«Қарекет» қоры: Аралда алғашқы үйді табыстады
Өмірде жақсылыққа зәру, қиындықпен күн кешіп жатқан жандар қаншама?! Олардың ауыр тағдыры естіген жанды бей-жай қалдырмасы белгілі. Әсіресе баспананың азабын тартып, үйден-үйге көшіп, пәтер жағалап күн кешіп жүрген жандар Жиреншенің «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөзін айтуды аңсайды. Елімізде осындай қоғамның әлсіз топтарына жәрдемдесу мақсатында «Қарекет» қайырымдылық қоры жұмыс жасап жатқандығы көпшілікке белгілі. Олар жомарт жандардан жиналған қаражатқа баспанаға мұқтаж азаматтарға баспана кілтін табыстап, қуаныш сыйлайды.
Жақында «Қарекет» қоры арқылы аралдық жалғызбасты Гүлсім апаның баспаналы болғандығы туралы естідім. Сұрастыра келе, оның телефон нөмірін іздестіріп тауып алып тілдестім. Мән-жайды түсіндіргенде жылы үнмен, жақсы қабылдаған апам өзінің қазіргі мекенжайын берді. Айтылған мекенжай бойынша келіп тұрмын. Бірақ дәл қайсы үй екендігін біле алмай, жан-жағыма қарайлап тұрғаным сол еді, кішкентай балақай «тәте, біздің үйге келдіңіз бе?» деп алдымнан жүгіре шықты. Білуімше, бұл – Гүлсім апамның ұлы. Мені өзімен ертіп үйіне алып келді. Алдымнан өмірдің соқпақ жолын тартып, сынаққа толы тағдыр кешсе де мойымаған, балалары үшін бар қайратын бойға жиған мейірімді, жүзі жылы әйел шығып, ыстық ықыласпен күлімдей қарсы алып, төрден орын ұсынды. Бейтаныс келген қонаққа жүгіре шыққан кішкентай балақайлар да ізеттілік жолдан айнымай сәлемдесіп жатыр.
Қабырғасы қатпаған алты бірдей баласымен осыдан үш жыл бұрын жолдасынан айырылып қалған Гүлсім үшін тағдыр жолы ауыр сынақпен басталған көрінеді. Баспананың жоқтығы, кішкентай балаларды бағу жалғызбасты ана үшін оңай болған жоқ. Жұмыс істеп, еңбектенгісі келді. Бірақ жолдасын жер қойнына тапсырғанда, кенжесі Нұрасыл 5 күн бұрын өмірге келген шақалақ еді.
– Жолдасымның мезгілсіз өмірден өткендігі бізге ауыр соққы болды. Сол кезде кішкентай балаларды бағып өсіру жауапкершілігі өзіме жүктелді. Оған қоса кенже ұлым дүниеге келгенде басы қысылып туған. Ерекше күтімді қажет етті. Мұның алдыңғы тұңғышым бастауыш сыныпта оқитын. Қалғандары мектеп жасына жетпеген-ді. Пәтерден пәтерге көшіп, үкіметтен беретін жәрдемақымен өмір сүрдік, – деп Гүлсім апа жолдасынан айырылғаннан кейінгі көрген қиындығы туралы толғаныспен айтып берді.
Қиналған сәтінде оларға көмек қолын созған жандар да көп болған. Қиналған шақта қол ұшын созған жомарт жүректі азаматтарды әсте естен шығару мүмкін емес деген Гүлсім апа, жанашыр болғандарға әркез тілеулес екендігін айтады.
– Адамзат үшін бала – өмірінің айнымас бөлшегі. Оларды жетілдіріп, жеткізу – менің міндетім. Қазір жолдасымның да қайтқанына үш жылға жуық уақыт болды. Аллаға шүкір, қиындықтарды да біртіндеп еңсеріп келеміз. Ең бастысы, баспанамыз болса деп армандаушы едік. Қазір жылы, жайлы үйіміз бар. Ең бастысы – өзіміздің үйіміз бар. "Кім қашан келіп босатыңдар» дейді деп алаңдап өмір сүрмейміз, қалғаны орнымен ретке келе жатар,– деді.
«Қарекет» қоры елімізде осындай мұқтаж талай жанға қуаныш, бүлдіршінге бақыт сыйлап келеді. Гүлсім апаның жағдайын естіген қор жетекшілері қалайда осы кісіні баспаналы ету керек деп, алдарына міндет қойған. Осылайша апамызға тосын сый ретінде үйдің кілтін қолына табыстағанда, апаның түс көргендей сезімде болғандарын қуана айтады.
– Гүлсім апа – ерге бергісіз іс тындырған әйел. Кіп-кішкентай алты баламен баспанасыз жүру деген өте қиын. Сондықтан біз апамыздың баспанасына қаражат жинап үйді алып, кілтін табыстаған шақта Гүлсім апа көз жасын тыя алмады. Әрине, бұл – қуаныштың көз жасы. Біз де қуандық. Ең бастысы, балалардың емін-еркін асыр салып ойнайтын өз үйлері болуына себепкер болғанымыз үшін қуандық, – дейді қордың Аралдағы жетекшісі Әсет.
Иә, олардың өз шаңырағы бар. Арманы асқақ балалар болашақ мамандықтарын да таңдап қойған. Бірі дәрігер болғысы келсе, бірінің арманы – полиция қызметкері болу. Мұндай мамандық таңдаудың да астарында мән жатыр.
– Біз жалдамалы пәтерде жүргенде маскүнемдер, бұзақылар үйіміздің терезесін сындырып, дүниемізді жымқырып кетіп, көп қиындық көрдік. Сондай кезде қорғаным жоқ болған соң қатты қорқып, көзіме еріксіз жас алатын едім. Менің дәрменсіз күйімді көрген балаларым: «Мама, жыламаңыз, өскенде біз полиция боламыз. Сосын бізге ешкім тиісе алмайтын болады дейтін»,– деген Гүлсім апа көз жасына ерік берді.
Оның жанын жоқшылық қана жүдеткен жоқ. Өзі де ауыр дерттің тырнағына ілігіп, ақырында құлан-таза емделіп шықты. Қарап отырсақ, тағдыр жолы әркімге өз қиындығымен келеді. Гүлсім апа да алдында кездескен қиындықтарға қарамастан, сағы сынбай ұл-қыздарын жалғыз жеткізіп келе жатқан ана. Ендігі арманы – осы балалары адам болып, өмірден өз орнын тапса екен деген аналық тілек қана. Біз де анамыздың ықыласына осы тілегі орындалса дейміз.
Назерке Бақырадин