Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің ақшасы қалай қайтарылады?

Қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің ақшасы қалай қайтарылады?

Бұл сұраққа бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов жауап берді.

Оның айтуынша, ұйымның заңсыз әрекеті дәлелденіп, оған қатысы бар күдіктілердің қылмысы әшкерленсе мүліктері мен қаржылары тәркіленеді. 
Тергеу барысында ең алдымен күдіктілердің заңсыз әрекет кезінде жымқырылған қаржысын анықтауға басымдық беріледі. Және тергеу амалдары аяқталғанша мүліктері мен есепшоттарына шектеу мен бұғаттау шаралары жүзеге асырылады. Жәбірленушілердің қаржысының қайтарылуы тәркіленген қаржы мен мүлік есебінен сот шешімі арқылы қайтарылады, - деді ол.
Брифинг барысында келтірілген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері осындай 255 қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары жүргізілген, оның 120-сы сотқа жіберіліп, 98 адамның қылмысқа қатысы бары анықталды. Ал зардап шеккен тұрғындар саны 25 мыңнан асып жығылады. Олар қаржы пирамидасына жалпы соммасы 33 млрд 250 миллион теңгенің қаржысын салып жіберген. Алаяқтардың құрығына ілінгендердің басым бөлігі елдің оңтүстік және батыс өңірлерінің тұрғындары.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қаржы пирамидасының құрбандары болатындар - оңай жолмен тез байығысы келетіндер. Олар көп жағдайда жарнаманың жетегінде кетеді. Түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз. Бірақ бұл - жеткіліксіз. Мемлекеттік барлық құрылым, қоғамдық ұйымдар ең алдымен тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға азар аударып, оңай олжаның жетегінде кетпеуді насихаттауы тиіс, - деді ол.
12 қараша 2020 ж. 267 0