Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пластик қоқысты өртегенде қатерлі ісік қаупі туындайды – эколог

Пластик қоқысты өртегенде қатерлі ісік қаупі туындайды – эколог

Күнделікті өмірде қолданылатын пластик адамдарға қатерлі ісік, иммунитеттің төмендеуі және генетикалық мутацияларға шалдығу қатерін төндіріп отыр. Бұл туралы «Jasyl Arystan» жеке қорының сарапшы-экологы Марина Дробот мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл сайын ластанудың тікелей немесе жанама әсерінен миллиондаған адамдар мен жануарлар қаза табады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы онкологиялық аурулардың көбеюін экологиялық ластанумен байланыстырып отыр.
Күнделікті өмірде қолданылатын пластик адамдарға қатерлі ісік, иммунитеттің төмендеуіне және генетикалық мутацияларға шалдығу қатерін төндіріп отыр. Сондықтан қазір ондаған елдерде пластикті тұтынуға қатысты шектеулер біртіндеп енгізіліп жатыр. Францияда бір реттік пластик ыдысты қолдануға тыйым салынған. Келесі жылы АҚШ, Ұлыбритания, Канада косметологиялық өнімдегі микропластиктерге тыйым салады. Ал Кенияда пластик үшін айыппұлдан бөлек, абақтыға қамау жазасы да қарастырылған», - деді эколог Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әсіресе маман Қазақстанда ауылдық елдімекендерде пластиктердің жиі өртелетінін еске салды.
«Ауылдарда пластикалық бөтелкелерден бастап, сусабын, кір жуғыш ұнтақ қаптамалары сияқты қалдықтарды өртейтін әдет бар. Бұл ахуалды одан әрі қиындатады. Кәдімгі полиэтилен пакет жанған кезде ауаға 70-ге жуық канцерогендік заттар бөлінеді. Ауаға тараған зиянды заттар адам ағзасына түседі және кері шығарылмайды. Осылайша, онкологиялық ауру қаупі туындайды. Мәселен, Қазақстанда 2019 жылдың соңына қарай қатерлі ісікпен ауыратын 180 мың адам тіркелді. Ал тіркелмегендері қаншама?
Сонымен қатар жыл сайын 35 мыңға жуық жаңа жағдайлар тіркеледі. Бұл өте қорқынышты цифрлар», - дейді М. Дробот.
Әрбір қазақстандық жылына 400-450 келі немесе күніне 1,5 келі қоқыс шығарады. Қалдықтардың тек 3% ғана сұрыпталады және қайта өңделеді.
«Бұл - өте төмен көрсеткіш және тұрғындардың қоқысты сұрыптаудан гөрі, лақтыра салуы оңай екенін көрсетеді. Мұндай ауқыммен біз жақын арада өте күрделі экологиялық дағдарысқа тап боламыз. Сондықтан адамдарды көбірек ақпараттандырып, экологиялық ағартушылық арқылы қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу өте маңызды», - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда өңірлердің пластикпен ластануын зерттейтін «Jasyl Arystan» жобасы таныстырылды. Қор өкілдерінің айтуынша, әрбір қазақстандық жылына 42 келі пластик қоқыс шығарады.
inform.kz

09 қазан 2020 ж. 556 0