Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төлем карточкасын кім бұғаттай алады және бұл жағдайда не істеу керек?

Төлем карточкасын кім бұғаттай алады және бұл жағдайда не істеу керек?

Банк тауарларға төлем жасау, сондай-ақ  ақшаны шешіп  алу бойынша жеке тұлғаның карточкасы арқылы жүргізілетін операцияларға қандай жағдайларда және қандай негіздемелер бойынша толық немесе ішінара тыйым салуы мүмкін?
Төлем карточкасын бұғаттау дегеніміз – төлем карточкасын қолданумен, оның ішінде тауарлар үшін ақы төлеу мен ақшаны шешіп алу операцияларына толық немесе ішінара тыйым салу. Қазақстан заңнамасының шеңберінде «бұғаттау» ұғымы төлем карточкаларына қатысты ғана қолданылады.
Төлем карточкалары қай кезде бұғатталуы мүмкін: 
1) төлем карточкасын ұстаушыдан төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе рұқсатсыз пайдаланылғандығы туралы хабарлама алған;
2) төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартты орындамаған;
3) төлем карточкасын пайдаланудың эмитент пен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген ішкі құжаттарын сақтамаған жағдайларда бұғаттайды деп белгіленген.
Бұл ретте төлем карточкасын бұғаттау талаптары оны шығару туралы шартта келісіледі. 
Шығыс операцияларын жүргізуге шектеу уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тиісті шешімдерінің (салық төлемеген, тергеу жұмыстары жүргізілген кезде, алаяқтық операцияларға күдік болған кезде) не Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген ұйымдар мен жеке тұлғалар туралы ақпаратының негізінде салынады. 
Ал егер еңбекақы алатын карта бұғатталады ма?
Еңбекақы алатын төлем карточкасы ешқандай жеңілдіктер бермейді. Оның кәдімгі төлем карточкасынан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан еңбекақы алатын төлем карточкасын бұғаттау ондай картаны шығару туралы шартта белгіленген бұғаттау талаптарына сәйкес барлық карталарға арналған ортақ негіздерде жүзеге асырылуы мүмкін.
Банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру немесе шоттағы ақшаға тыйым салу заңнамада белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы тиісті өкімдері немесе тыйым салу актілері болған жағдайда, карточка бұғатталады.  
Банк санкциялар туралы хабарлауға міндетті ме?
Төлем карточкасын шығару туралы шартта банктің клиентке тиісті хабарламаларды жіберу тәртібі, тәсілдері, жағдайлары толық жазылуға тиіс. Банк пен клиенттің мұндай қарым-қатынасы шарттық қатынастармен реттеледі. Шартты мұқият оқу керек.  
Банк қандай да бір транзакцияны бұғаттауға құқылы ма?
Ия, мүмкін. Мысалы, төлем карточкасы бойынша күмәнді, күдікті операциялардан өту кезінде. Карточкамен санкцияланбаған (алаяқтық) операциялардың алдын алу үшін банктер олардың жекелеген түрлеріне жүйелік шектеулер белгілеуі мүмкін. Оларды белгілеу талаптары, сондай-ақ алу тәртібі де төлем карточкасын шығару туралы шартта жазылған. 
 Бұл ретте, егер банктің клиенті – ұйым немесе жеке тұлға терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне кіретін болса, банктер олардың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын дереу тоқтата тұруға міндетті. 
Егер карта немесе шот бұғатталса не істеу қажет? 
Егер осындай жағдай орын алса, банктің қолдау қызметіне жүгіну қажет. Клиенттің банктік шотындағы ақшаны жұмсау уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тиісті актілері/шешімдері/өкімдері негізінде шектелген жағдайда, түсінік алу үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға жүгінген дұрыс.  
Төлем карточкасы бұғатталған жағдайда, соған байланыстырылған банктік шот бойынша операция эмитент банктің бөлімшесінде касса арқылы жүргізіле алады. Бұл ретте жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет.
Карточканы бұғаттан қалай шығаруға болады?  
Егер төлем карточкасын клиенттің өзі бұғаттаған жағдайда ғана оны банктің интернет-ресурсында жеке кабинетте бұғаттан шығаруға мүмкін болады.
Төлем карточкасы бұғатталған не банктік шот бойынша шығыс операциялары тоқтатылған кез келген жағдайда, карталардың иелері банкке сұрату жібере алады және банк түсініктеме беруі тиіс. Егер банк әрекетінің заңды екендігіне күмәндансаңыз, өз құқықтарыңызды қорғау үшін сот органдарына да, сол сияқты қаржы реттеушісіне де жүгіне аласыз. 
kyzylorda-news.kz
28 қараша 2020 ж. 555 0