Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ баласын қалай тәрбиелеген?

Қазақ баласын қалай тәрбиелеген?

Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне дейін үлкен көңіл бөлген.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзінің зарыға күткен перзенті дүниеге келгендегі тебіренісі әр адамның ұрпақ сүйгенде бастан кешетін сырлы сезімін бейнелегендей.
Иә, Алла көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!
Қызым болсаң – қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?!
Иә, ақын толғанғандай, күллі әлем сүйінші сұрайтындай қуаныш қой бұл. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді тербелген тал бесікке салған. Аяулы анасы бөбегін әдемі әлдиімен сусындатып, ардақты әженің ертегісін тыңдатып, әкенің қамқорлығына бөленген бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі болады деп сенген. Іңгәлап, дүние есігін ашқан соң бала аппақ парақтай пәк болары анық. Ал сол ақ параққа ақпарат берер – ата-ана, қоршаған орта. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де маңызды мәселе. Бесікті тербете отырып ән айтып, тілге тарқан. Бұл – тәрбие басы. Бұл – халқымыздың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағап, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақтаған тәжірибесі. Ертеде қазақ баласының балалық шағы, тәрбиесі қандай болып еді?! «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, сәбилі отбасы қашанда береке мен қуанышқа толы. Алланың берген таптырмас сыйын қазақ халқы қалай тәрбиеледі?
Он бестегі ұлына ел басқартқан халық
Қазақ халқы «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жылдың маусымы ауысымен көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуі, елдің батыраларының ерлік хиқаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Жас ұрпақты бұлай тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғарғы білімсіз-ақ тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін баласының бесігінен бастаған халқымыздың елден шыққан тентегіне де «Сен оңбассың, адам болмассың» дегенді тұқыртып бетін қайтарып айтуды жөн көрмеген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне құйып, іс-әрекетін қадағалап отырған. Қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы он бестегі ұланына ел басқартқан, шешендік сөз өнеріне қатыстырып тәлім берген.
Баласын төзімділікке баулыған халық
«Тәрбие» сөзі араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни, сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары хақ. Дана қазақ ұрпаққа тәрбие беру жолында еш аянып қалған емес. Ең алдымен, дүниеге қыз келсін, ұл келсін, қуана қарсы алып, сол шаттығымен жақындарын шақырып, ақ дастархан жайып бөліскен. Бала мен ананы зиянды күштерден, жаман адамдардан, жын-шайтаннан қорғауды және сәбидің дені сау болып өсуі мен дамуы үшін жағдай жасауды мақсат тұтатын салт-дәстүрлерге үлкен мән берілді. Баланы бесікке салу салты да осы мақсатқа сәйкес келеді. Бесік – Орталық Азия өңірінде ерте кезден қолданылатын тербеткіштің түріне жатады. Дәстүрлі қазақ бесігі осы уақытқа дейін пайдаланылады, оның себебі бесіктің өте қарапайым, бірақ сонымен бірге көп әбігерге түспестен баланы таза ұстауға мүмкіндік беретін аса ыңғайлы құрылысына байланысты болса керек, ал бұрынғы замандарда көш кезінде де сәбиді тасымалдауға қолайлы болған. Бесіктің құрылысында қарастырылған сәбиді жөргекке қатты етіп құндақтау баланы шыдамдылыққа, төзімділікке баулиды. Ұлтымыз бесікті ешқашан тастаған емес, келесі бала туғанға дейін отбасында сақтаған.
Бала тәрбиелеуде қай жастан бастап мән берген?
ХІХ ғ. қазақ тұрмысын зерттеушілер қазақтардың әрі қамқор, әрі мейірімді ата-аналар, ал қазақ балаларының мықты, төзімді және алғыр екенін атап өткен. Баланы лайықты тәрбиелеуге қазақтар тек олар 5-6 жасқа толғанда ғана шындап кіріскен. Осы кезде оларды жынысына қарай айыру негізінен стихиялық сипат алған. Бұл балаларды кішкентайынан біртіндеп шамалары келетін үй жұмыстарына тартудан көрінген. Ұл балалар үйдегі еркектерге мал қарауға көмектессе, қыз балалар тамақ әзірлеу, кір жуу, үй жинау, жүн өндеу сияқты әйел ісіне қатысып, анасына кішкентай сіңлілері мен інілерін бағуға көмектескен.
