Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЭЦҚ қажет емес: қазақстандықтар eGov.kz-қа түрін көрсетіп қана тіркеле алады

ЭЦҚ қажет емес: қазақстандықтар eGov.kz-қа түрін көрсетіп қана тіркеле алады

 Енді азаматтарға eGov.kz порталына биометрия арқылы тіркелуге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, қарапайым халық үшін eGov.kz порталына көшудің басты қиындығы – электронды цифрлық қолтаңбаны орнату және мобильдік базада тіркелу. Осы мәселелерді шешу үшін порталда биометрия арқылы тіркеу мүмкіндігі іске асуда.
«Енді eGov.kz пайдаланушысы болу үшін смартфоныңызды алдыңызға қойып, өз келбетіңізді көрсету жеткілікті. Қазір бұл тетік тестілеуден өтіп жатыр. Осы айдың соңына дейін іске қосамыз», ­– деді Мусин үкімет отырысында.
Сондай-ақ, көп сұралатын құжаттар еgov mobile қосымшасына цифрлық түрде шығарылғанын атап өтті. Цифрлық құжаттар сервисіне жеке куәліктен басқа жүргізуші куәлігі, дипломдар және басқа да құжаттар шығарылады. Мұндай құжаттар түрі әлі де көбейеді, деп сендірді министр.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 30-ға жуық анықтама түрін алып тастау жоспарланып отыр.
«Азамат қажет ететін мәліметтермен тікелей телефоны арқылы анықтама сұратпай-ақ бөлісе алады. QR-кодты көрсетіп, әлде мессенджер арқылы ұсынатын болады», – деді ол.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда eGov.kz-те қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін 500-ден астам ақпараттық жүйе мен 1 500-ден аса интеграция жұмыс істейді.
kyzylorda-news.kz
17 қараша 2020 ж. 619 0