Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Бес жасымда көргенім әлі есімде»

«Бес жасымда көргенім әлі есімде»

Өлкетанушы Ү.Қуатовтың тамыз айында «Толқын» газетінде жарияланған «Қасірет құрсауындағы Қарақұм хикаялары» атты мақаласында "Сол бір зұлматты күндердегі асыра сілтеушілік салдарынан №8 ауылға қарасты барлық колхоз басқармаларының қиянат құрбандығына ұшырамай, сау қалғаны некен-саяқ сияқты. Сол тұстағы қыр колхоздарының бірін басқарған Дәуқараев Серекеш деген атпал азаматтың Арал ауданына аты шығып тұрған көрінеді. Адамгершілік болмысы биік, қолынан келсе адамдарға көмек жасағысы келетіндігімен ерекшеленеді екен. Ұрпағының айтуынша, өзінің шыққан тегі де кедей, сауатты, адал азамат екен. Бір күні апақ-сапақта ауылға бір топ қарулы адамдар келіп, әй-шайға қаратпай ауданға алып кетеді, содан қайтып оралмайды. Сондағы оған қояр кінәсі «шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділердің» «колхоздың мүлкі мен малын көңіл жетерлеріне бөліп берді» деп ауылдағы жетім-жесірлерге аяушылық білдіріп, босатқан азық-түлік, жем-шөбін жіпке тізіп, өзіне айып қою болған. Сонда тепсе темір үзетін азаматтың көзін жою не үшін керек болды екен? Шамасы, оның ел арасында аса беделді болғаны ұнамаған болуы керек" деген дерек бар еді.Сол Серекеш Дәуқараевтың қызы Маржан апа бүгінде Жақсықылыш кентінде тұрады.
... Әкем Серкеш Дәуқараев (кейбір деректерде Серекеш деп жазылған) өз кезінің қазақша сауатты, ауыл-елге сыйлы, жетім-жесірді жебеп, аштық жылдары ауыл-аймақты ұйымдастырып, зұлмат кезеңнен аман алып қалған белгілі азаматы еді. Әлі есімде,1937 жылдың тамыз айы болатын. Мен ол кезде бес жасар бала едім. Біз ол кезде Бурабаз деген жерде қоныс тепкен едік,  әкем ауырыңқырап, тұз піскен кезде тұзға түсу қамымен "Абат батыр" тұз көліне баруға дайындалып жатқанбыз,– деп бастады әңгімесін Маржан апа.
– Жандық малды сойып болған кезде алыстан бұлдырап екі аттылы көрінді. Ол кезде мал союға рұқсат жоқ болатын. Әжем мен шешем ұра қазып, етті көміп, бетін алаша киізбен жауып үлгірген еді. Әлгі аттылар келе аттарын босағаға байлай сап, әй-шәйсіз үйге кірді. Аман-саулық сұраусыз «Аға, бізге «Абайға» баруға жол көрсетсең» деді біреуі.
– Иә, айналайындар, «Абайға» алып баруға болар еді, бірақ ауырыңқырап жүрмін. Жолды көтере алмаспын. Бала болса да жол білетін мына Жүсіпбек (інісі) алып барар,–  деді.
– Жоқ, аға, бала балалық қылар, өзіңіз жүресіз, – деді екіншісі зілді дауыспен.
Әкем кеткеннен кейін бір күн өткенде таң алдында боздап-бақырып келе жатқан атанның дауысы шықты.  «Абайда» тұратын нағашы атамыз келіп, ауыр хабар жеткізді. Әкемді НКВД жендеттері Аралға алып кетіпті. Жылап-сықтап әжем мен анам қалды. Мен не болғанын түсіне алмадым.
Содан шешем екеуіміз Аралға қарай жол тарттық. Шешемнің етегіне жармасып жүріп, арада бір түнеп Аралға жеттік-ау. Әлі есімде, милиция түрмесі балық комбинаты мен қазіргі отын базасының жанында болатын. Әкемнен кездесуді күтіп отырмыз. Шешем «Барып қарап келе қойшы, әкең шарбақта жүрген жоқ па екен» деп мені жұмсайды. Түрменің шарбағына жақындағанда милициялар қуып жібереді. Жақындай да алмайсың. Мереке апам қалада мектепте оқитын еді. Қайта-қайта барып, милицияның мазасын ала берді. Содан «Жүр, әкеңді қарайық» деп алып кеткен еді. Оны да абақтыға жауыпты. Екі күннен кейін әкесін көре алмай, зар еңіреп апам да келді. Кейін естідік, әкемді Ақтөбеге алып кетіпті. Шешем Ақтөбеге барып, жиырма шақты күн іздестіріп,таба алмай, ауырып келді. Белгілі болғандай, әкем Серкеш Дәуқараев 1892 жылы қазіргі Қарақұм ауылында дүниеге келген. 1937 жылы 10 тамызда ұсталып, 1937 жылдың 29 тамызында НКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесіліп, сол уақытта орындалғанын және Қызылорда облыстық сотының шешімімен 1965 жылы ақталғанын ақпарат құралдары арқылы естідім. Арал ауданына белгілі азаматқа «Колхоздың мүлкі мен малын көңіл жетерлеріне бөліп берді» деген жала жабылған Ауылдағы жетім-жесірлерге аяушылық білдіріп босатқан азық-түлік, жем-шөбін өзіне айып тағу үшін ауыл белсенділері тізіп берген дейді айтушылар.
Міне, зұлмат жылдарында бала болса да анасымен бірге қиындықты көрген Маржан апаның естелігі осындай. Бүгінде Маржан Серкешқызы – бір қауым елдің қадірлі де сүйікті анасы. Соғыс және еңбек ардагері, ауданға белгілі азамат Әзберген Ильясұлы ағамызбен бас қосып, ұрпақ өсіріп, немере, шөберелерінің қызығына кенеліп отырған абзал жан. Жары Әзекең «Аралтұз» комбинатының өркендеуіне өз үлесін қосқан азамат еді. Маржан апа ауылдағы балабақшада шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Тоқсанның тоғысына келген Маржан апа «Қазір өткен ғасырда орын алған миллиондардың өмірін өксіткен саяси қуғын-сүргін көрген түстей алыста қалды. Аққа Құдай жақ» дегендей, түптің түбінде әділет үстемдік құрды. Өлгендер қайтып келмес, бірақ бүтіндей бір әулеттің өмір бойына тартқан жан азабының орнын немен толтыруға болады  десеңізші? Ендігі ұрпақ ондай сұмдықты ешқашан көрмесін деп тілеймін" деп әңгімесін аяқтады.
Бұл – бір ғана әулеттің басынан өткен нәубет. Ал айтылмағандары қаншама...
Орынбай Әбдікеров,
Жақсықылыш кенті,
 ардагер ұстаз.
06 қазан 2020 ж. 580 0