Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ерікті болу еріккендік емес»

«Ерікті болу еріккендік емес»

Биыл еліміз бойынша еріктілер жылы. Әлдебір ықпалды бөлімнің немесе мекеменің, жеке бір тұлғаның тапсырмасымен емес, өз еркімен қоғамның әлсіз тұстарына қолынан келгенше көмек қолын созып жүрген ел азаматтарының жақсылыққа ниеттелген әр қадамын құптау мақсатындағы бұл жылдың ел жастары үшін орны бөлек болмақ. Ерікті жастар қазіргі уақытта ауданда да бой көрсетіп, өзінің азаматтық дара болмысын қалыптастырып келеді. Сондай жандардың бірі – Айбек Оңғаров бүгінде ауданда жұмыс істеп жатқан «Арал мейірімі» қоғамдық қорында ерікті жастардың бірі ретінде еңбек етеді. Жақында ол аталған қор тарапынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен волонтерлердің «Birgemiz» атты республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысып қайтты. Жас болса да азаматтық қоғам қалыптастыруға атсалысып жүрген Айбекпен Бас қаладан оралған соң бір сәт әңгімелесудің орайы келді.
– Айбек, еріктілер жылы ресми ашылды. Енді сендер үшін атқаратын жұмыстың жемісті боларына кәміл сенеміз. Өткен жыл да ел жастарына мүмкіндік ашқан жыл болды. Яғни сол өткен жастар жылы сен үшін несімен ерекшеленді?
– Тарих қойнауына тағы бір жылды қалдырып, жаңа бір жылдың парақтарын бастағалы да екі ай уақыт өте шығыпты. Жақсылықтары да бар, көңіл құлазытқан сәттері де бар. Біреуіне қуансаң, екіншісіне жүрегін іштей ауырып, қабырғаң қайысады. Бірақ ең бастысы, айналамыз аман, еліміздің іргесі берік, татулығым бекем. Сол үшін де Аллаға мың да бір шүкір дейміз. Елдік деген еңселі межеден өткен жылды сараптасақ, ел өміріндегі біраз өзгерістерге куә болдық. Халықтың игілігі үшін қаншама түйткілді мәселелердің түйіні тарқады. Мен бүгінгі биліктің саяси қадамдарына баға берердей сарапшы емеспін, бірақ осы елдің бір азаматы ретінде көпбалалы отбасыларға бөлінетін әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер, ауыл шаруашылығы саласы мен отандық өндіріс және де толып жатқан жақсы жаңалықтарға кәдімгідей қуандым, марқайдым.
– Ал биылғы жылдан қандай жетістіктер күтесің, өзің қатысып келген волонтерлердің «Birgemiz» атты республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатынан нендей ой түйіп қайттың?
– 12-13 ақпан күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен волонтерлердің «Birgemiz» атты республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына аудандағы «Арал мейірімі» қоғамдық қорының атынан қатысып, өзім секілді жанымдағы еріктілерге алған әсерімді бөліскім келді. Президент қазақстандық жастармен кездесуінде: «Волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне қосу әдістемесін енгізу маңызды. Әсіресе, бұл осы салада тұрақты істейтіндерге қатысты. Менің ойымша, бұл маңызды мәселе», – деді. Сонымен қатар Үкіметке волонтер студенттердің шәкіртақысын көбейту мәселесін шешуді тапсырды. Ал коммерциялық бағытта оқитындар үшін әлеуметтік студенттік кредит жүйесін енгізу қажеттігін, Волонтер жылы аясында жылдың ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда 7 жалпыұлттық жобаны іске асыру жоспарлары жөнінде атап өтті. Сондай-ақ жергілікті деңгейде әр өңірге 10-ға дейін волонтерлік стартапты қолдау және іске асыру, волонтерлер және волонтерлік ұйымдармен жұмыс бойынша үйлестіру тәрізді бірқатар шараларды ұйымдастыру қарастырылды.
– Жалынды, жігерлі жастардың басын біріктірген республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатынан алған әсеріңмен бөліссең...
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесудегі әсерді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Президентпен кездесуден өте керемет әсер алдым. Түрлі семинар-тренингтер, мотивациялық тренингтер және қызықты ойындар өткізілді. Енді «BIRGEMIZ» республикалық фронт-кеңсесі бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік оқыту және ақпараттық орталық ретінде жұмыс істейді. Жас­тар үшін осындай мүмкіндік жасап жатқан Президентке алғысымыз шексіз. Осы кездесу арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен танысып, пікір алмастық. Осы ретте «Арал мейірімі» қоғамдық қорының ерен еріктілерімен және Арал жастарын 2020 жылы «Волонтер» жылында бірге жұмыла жұмыс істеуге шақырамын. Елі үшін еңбек ететін жастар қараусыз қалмайды. Президентпен кездесу мен үшін үлкен жеңіс, үлкен мәртебе. Біз үшін жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Қоғамда да күнделікті жиі қолданылып отыратын «Кең болсаң – кем болмайсың» деген өміршең сөздің мәніне үңілсеңіз, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Меніңше, осы бір өміршең сөз қазіргі ерікті жастардың ұранына айналуы керек деп ойлаймын.
– Айбек, өзіңнің ерікті жас ретінде еңбек ететініңді білеміз. Жалпы, сенің түсінігіңде «ерікті» деген кім? Осы жағына тоқтала өтсең...