Әкеге қарап ұл өсер…
Халқымыз ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта да ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. «Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген қазақтың ұлттық таным-түсінігі бар. Ер баланың тәрбиесін неден бастауымыз керек? Бала кезінде ұлдың жұмысы, қыздың шаруасы деп бөлген дұрыс емес. Ата-анасына көмектескісі келсе, қолын қақпау керек. Бала әкені сенімді дос ретінде санайтын болсын. Үлгі тұтатын әке болсаңыз, бала сізге адал дос, қолдаушы болады. Ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты бойына қайдан сіңіреді? Қыздардың – анасына, ұлдардың – әкесіне еліктейтіні анық. Ұл бала әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Ұл үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ: ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Қазақта үстелдің төрінде әкенің тұрақты орны бар, оған басқа ешкім отырмайды. Балалары әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кіріседі, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрады. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз.
Қызын қырық үйден тыйған халық
Тәрбиесіз бала білім ұғар ма
– Олай болса, уысыңнан шығарма.
Ұл мен қызын шолжаңдатса бетімен,
Тартар күйік, ет кескендей етінен.
Бұл қанатты сөздерді Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырда айтып кеткен. Қыз әуелде ана бауырында, отбасы тәрбиесінде болады. Оған ұлдан өзгеше тәрбие береді. Қыз тәрбиесінде білікті аналар қыздарын бір тізерлеп отыру, қалай болса, солай отырып-тұрмау; үнемі сіз-біз деп сөйлеу, тасыр мінез, кеселді сөзден аулақ болу; кісі бетіне, әсіресе, ер адамдардың бетіне қылымсып немесе тіке қарамау, тамақты ауыз толтыра асап, былшылдатып, шалпылдата шайнамау; ыдыс-аяқты жуғанда, жиғанда, сылдырлатпау; үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру, аман-сәлем жасау; «шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын сақтау; көпшілік ортасында жыртақтап күлмеу, арын сақтау, ата-ананың рұқсатынсыз жөнсіз қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізеді. Қазақ халқы қыздарын «үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйытқысы» деп ерекше құрметтеп, аялап, ардақтаудың арқасында, қазақ халқында ақыл-парасатымен ел билеп, ру-тайпа басқарған көсем, шешен, би, ел-жұрты аттарын қадір тұтқан қасиетті, аналарымыз көп болған. Мысалы, Айша Бибі, Баба әже, Домалақ Ана, Қызай ана, Абақ, Мұрын аналар… Қазақ халқының тәрбиесі қыздарды арлы болып, адамгершілігін биік ұстауға; өнерлі іскер болып, ар-абыройын таза ұстауға баулиды. Ерлерді қадірлеуге, құрметтеуге, отбасының ұйтқысы, перзенттерінің тәрбиешісі, ұстазы болып, адамдық арына дақ түсірмейтін өнегелі, үлгі-тағылымды адам болып есеюге баулиды.
«Не ексең, соны орасың…»
Ер баланың тәрбиесін әкесі не үлкен ағалары жауапкершілікке алса, қыз баланың әдепті, иманды, ибалы болып өсуін анасы мен әжесі немесе әпкелері қадағалаған. Оның іс тігіп, тағам дайындай білуін, ұқыпты болуын әрдайым санасына құйып, үйретіп отырған. Ер баланың келешекте нағыз ер азамат болуы, елін қорғап, адал қызмет етуі үшін әкесі жанын салып үйретуге тырысқан. Ат құлағында ойнайтын, қамшы өрудің шебері болатындай етіп тәрбиелеген. Ылғи ұл-қызының санасына кішіпейіл, қанағатшыл, қамқор, ізетті бол деп жалықпай айта берген. Үлкеннің алдынан кесіп өтпеуді ұқтырған. Бұл біздің халқымыздың жазу-сызу әлі дұрыс дами қоймаған дәуірлерден бері келе жатқан даналығы. Өскелең ұрпақтың иманды болуына баса назар аударып, Алланың құлы, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті екенін есіне салып отырған. Оған бір ғана дәлел, бала өмірге келгенде оған азан шақырып ат қоюы. Сонан соң әр жұма сайын мешітке алып барып, Алланың үйін көрсетуі, құлшылық жасатуының өзі тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып саналады. Мұның барлығы ұрпағының болашақта бақытты өмір кешуіне апарар жол деп түсінген. «Не ексең, соны орасың» дегендей, отбасы, ошақ қасында сәби қандай тәрбие көрсе, оның алдағы өмірі сондай болады…
