Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зергерлік өнерді зерделеген

Зергерлік өнерді зерделеген

Әлімсақтан жалғасқан тарихымызда темірден түйін түйген шеберлер жетерлік. Олар көшпелі қазақ мәдениетінің жаңа келбетін қалыптастырды. Қыз келіншектердің әшекей бұйымдарын жасап, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттады. Бүгінде сондай шеберлердің сарқыты болып сақаталып келе жатқан жас шеберлер бар. Олар өздерінің өнерін кәсіппен ұштастырып отыр. Сондай қолөнер шеберінің бірі - Дәулет Қазбеков. Ол 10 жылға жуық уақыт осы өнермен етене жақын болып келеді.

        Дәулет бала кезден қолөнерге жақын болып өсті. Сурет салғанды жаны сүйетін. Аудандағы жалғыз зергер Құдайберген ағадан көп нәрсені үйренді. Сол кісінің өнеріне қызығып, әшекей бұйымдар жасауды армандап өсті. Мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға оқуға аттанды. Сонда жоғары оқу орынын есеп және аудит мамандығы бойынша бітірді.
     – Соңғы курста оқып жүргенде зергерлік бұйымдар жасайтын шеберханаға жұмысшы іздеп жатқандығы туралы естідім. Содан оқу оқи жүріп осы жұмысты істедім. Мұндағы шеберхана үлкен болатын. Негізгі зергерлер түрік азаматтар болды. Мен оларға көмекші болып қызмет істедім. Солардың жанында жүріп, осы өнердің қыр-сырын меңгердім. Кейінен оқу бітірген соң ауылға келдім. Бірақ ол кезде депломмен жұмыс жасау емес, өзімнің жүрек қалауым осы зергерлік өнерді терең меңгеруді ойладым, - дейді Дәулет.
         Дәулет зергерлік шеберхана ашу жобасын қолға алады. Осылайша мемлекет тарапынан берілетін жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік грантқа ие болды. Және "КБХ-StartUp2019" облыстық стартап жобалар байқауында үздік деп танылып, 500 000 теңге қайтарымсыз грант иегері атанды.
– Бүгінде біз секілді жас кәсіпкерлерге мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр. Соның арқасында біз өзіміздің ойға алған мақсатымызды орындап отырмыз. Берілген қаржыға өзімнің шеберханама қажетті аппараттар алдым. Қазір жұмысымды жолға қойып отырмын. Әлі де жоспарланған шаруалар бар. Бұл ісімді одан әрі дамытуды ойлап жүрмін, - дейді ол.
         Дәулет өзінің шағын шеберханасын, үлкейтуді жоспарлауда. Қазіргі күні оның қызметіне жүгінетіндер баршылық. Көбі жөндеу жұмыстарын жасатады дейді зергер. Ауданда мұндай өнерді кәсіпке айналдырған жандар некен-саяқ болғандықтан қызметіне жүгінетіндер көп.
         – Көбіне ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарды, ерлерге арналған оюлы жүзіктер жасауға тапсырыс түседі. Мұндай бұйымдарды жұмыстың күрделілігіне қарай жасап бітіремін. Кейбір жұмыстар бір күнде аяқталса, бір айда бітіретін жұмыстар да бар, - дейді зергер.
         Ол республиканың түкпір-түкпіріндегі зегерлермен берік байланыс орнатқан. Әркез ізденісте болып, олармен тәжірбие алмасып отырады. Ұлттық әшекей бұйымдарға жаңаша леп әкелген зергер мұндай өнердің қиындығымен қоса, қызықты екендігін айтады.
         – Әрбір қазақ үшін қолөнершілік жат емес. Біздің бала күнімізден осындай өнерге баулыған. Тек оған қызығушылық танытып, ізін қуатындар аз. Бұл қазақтың төл өнері. Сондықтан мен өзімнің бойыма дарыған осы бір ерекше қабілетінмді одан әрі ұштағым келеді, - дейді Дәулет.
         Қазақта «өнерлінің өрісі кең» деген жақыс тәмсіл бар. Дәулет те өзінің өнерін шыңдап кәсіпкерлікке бет бұрған талантты жас. Оның алға қойған маақсаттары көп. Алдағы уақытта зергерлік бұйым жасайтын шеберхана ашуды жоспарлап отыр. Осындай айрықша кәсіп бастап, таланттын шыңдаған талантты жастың бастамасы бүгінгі буынға үлгі болып қала бермек.
Н. Бақырадин
17 қараша 2020 ж. 1 228 0