– Ерікті деген ұғым аты айтып тұрғандай, өз еркімен, ешқандай ақысыз қоғамға қызмет ететін адам. Осыдан 5-6 жыл бұрын ел санасында ерікті деген ұғым жоқ-тын. Ішінара көзі ашықтар байыбына барғанмен, жете түсіне де бермейтін. Ал қазір еріктілер қоғамның бір мүшесі болып қалыптасты. Еріктінің болуы, оның бірұдай дамып тұруы міндетті. Бұл – заман талабы. Жастарды халықпен бірге жұмыс істеуге үйретудің негізі олардың бағыттары мен ұстанымдарын қолдап тұратын ұйымдардың болуы деп санаймын.
– Сіз еріктілеріңізді санаттарға бөлесіз бе?
– Біріншіден, ерікті ол – бұл жолға өз еркімен келетін адам. Мен уақытымды бөліп, қатарға қосылып жүргеніме бір тиын ақша төлеуін ешкімнен талап ете алмаймын. Бұл жай ғана жүрек қалауы, азаматтық парыз. Еріктілер көбейсе, қоғам ізгіленеді деп есептеймін. Себебі мұның артында бақай есеп болмайды. Қысқасы, ерікті болу еріккеннің ісі емес. Мен қоғамға көмектесемін, ұйымның белсенді мүшесі боламын не белгілі бір дәрежеге көтерілемін, артылған жүкке жауапкершілікпен қараймын.
– Биылғы жылдың еріктілер жылы екенін білеміз. Жақсы жаңалықтардың шетін де естіп жатырмыз. Өз басың қоғамда белсенді қызмет атқарып келе жатқан осы еріктілерге қандай мүмкіндіктердің қарастырылғанын қалайсың?
–  Әрине бұл жұмыстар әрбір жанның жан қалауымен жасалатын жұмыс болғандықтан, біз әзірге қандай да бір билік өкіліне талап қоюдан аулақпыз. Өз басым солай ойлаймын. Ал Мемлекет басшысы тарапынан биылғы жылдың еріктілер жылы болып аталып өтілуі біраз мүмкіндікке жол ашатынын меңзеп тұрғандай. Мәселен, волонтердің жұмыс тәжірибесін еңбек өтіліне қосу және жоғары оқу орындарына, колледждерге түсу кезінде волонтерлік қызметті есепке алу мүмкіндігін қарастыру жолға қойылып жатыр. Бұл мақсатта ел аумағында 7 жалпыұлттық жоба аясында волонтерлік қызметті қолдау орталықтары құрылған. «Білім» жобасы бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша волонтерлік көмек ұйымдастырылмақ. «Сабақтастық» жобасы бойынша волонтерлер балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасайды. «Саулық» жобасы адамдарға медициналық көмек көрсетуге ықпал етуді, ал «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауды мақсат тұтады. «Асыл мұра» жобасы аясында волонтерлер мәдени-тарихи мұраның қорғалуы мен сақталуына атсалысады. «Қамқор» жобасы шеңберінде еріктілер қарттар үйлеріндегі адамдарға қол ұшын созады. Және де «Үміт» жобасы арқылы волонтерлер хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздейді. Жоғарыдағы жобаларға шағын гранттар бөлінеді.
Міне, осы сынды ауқымды бастамалар мен тиімді жобалар алдағы жылдардың еншісіндегі атқарылар істер.
– Ал енді өзің шынайы ниетіңмен жұмыс атқаратын «Арал мейірімі» қоғамдық қоры жайында, атқарған жұмыстар жайында сөз сабақтасақ...
– Аудандағы тұрмысы төмен отбасы мен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелеріне көмек қолын созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүрген «Арал мейірімі» қоғамдық қорын аудан халқы назарынан тыс қалдырған емес. Екі жыл бой халыққа тигізген пайдасы аз болмады. Осы уақыт аралығында қоғамдық қор 80 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етсе, 250 отбасына киім-кешек және 16 отбасына қыстық отын, көмір түсіріп берді. Одан бөлек, қала тұрғыны, жалғызбасты ана Назира есімді замандасымызға баспана тарту етсе, өмірге үлкен сынақпен келген Айда Ізгергенқызы есімді қыздың еміне 500 мың теңге жинап берді. Сонымен қатар қарт кейуана Мауты әжеміздің үй құрылысына 180 мың теңге ақшалай көмек көрсеттік. Дегенмен, қор еріктілері мұнымен қарап қалмады. Тағы 4 баланың еміне ақшалай көмек берсе, 6 отбасына қаржылай көмек көрсетілді. Тағы бір ескерер жайт, қор Арал қаласындағы психологиялық-педагогикалық түзету мекемесімен тығыз байланыс орнатқан. Ондағы болып жатқан шараларға белсенді түрде қатысып, тәрбиеленуші балаларға сыйлықтарын ұсынып жүр. Қазіргі таңда қорда 14 ерікті жұмыс істейді. Барлығы дерлік «Алланың разылығы» деп жүрген белсенді жастар.
– Қоғамдық қордың жетістіктерін атап өтсең.
– «Арал мейірімі» қоғамдық қорының осы уақытқа дейін жеткен жетістігі аз болмады. Атап айтсақ, 2019 жылы «Арал мейірімі» «VOLUNTEER FEST» облыстық жас еріктілер фестиваліне қатысып, Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақовтың Алғыс хатымен, аудандық және қалалық деңгейдегі жұмыстарының бағасы ретінде Алғыс хаттармен марапатталды. Жақсылықтың қайтарымы болар, еңбегімізді елеп-ескерген жандар да болды. Соның бірі – «Арал мейірімі» қоғамдық қоры 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік ұйымы» атағын иеленді.
– Өзің сияқты жастарға айтарың бар ма?
– Иә, бір-бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз сарқылмаса екен дейміз. Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту – барлық азаматтың борышы. Ендеше, болашағымыз баянды болсын десек, бір-бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық дегім келеді.

Сұхбаттасқан А. Бисенов
22 ақпан 2020 ж. 1 087 0