Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 7 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

7 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АТАУЛЫ КҮНДЕР Халықаралық үш тармақты жүйке невралгиясы күні Үш тармақты жүйке невралгиясы – адам жанына қатты бататын аурулардың бірі. Халықаралық үш тармақты жүйке невралгиясы күні – осы ауру туралы көбірек ақпарат таратудың жақсы тәсілі.
Ол туралы ақпарат тарату науқаны 2013 жылы басталды, оған TNnME (Үш тармақты жүйке невралгиясы және МЕН) ұйымының мұрындық болды. Халықаралық балалардың церебрал сал ауруы күні Қазан айының бірінші сәрсінбісінде атап өтіледі. Аустралияның балалар церебрал сал ауруы альянсының Балалар церербал сал ауруының бірлестігімен (АҚШ) бірлесіп құрылды. Жобаға 46 елдің 270-тен астам ұйымы мен ауруханасы қолдау көрсеткен. Бұл – адамдардың осы ауруға шалдыққан балалардың әлемін жақсартуға болатын идеялар жөнінде пікір алмасатын арнайы күн.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 1946 жылы Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында «Біржан - Сара» операсының премьерасы қойылды. Операның авторы - М.Төлебаев, либреттосын Қ.Жұмалиев жазған. Алғашқы қойылымдағы Біржан бейнесін Ә.Үмбетбаев сомдаса, Сараны К.Байсейітова ойнады. «Біржан - Сара» - көп актілі лирикалық-драмалық опера. Оның негізіне XIX ғасырда өмір сүрген ақын, әнші-композитор Біржан сал мен Сара ақынның айтысы алынған. Операға 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Көкшетау қаласы және облысының орыс тіліндегі «Кокчетавская область» атауын «Кокшетауская область», ал «Кокчетав» атауын «Кокшетау» деп қолдану туралы Қаулы қабылдады. Көкшетау қаласы Көкшетау қыратының теріскейінде, Қопа көлінің жағасында орналасқан, бүгінде Қазақстан Республикасы Ақмола облысының әкімшілік орталығы. 1993 жылы Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражайы ашылды.
1997 жылы ҚР Үкіметінің №1419 Қаулысымен арнайы теле-, радиохабар тарату субъектісі ретінде «Қазтелерадио» Республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі құрылды, оның негізгі міндеті ретінде «телерадиобағдарламаларды және басқа телерадиохабарларды тарату» белгіленді. 1998 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Президент өкілеттігінің жаңа мерзімі бекітілді – 7 жыл. Жас шектеулері де өзгертілді: төменгі меже – қырық жастан кем емес, жоғары меже – шектелмеген. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже бекітілді. 1999 жылы Берлин көшелерінің біріне қазақтың ұлы ақыны Абай есімі берілді. 2005 жылы Еуразия ұлттық университетінде ірі түркітанушы ғалым, этнограф Лев Гумилевтің мұражай-кабинеті ашылды. Мұнда Л.Гумилевтің бүкіл шығармалары топтастырылған. Олардың ішінде «Қазақ этносының шығу тарихы» қолжазбасы мен «Этногенез бен Жер биосферасы» атты докторлық диссертациясының түпнұсқасы да бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын қолдайтын бірқатар еңбектері қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде ғалымның зайыбы Н.Гумилеваның жиені М. Новгородова еуразияшыл жанның өз туындыларын басқан «Continental» жазу машинкасын мұражайға тапсырды. 2009 жылы Астанада Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы елшілігі ашылды. 2011 жылы Монако князьдігінде ханзада Альбер-ІІ, Премьер-Министр Мишель Роже, сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының басшысы Жозе Бадиа мен өзге де министрлердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. 2013 жылы Кишиневте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XVII отырысында «ҚазАқпарат» ХАА «ТМД-ға 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Награда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. 2014 жылы «Global e-Government Forum 2014» Халықаралық форумының аясында БҰҰ нұсқасы бойынша электрондық үкіметті дамытуда үлкен жетістіктерге жеткен елдерді марапаттау өтті. Қазақстан «Теңізге жолы жоқ дамушы елдер» аталымы бойынша жеңімпаз аталды. 2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық «Болашақ» стипендиясының алғашқы Тіл мектебі құрылды. Осы мектептің негізгі серіктесі Британдық кеңес болып табылады. Мектеп жұмысы ағылшын тілін оқытудың «6+6»жаңа форматын ұсынады, онда алғашқы 6 айда «Болашақтың» квоталық стипендиаттары ағылшын тілін Қазақстанда, қалған 6 айда шетелде оқиды.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындарды біріктіретін «Qyzyljar» атты арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл – Қазақстан мен Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінде ашылып отырған алғашқы және жалғыз арнайы экономикалық аймақ. Нәтижесінде, азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, жиһаз, электроника мен машина жасау өндірісі бір жерде болады.
inform.kz​​​
07 қазан 2020 ж. 481 0