Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Kundelik.kz қолданушылары жарнаманың көптігіне шағымдануда

Kundelik.kz қолданушылары жарнаманың көптігіне шағымдануда

Kundelik.kz білім беру платформасының қолданушылары жарнаманың көптігіне шағымданды. Электронды сервис таптырмас қызметке айналып, мұғалімдер мен мектеп оқушыларын ғана емес, жарнама берушілерді де қызықтыратын көрінеді,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Сондықтан, үй тапсырмаларымен және бағалармен қатар, платформадан басқа да көптеген нәрселерді табуға болады. Оқу процесіне қатысушыларға тамақ пен әшекейлері бар фотосуреттер қажет пе деген сұрақ туындайды. 
Аптасына бір рет алматылық Мұхит Құдықбаев қызы Нұрсаяның бағасын тексереді.  Баланың үлгерімі туралы білу үшін kundelik.kz электронды порталына қосылады. Бірақ, ол жерден бағадан бөлек басқа нәрселерді де көреді. 
"Қазір, әрине, ыңғайлы - электронды күнделікке кіріп, бағаларды көрдім, тіпті үй тапсырмасын да көрдім. Мұның бәрі жақсы, бірақ тамақ, киім, кино туралы жарнама жыныңа тиеді. Баланың ғана емес, ата-ананың да назарын басқа жаққа аударады", - деді Мұхит Құдықбаев.

Ата-аналардың наразылығын түсінуге болады, бірақ компанияның басқа амалы жоқ. Электронды күнделік жасаушылар осылайша шығындарын өтеуге тырысады. Олар осы порталды құру үшін көп ақша жұмсаған. Сондықтан платформада тамақ, аң терісі және басқа да өнімдер туралы жарнама жиі пайда болады. 
"Бізде кез-келген жарнама 6+ сүзгісінен өтеді. Бұл дегеніміз, бұл ақпаратты 6 жастан бастап және одан жоғары жаста көрсетуге болады.  Біз оны рөлдерге байланысты көрсетеміз, ол кім - ата-ана, бала немесе мұғалім. Егер сіз ата-ананың логинімен, паролімен кірсеңіз, сізге ата-аналарға көрсетуге болатын жарнама көрсетіледі", - деді Kundelik компаниясының бас директоры Мұхтар Ілиясов.
Айта кету керек, компания ешқашан мемлекеттік субсидия алмаған. Білім және ғылым министрлігі де бұл жобаға қаражат салмаған болып шықты. Сондықтан пайдаланушылар көретін жарнама - бұл жұмысшылардың еңбегін, жалдау ақысын және салықтарды төлеудің жалғыз тәсілі. Сондай-ақ, электронды порталды дамытуға инвестиция салу қажет. 

"Жалпы жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде құрылған. Бұл келісімшарт қаржыландыруды көздемейді. Мемлекет бұл жобаны өз серверлерінде орналастыруға жауап береді, серверлер мемлекет меншігінде болуы керек. Себебі, "Күнделік" жүйесінде Қазақстан Республикасы азаматтарының дербес деректері бар", - деді Kundelik компаниясының бас директоры Мұхтар Ілиясов.
Төтенше жағдай мен карантин кезеңінде электронды күнделік өте пайдалы болды. Осы жылдың бірінші тоқсанында порталға 6 миллион пайдаланушы кірді. Олардың әрқайсысы өз парағына үнемі кіріп отырды. Бұрын мұндай белсенділік байқалмаған. Айта кетейік, білім беру жобаларының әлемдік рейтингінде "Күнделік" 38-орында тұр. Ол - үздіктер қатарында.
stan.kz
06 қараша 2020 ж. 2 816 0