Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас журналист жетістігі

Жас журналист жетістігі

Ауданның белсенді де білімді жастары биыл үшінші жыл қатарынан аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығымен марапатталды. Былтыр бұл сыйлыққа тұңғыш рет «Жас журналист» аталымы қосылып, оны аудандық газеттің тілшісі Балтабай Ордабеков иеленген болатын. Биыл бұл қатарға аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің жас журналисі, әлеуметтік желі белсендісі әріптесіміз Майя Қожабай қосылды.
Шаған ауылының тумасы Майя Қожабай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 2018 жылғы түлегі. «Журналистика» мамандығы бойынша жоғары білім алған ол өзінің еңбек жолын аудандық газетте бастаған. С.Ерімбет, Ш.Нұрсейітов, Б.Жанәлі секілді алдыңғы буын өкілдерінен мол тәжірибе жинақтаған жас тілші бүгінде аудан халқына сапалы, мазмұнды ақпарат тарату жолында жемісті еңбек етіп келеді. М.Бақытжанқызы әсіресе жастар саясатының дамуы мен жетістіктері жөнінде қалам тербеп, өнерге, білімге, спортқа құмар жастардың басылым бетіне жарыққа шығаруды мақсат еткен.
– Журналистика саласында еңбек ету қызық әрі қиын. Қызығы түрлі саланың өкілдерімен кездесіп, пікірлесіп, атқарып жатқан жұмысын ақпараттандырамыз. Ал, қиындығы мақалада бір әріптен, бір саннан қате кетсе, ол өшірілмейді. Сондықтан әр мақаланы қатесіз жазуға тырысамын. Жастар саясатының дамуына қосқан үлесім ескеріліп, «Өрлеу» жастар сыйлығымен марапатталғаныма қуаныштымын. Ұжымның сенімін ақтап, алдағы уақытта басылым арқылы оқырманға ойлы мақалалар ұсынып, еңбек ететін боламын, – дейді жас тілші.
Атап өту керек, «Өрлеу» сыйлығының иегері негізгі қызметінен бөлек «Шаған жер» серіктестігінің PR маманы ретінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ «Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тағы да бір жоғары білім алып жатыр. Жетістік желкенін керген жас журналистің «Өрлеу» сыйлығын иеленуіне орай аудандық газет редакциясында жиналыс өтіп, бас редактор А.Ибрагимұлы ұжым атынан құттықтады. Әріптесімізге шығармашылық сәттіліктер тілейміз!
Жұлдызай АНШАЕВА
tirshilik-tynysy.kz
26 қараша 2020 ж. 706 0