Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспана тарту етті

Баспана тарту етті


«Адам ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл да қайырымды болуға тиіс. Тек сонда ғана оның осынау адам деген мәртебелі атпен аталуға құқы болады» дейді әйгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовский. Осы бір ғана сөздің тереңіне үңілер болсақ, қаншама мән-мағына табамыз. Ал, осы қасиетті бойына сіңіргендердің ісінен ше? Ол тіпті бөлек әңгіме. Біз жүрегі нұрға, жанары жылуға толы алақаны жомарт жандардың жақсылығын жалпыға жеткізуді жөн көрдік.
Ауданда көлемді жұмыстармен көңіл қуантып жүрген «Арал мейірімі» қоғамдық қорының белсенділігі жайында әлеуметтік желілер арқылы көп еститінбіз. Бұл жолы қоғамдық қор басшысы Әбілқайыр Қаражановпен тілдесудің сәті түсті.
Алғашында 2018 жылдың Рамазан айы уақы­тында аудандық орталық мешітпен тікелей байланыста болып, өз жұмысын жасаған азаматтар 5-6 ай көлемінде ғана жұмыс жасап, кейіннен тоқтап қалған екен. Бірақ, игі жақсыларды қашан да іздеп, оларды өз орталарынан көруге құлықты қазақпыз ғой. Аталған жастардың жұмысын жандандырса деген халықтың қолқасы оларды қамсыз қалдырмапты. Осылайша 2019 жылдың қаңтар айынан бастап қайтадан құрылған «Арал мейірімі» қоғамдық қоры бүгінде елдің аузында жүр.
Жүрмегенде қайтсін?! Қыс маусымдарында жылусыз қалған мұқтаж азаматтардың шаңырағына ғана жылу сыйлап қоймай, көңілдеріне де жылу сыйлап, көмір, отынына жәрдемдескен жастардың шамасы тек мұнымен ғана шектелген емес.
Қайырымдылықты азаматтық борышы деп білетін белсенділер бүгінгі таңда көңілі күпті тұрғындардың талғамынан табылып, ризашылығына бөленіп келеді.
Қордың құрылтайшысы Әбілқайырдың сөзіне сүйенсек:
– Қор аясында 10 адам жұмыс жасап жатыр. Барлығы дерлік еріктілер. Жарамды киімдер мен балалар сөмкелері, өзге де тәттілер мен ойыншықтар, азық-түліктер үлестіріліп келеді. Мәселен, мамыр айының 8-інен бастап 1 айдан астам уақыт ішінде 98 адамға киім таратылса, 19 адам азық-түлікпен қамтылды. Қашан да бізге демеушілік танытып жүрген жандар мен қаладағы орналасқан 25 садақа жәшігі арқылы қаржы жинауға үлес қосқан азаматтарға алғысымыз шексіз, – дейді.
Сонымен қатар, науқас 3 ба­ланың еміне де қаржы жиналып, көмек көрсетілген. Қоғамдық шараларға да үн қосып, 10 шарада қоғамдық қордың аты аталып үлгерген. Жастар жылы аясында және мерекелік шараларда қолдауын танытып жүрген жастар әйелдер мерекесінде аналарды қуантса, балалар күні қарсаңында бүлдіршіндерге шаттық сыйлады.
Иә, бұл өз алдына. Ал біздің ендігі тілге тиек етеріміз көңілді босатып, еріксіз алғыс айтуға мәжбүр етеді. Мамыр айының 16-сы күні қордың жастары мақтанарлық шар­уа тындырды.
«Арал мейірімі» қоғамдық қо­рына көп балалы, жалғыз басты ананың жағдайы жетеді. Пәтер жалдап тұрып жатқан ананың мұқ­таждығы мен науқас баласының күйін естіген жандар қарап отыра алмады. Осылайша көп балалы ана Нәзира Смағанбетоваға баспана алып берді.
Қуанышқа бөленген Нәзира:
– Мұндай жағдайда қуаны­шым­ды қалай жеткізерімді де білмей тұрмын. Осы күнді қанша күттім. «Жеке баспанам болады» деген ойымды тек арманым ғой деп қана елестетуші едім. Бірақ, қолы ашық, жүрегі жайсаң жандардың арқасында, демеушілердің қол­дауы­мен және «Арал мейірімі» қоғамдық қорының араласуымен бүгін сол арманыма жетіп, төбем көкке бір елі ғана қалып тұр. Осындай жастар бар жерде еліміздің еңсесі биік, болашағы нұрлы боларына, әрбір қазақтың ескерусіз қалмайтынына кәміл сенемін, – деп қуаныштан көзіне жас ала отырып бар алғысын жеткізді.
«Көптің батасы қабыл» дейді қазақ. Жұртшылықтың алғысы мен ризашылығына бөленіп жүрген жандарға біздің де тілеріміз көп-ақ. Әр қазақты жалғызы санаған Сабыр Адайдың сөзінен үлгі ал­ған, игілікті істі пенделік мұраты деп білген жастардың жолына, қада­мына жеміс тілейміз.
Десе де, көпшілік тани білмейтін «Арал мейірімі» қоғамдық қорының ілкімді істері тар ауқымда ғана таралып қояды ма деген қаупіміз бар. Желі арқылы жұмысын жа­рия­лап, белсендігін танытып жүрген бұл қордың да еріктілері көбіне жас­тар жағы. Ал, жастарға қашан да қолдау керек. Себебі, елдің үміті де, болашағы да солардың қолында.
Ай сайын 15 мың теңге төлеп, кеңселерінің өзін жалға алып жүр­ген жалынды жастар әлі де қолдау болса, көп іс тындыруға болар еді дейді. Жұрт болып жиылып, жұдырықтай жұмылсақ, қоғамдағы көмекке мұқтаж адамдардың мерейін өсірер едік. Биыл елімізде «Жастар жылы» екені белгілі. Осы орайда өз істерімен жүрекке жылу сыйлап жүрген бүгінгі буынға демеу болсақ дейміз. Себебі қолдау бар жерде ғана өрлеу бар.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
18 маусым 2019 ж. 2 676 0