Қазақ балаларының дәстүрлі ойыншықтары
Көптеген басқа халықтардағы сияқты, қазақ балалары мен жастарының ойындары да қоғамның жас пен жыныс бойынша бөлінісін көрсеткен. Қазақ балаларының дәстүрлі ойыншықтарынның ішінде ұл балалар құмартып ойнайтын ойыншықтар және көбіне қыз балалар ойнайтын ойыншықтар бар. 3-10 жастағы қыз балалардың жақсы көретін ермегі қуыршақпен ойнау болатын, қуыршақты әдетте ши шыбығына шүберек орап өздері жасайтын. Қуыршақтар барынша қарапайым еді, бірақ бұл ретте қуыршақтардың киімдері адамдар киетін нақты дәстүрлі киімді айнытпай қайталайды. Қуыршақтың кімді бейнелейтініне қарай оған баланың, бойжеткеннің, қалыңдықтың, тұрмыстағы әйелдің, ер кісінің т.б киімдерін кигізген. Қуыршақтың киімін безендіру көбіне біршама күрделі болатын – қуыршақ-қалыңдықтың, келіншектің бас киімі түрлі-түсті әйнектермен, маржан түйіршіктерімен, түймелермен, жылтырақ қаңылтырлармен, тері құрақтарымен әшекейленді; көйлегі басқа түсті матадан тігіліп, кестеленді, зер салынды. Қуыршақтарға киім тігу болашақ өмір үшін қыздарға тамаша тәжірибе еді. Өкінішке орай, қуыршақтармен ойнайтын балалар ойындары жөнінде ХІХ-ХХ ғасыр ортасы бойынша материалдар жоқтың қасы. Шамасы, ойынның мәні отбасының күнделікті өмірінен алынатын көріністерді қайталау болса керек. Қуыршақтармен ойнау арқылы қыз балалар өмірдің әлеуметтік құрылымының негізгі ережелерімен, дәстүрлі қоғамның жыныс пен жас бойынша бөлу қағидаларымен, дәстүрлі әдеп нормаларымен танысып, киім дайындау мен әшекейлеуге үйренді.
Балаларын оқытуға көңіл бөлген халық
Қазақтар өз балаларын оқытуға көп көңіл бөлген. Ата-аналары балаларын кішкентай жастарынан сөйлеуге, санауға, заттарды және олардың өзіндік ерекшеліктерін атауға үйреткен. Ал баланың тілі шыққан бойда оған тақпақтар мен өлеңдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды үйреткен. Бұлар баланың есте сақтау қабілетін дамытумен қатар, оған қоғамның әлеуметтік құрылымы, көшпелі тұрмыстың шаруашылығы, отбасы мүшелерінің қарым-қатынастары туралы ең қарапайым түсініктер берген. Қазақтар балаларды сауаттылыққа үйретуден бас тартуды үлкен күнә деп есептеген. Әдетте балаларды 7-8 жастан бастап оқытуды көздеген; жазуға, санауға, оқуға, шариғатты үйренгісі келетіндердің барлығы жасына қарамастан молданың киіз үйіне жиналған. Қыз балаларды, ұл балалармен салыстырғанда, біршама сирек оқытқан, оларға қарапайым бастауыш білім берді: сауаттылықтың, жазу мен санаудың әліппесін үйреткен. Бірақ, мына бір жайтты ұмытпау керек, дәстүрлі қоғамда балаларды шаруашылық және қоғамдық өмірдің нормасына, осы қоғамның негізгі құндылықтарына баулу отбасының ішінде жүрді. Балаларды тәрбиелеу мен оларға өмірлік қажетті машықтарды үйрету нысандары әркелкі болды. Балалар кішкентай кездерінен-ақ отбасының күнделікті тұрмысын, ересектердің жұмысын, олардың өмірінің түрлі жағдайларындағы іс-әрекетін бақылап, өздері еңбек үдерісіндегі көмекшілер мен қатысушылар рөлінде болды. Халық педагогикасында дәстүрлі білім беру түрлерінің бірі ретінде ауыз әдебиетіне үлкен мән берді.
Осыған қарап ертедегі қазақ баласының балалық шағы қаншама қиын кезеңдерге тап келсе де, білімнен, өнерден, жалпы адами қасиеттерден алыстамағанын аңғарамыз. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, сондықтан қазақ өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келешекте үлгілі отбасы иесі болғанын қалап тәрбиелеген. Өйткені ұлтымыздың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында.
kyzylorda-news.kz
26 қазан 2020 ж. 1 736 0