Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жомарт жүректерді біріктірген қор

Жомарт жүректерді біріктірген қор

«Жақсылық жасасаң да –  өзіңнен, жамандық жасасаң да – өзіңнен» деп өмірдің түзуі мен бұралаңын екі ауыз сөзге сыйдырған қазақтың мейірімді жандары жетерлік. Әсте олар жақсылық жасауға құмар. Жамандыққа жаны қас. Сондай жастардың басын біріктірген «Арал мейірімі» қоғамдық қорының бүгінде алған асуы мен бағындырған белесі бір төбе. Жанына жылу, жүрегіне мейірім дарыған жандардың қайырымды ісін қоғамның осал топтарына теңдей үлестіріп келе жатқан бұл қордың құрылғанына көп жыл бола қоймаса да, қоғамдағы өздерінің орнын айшықтай білді. Бүгінде осы қордың құрамында еңбек ететін ерікті жастардың жыл аясындағы жұмысы көпке мәлім. Оның үстіне, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер жылы деп жариялады.
Әлеуметтік желіге зер салып қарайтын болсаңыз, тұрмысы төмен отбасылар мен қарт жандарға көмектесіп жатқан осы қордың мүшелері. Азық-түлік пен киім-кешек, қыстық отын мен қажетті құрылғыларды шын мұқтаждарға беріп, олардың ризашылығын алып жүрген ерікті жастардың артында мыңдаған мейірімді жүректер тұрғаны белгілі. Солардың қайырлы бастамасы арқылы қоғамның осал тұсына дем беріп отырған «Арал мейірімі» осы кезге дейін қаншама қайырлы істердің басында болды. Бұл кезге дейін қор өздерінің есеп шоттарына түскен қаражатқа баспанаға зәру отбасыға үй алып берген болса, сол жақсы бастаманың жарқын үлгісі осыдан 2 айдай бұрын тағы бір мәрте жалғасқан болатын.
Тағдыр қанша сын садағын қадаса да, бес балапанын қанатының астына алған жалғызбасты А.Жетекеева есімді батыр анаға «Арал мейірімі» қоғамдық қоры  баспана сыйлағанын бірі білсе, бірі білмес. Біле білгенге жақсылықтың төресі осы болмақ. Өйткені қазіргі уақытта баспанасыз жан бағу қиын. Әсіресе көпбалалы, жалғызбасты аналарға бұл қоғамның көмегі керек-ақ. Біз әңгімеге арқау еткен бұл бастамаларға әрбір аралдықтың үлес қосқаны айтуға тұрарлық. Сондай-ақ С.Есқуатұлы, А.Өмірзақов сынды кәсіпкерлер мен «Қанағат» құрылыс сауда үйінің бұл бастамаға қосқан үлесі айрықша. Қуаныштан төбесі көкке жеткен ананың жүрекжарды лебізі мен сол кездегі шынайы болмысы әсте бөлек еді. «Өз үйіміз болады» деп шаттанған балалардың да жылы әрі жайлы баспанада тұратыны көпке қуаныш сыйлағаны белгілі.
Қайырлы істің қайсысында болмасын көптің көз алдында жүрген «Арал мейірімі» қоғамдық қорының аудандық орталық мешітке де көрсетіп жатқан көмегі орасан. Айталық, табиғаттың тосын мінезіне тойтарыс бермеген мешіт ғимаратының шатыры ұшқан болатын. Соны жөндеу жұмыстарына аталған қор қайырымды жандардан түскен 200 мың теңге қаржыны бөлген. Алланың жердегі үйі, иман мен ізгілік жолындағы пенденің ортақ мекеніне айналған мешітке бүгінде көптеген жан бас сұғады. Сауапты іске мұрындық болып, өзіне рухани әрі діни азық алып қайтатын жамағаттың мұндай бастамаларға айтар алғысы зор.
Тағы да жүрегі кең жандардың қолдауымен  «Арал мейірімі» қоғамдық қоры мақтаныш емес, үлгі болу мақсатында балапандарға қуаныш сыйлап, тағы бір жақсы істі жүзеге асырды. Нақтырақ айта кетсек, аудандағы «Ұмай» мүгедектер қоғамында тәрбиеленіп жатқан 26 оқушыға сыйлықтар мен №262 мектеп-гимназияның 4 оқушысына ұялы телефон табыс етілді. Сонымен қатар «Түзету орталығы» (Коррекционный кабинет) кварц шамымен қамтамасыз етілді. Бұл да қайырымды жандардың көмегімен қолға алынған қайырлы іс. «Қуанса, бала қуансын» дейтін қазаққа осындай үлгі боларлық істер керек-ақ.
Міне, осындай істері арқылы қоғамның мейірімді екенін басқаларға дәлелдей алып жүрген «Арал мейірімі» қоғамдық қорының бірер айдың көлемінде қолға алған жұмыстарының бұл ең негізгілері ғана. Жақсылық жасап жарысуды жөн көрсе де, жариялауға келгенде тартынатын мұндағы қыз-жігіттердің еңбегі бағалауға тұрарлық. Қазіргі уақытта бұл қордың жан-жақта демеушілері мен сіз бен біз секілді қайырымды жандары бар. Солардың берген садақасын үлкен істерге жұмсап жүрген қордың қазіргі уақытта қоғамдық орындар мен дүкендерде арнайы садақа жәшіктері тұр. Сол жәшікке өз қолыңызбен салған әр садақаңыз сіздің жарқын өміріңізге жол ашуы мүмкін. Бұл – біз бен сізге ортақ іс.
А.Бисенов
29 қыркүйек 2020 ж. 597 0