болатын. «Қарақұм» кеңшары ол басқарған жылдарда республикадағы алдыңғы қатарлы кеңшар болды. «Қарақұм дегенше қарағым десейші!» деген сөз сол жылдардан қалған еді.
Ж.Төребеков,
мәдениет саласының ардагері.
06 қазан 2020 ж. 1 806 0