Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жан басына қаржыландыру жаңа мүмкіндік пе?

Жан басына қаржыландыру жаңа мүмкіндік пе?

Оқу жылының басында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова: «Жаңа оқу жылының ерекшелігі – қала мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіріледі. Яғни, Арал ауданынан – 9 мектеп, Қазалы ауданынан – 3, Байқоңыр қаласынан – 5, Қызылорда қаласынан – 41 мектеп, барлығы 58 білім ошағын аталған механизмге көшіру үшін алдын ала жоспарлы дайындықтан өтті» деген болатын.
Жалпы «Жан басына шақ­қандағы қаржыландыру» деге­німіз не? Бұл – қаржылан­дырудың жаңа талабы. Білім беру саласының бүгінгі мін­деттері бойынша орта білім беру ұйымдарының арасында өзара бәсекелестікті арттырып, материалдық базаны нығайтуға жұмсалатын қаржының бала санына сәйкес біркелкі бөлінуін қалыптастыру. Бала санына қарай қаржы бөліну тетігі ди­ректорлардың жұмысын жа­ңа деңгейге шығарады деп кү­тілуде. Мәселен, бұл орайда мектеп басшысы білім бе­руді дамытудың жаңа талаптарын негізге ала отырып, оқу­шылардың жетістігі мен мұ­ғалімдерді қолдау шарала­рына барынша басымдық бе­ретін болады. Айта кетейік, осыған сәйкес жаңа оқу жылында балаларға патриотты тәр­бие беруде «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы енгізіледі. Сонымен бірге, 53 мектепте факультатив негізінде домбыра сағаттары бөлінеді.
Жуырда Халықаралық «Бі­лім – инновация» қоры мен  облыстық білім басқармасы арасындағы меморандумға сәй­кес 10 мектеп директоры ел­ордадағы «Білім – инновация» қорының мектеп-лицейіне барып, халықаралық талаптарға сай білім мен тәрбие беруге бағытталған мектептердің тәжірибесін көрді. Облыстық басқарма басшысы А.Қасымова құндылықтарға негізделген бі­лім беру жүйесі мен жан басына қаржыландыру тетігін енгізуге қажетті жаңашыл идеяларды іске асыру мақсатында аталған білім беру ұйымдарымен екі­жақты меморандумға отырды.  Елордадағы № 54 мектеп-лицейінің тәжірибесімен та­­нысқан мектеп басшылары жан басына қаржыландыру жо­басы арқылы оқу орнының ма­те­риалдық-техникалық ба­за­сын арттырумен қатар, оқу­­шы­лардың халықаралық до­даларға қатысуына мол мүм­кіндік бе­ріп, мұғалімдердің ІТ сауат­тылығын арттыруға да тиімділігі мол екендігіне назар аударды. Сонымен қатар, саланы басқаруда менеджерлік қабілетті арттыруға арналған жобалармен танысуға мүмкін­дік алды.
«Білім – инновация» қоры­ның шақыртуы негізінде «Nur Orda», «Spectrum» халықаралық мектебі мен балабақшасының оң тәжірибесін көріп, өзара кері байланыс орнатты. Бұл орайда мектеп басшылары оқу­шылардың функционалдық са­уатын көтеруге арналған бір­қатар ерекшеліктерді байқады.
– «Білім-Инновация» ха­лық­­аралық қоғамдық қоры ұй­ымдастыруымен өткен тә­жірибе алмасу семинары өте жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылған. Ең әуелі білім қо­рының жұ­мы­сымен танысып, иннова­циялық мектептердің бас­қа­ру тәсілдері және он­дағы ұйым­дастырылатын әдіс­темелік жұ­мыстар, дарынды оқушылармен жұмыс, ата-ана мен мектеп арасындағы байланыстардың ерекше әдіс­терін көрдік. Мек­теп оқу­шыларын пәндік олим­пиа­да­ларға және әлемнің ең жақ­сы университеттеріне тү­суге дайындайтын «Edlight» академиясының жұмысы, ұс­таз­дарды қолдау орталығы, қоғаммен байланыс орталығы­ның жетілдірілген жұмыстары – негізгі идеологиясы құнды­лықтарға негізделге білім бе­ру ұйымдарының жұмысын жандандырып отыр. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген­дей, әсіресе біз жақыннан танысқан «NurOrda» мектебі, «Spectrum» халықаралық мек­теп пен балабақшасы, №54 мектеп-лицейі, №73 фи­зи­ка-техникалық мектеп-ли­цей­інің тәжірибесі ерекше әсер қал­дырды. Балаға тіке­лей білім беретін мұға­лімді айтпағанда, мектеп ғима­ра­тында орналасқан әрбір жан­сыз дүниелердің өзін­де оқу­шыларға ой салар­лық­тай мән-мағына бар. Тәжі­рибе ал­­масу семинарының не­гізгі ерек­шелігі көріп-біліп қа­на қайту емес, озық тәжіри­бе­лерді өңірімізге енгізу бағы­­тындағы жұмыстарымен жал­ға­сатындығы – Сыр өңірінен барған біздер үшін жаңа міндеттерге жол ашты, – дейді Арал қаласындағы №220 ор­та мектеп директоры Әліби Әбілбаев.
Дәл қазіргі жаңғыру жағ­дайында жас ұрпақты  жаһан­дық талаптармен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттер­ден сақтай отырып, әртүрлі өмірлік жағдайларда заманауи құндылықтарды тиімді қол­да­натын шығармашыл тұлғаны тәрбиелеу – білім саласының басты бағыты. Айталық, биыл­ғы оқу жылынан бастап об­лыстың барлық білім беру ұйымдарына «Құндылықтарға не­гізделген білім беру» жобасы енгізілді. Жобаның мақ­са­тына сай оқушылардың көш­басшылық қабілеті артып, ата-ана мен мектеп арасындағы бай­ланыс нығая түседі.
syrboyi.kz

24 қараша 2020 ж. 762 0