Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық министрлігі екінші тоқсандағы оқуға қатысты ақпарат таратты

Денсаулық министрлігі екінші тоқсандағы оқуға қатысты ақпарат таратты

Аймақтардағы бас санитар дәрігер өңірлік штабпен келісе отырып, жекелеген сыныптар мен мектептердің оффлайн оқыту режимін тоқтатуға шешім шығара алады. Келесі аптаның басында екінші тоқсандағы оқыту форматы анықталады. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлімдеді.
"Жалпы, ведомствоаралық комиссияның шешімі эпидемиологиялық жағдайды талдау негізінде қабылданады. Атап айтқанда, кезекші сыныптар мен штаттық режимде жұмыс істейтін мектептер арасында аурудың таралуы, сырқаттанудың республика бойынша төмендеуі және кейбір өңірлерде жаңа жағдайлардың тіркелмеуі басшылыққа алынады", – деді Байтанаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде оффлайн режимде оқитын оқушылар арасындағы сырқаттану деңгейін қашықтан оқитын балалар арасындағы сырқаттанумен салыстырғанда көрсеткіш төмен болып тұр.
Оған қоса, "қызыл аймаққа" енген аумақтардағы бас санитар дәрігер өңірлік штабпен келісе отырып, жекелеген сыныптар мен мектептердің оффлайн оқыту режимін тоқтатуға шешім шығара алады.
"Қалай болғанда да оқыту режимі екінші тоқсан басталған кездегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, яғни, ағымдағы жылдың 16 қарашасында өңірлерде шешілетінін хабарлаймыз", – деді комитеттің ресми өкілі.
Айта кетейік, 26 қазанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мектептерге қатысты шешім шығарған болатын. Оған сәйкес, екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300-ге жетпейтін қала және ауыл мектептерінің жұмысын дәстүрлі форматқа көшіру тапсырылды. 
Сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді.
Осылайша, екінші тоқсанда екі формат бойынша білім алатын балалардың болжамды саны төмендегідей негізде құралып отыр:
қашықтан оқыту форматында – 2,2 миллион;
дәстүрлі форматта – 1,2 миллион. Оның ішінде:
800 мыңнан астам бала кезекші сыныптарда (1-5 сынып);
шағын жинақты 4010 мектепте 434 мың оқушы;
13 халықаралық мектепте 3 мыңға жуық бала (1-7 сынып) оқиды. 
sputnik.kz
12 қараша 2020 ж. 614 0