Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 50 мың теңге кедейлікті кеміте ме?

50 мың теңге кедейлікті кеміте ме?

...Бәрі 50 мың теңгеден басталды. «Nur otan» партиясының бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы елдегі төтенше жағдайға орай мұқтаж азаматтарға қиналғанда сеп болсын деген мақсатта бір реттік көмек ретінде 50 мың теңге беріле бастады. Шын мұқтажға әжептәуір көмек.Содан бері редакцияның телефонынан маза кетті. Тиісті мекеменің табалдырығы ақша сұраған адамнан тозған шығар. Ал біздегі телефон тұтқасын көтере қалсаңыз, сол бір сұрақ. «50 мың теңгені ол неге алады, мен неге алмаймын?» деп басталады да әрі қарай өкпе-наз, ашу-ызаға толы сөздер бірінен кейін бірі айтыла береді, айтыла береді.
Бір қынжыларлығы, өкпелеген елді жұбатқың келіп, тиісті мекемеден алған мәлімет бойынша кімдерге берілетінін асықпай түсіндірсең де, телефонның ар жағы бір сәтке үнсіз қалады да, қайтадан «ал ол неге алды, мен неге алмадым?» деген сұрақ қайта айналып қойылғанда жауап таппай қаласың.

Сонымен...
50 МЫҢ ТЕҢГЕ КІМДЕРГЕ ТИЕСІЛІ?
Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағ¬дарламалар және АХАТ бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биыл қала бойынша 50000 теңгеден берілетін көмекті барлығы 19554 отбасы алған. Сәуір-мамыр айларында 14109 отбасына, оның ішінде:
– Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер – 753;
– «Тылдағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар –16
– Ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер –1213;
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар (І топ) – 1329;
– Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар – 1675;
– Жетім балалар (тұл жетім балалар және асыраушысының бірінен айрылған балалар) – 244;
– Аз қамтылған көпбалалы отбасылар – 8879.
Қазан айында 5445 отбасына, оның ішінде:
– Ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер – 4929
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар (І топ) – 68;
– Жетім балалар (тұл жетім балалар және асыраушысының бірінен айырылған балалар) – 6;
– Аз қамтылған көпбалалы отбасылар – 442.

1000 ЖҰМЫС ОРНЫНА АДАМ ЖОҚ!
«50 мың теңгені мен неге алмадым?» дегендердің көптігіне қарап, қаламызда кедейлер көп пе деген ойға қаласың. Кедейлік неден көбейді? Ал 50 мың теңге кедейлікті кеміте алады ма? «Балық берме, қармақ бер» дейтін қағида қайда қалды? Уақыттың қиындығына орай жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ, еңбек етуге денсаулығы жарамайтын жандар үшін бір жолғы көмек тегін ақшаны мен де алып қалайын деген жалқауларды орнынан тұрғызды. 50 мың теңге алуды кәдімгідей жұмыс қылып, күн сайын мекеме табалдырығын тоздырғандар қаншама? Кедейлікті жеңудің бір ғана жолы – еңбек ету. Ендеше жұмыс сұрап жүргендер көп пе, ақша сұрап жүргендер ме?
– «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы бойынша қаламызда көпсалалы аурухана ашылды. Сол ауруханаға 1000 жұмысшы іздеп жатырмыз. 1000 адам! 100 мыңнан аса айлығы бар жұмысқа адам жоқ. Әр отбасында жұмыссыз бар десек, 42500 теңге айлығы бар жұмыс ұсынылса, оған да бармайды. Көше сыпыруға тіпті бармайды. Қысқа мерзімге қайта оқытып, жұмыспен қамту жағын қарастырсақ, оған да ынталы адам жоқ,– дейді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова.
Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, жұмыс бар, жұмыс істейтін адам жоқ. Алайда көмекке мұқтаж отбасы көп. Қоғамда масылдық пиғыл үстем болып барады...

КЕДЕЙ БОЛУҒА НЕГЕ ҚҰМАРМЫЗ НЕМЕСЕ РЕЯНЫҢ ҚАЙСАРЛЫҒЫ
– «Nur Otan» партиясының бастамасымен мұқтаж отбасыларға көмек ретінде бір реттік 50 мың теңге қаржыны алу үшін бірінші-екінші кезеңде «Ағжан» сауда үйінде 2-3 бутигі барлар да мұқтаждар тізіміне тізілген. Тегін ақшаны кім алғысы келмесін? Әлі де табалдырық тоздырып жүргендер аз емес. Тіпті, жоқшылықты қолдан жасап, тегін ақша, тегін азық-түлік алу үшін мұқтаждың рөліне еніп жүргендер де бар. Жалпы жоқшылықты шақырудың өзі жақсы емес, – дейді бөлім басшысы Индира Ақжігітова.
Тіпті аз ғана ақша үшін айқай шығарып, мінез көрсететіндер де аз емес екен. Бір қынжыларлығы алақан жайып, табалдырық тоздырып жүргендердің ішінде өзге ұлт өкілдері кездеспейді...
Осы мақаланы жазып отырып, спортшы Рея туралы оқығаным ойға орала берді. Оның жеңісі жайында әлем жарыса жазды. Рея филиппиндік, жасөспірім қыз. Елдің бәрі Реяның желаяқтығында емес, жанкештілігіне қайран қалды. 11 жастағы филиппиндік Рея Буллос жарысқа қатысу үшін аяқ киімінің жоқтығына қарамады. Тіпті, аяқ киім алып беруге шамасы жоқ ата-анасына да өкпе артпады, айналасына да. Жарысқа қатысуды мақсат еткен қаршадай қыз кәдімгі пластырьдан аяқ киім жасап алды да жеңіске жетті, бір емес, үш алтынды жеңіп алды...

КЕЛЕСІ АЙДА НЕ КҮТІП ТҰР?
50 мың теңге. Мұқтажға бұл да демеу. 50 мың теңге қаржыға бір айлық азық-түлігін, керек-жарағын бір түгендеп алар дейміз. Ал бір айдан кейін ше? 50 мың теңгенің тамағын тауысқандар тағы да алақан жайып, мекеме жағалай ма сонда? Мекеме алдында жұмыс іздегендер емес, көмек сұрағандар көп...
– 50 мың теңге жалақысы бар жұмыс бар.
– Керегі жоқ, істемеймін. Үкімет аш қалдырмас.
Масыл болуға бойымыз үйреніп бара жатыр. Ең қиыны да осы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
aqmeshit-aptalygy.kz
03 қараша 2020 ж. 189 0