Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайран, Көкарал!

Қайран, Көкарал!

Телефон соғылды. Құлақ түрдік. Қарлық­қан дауыс. Сәл-пәл жөтеліп алып:– Қуанышбай ініміздің кітабы шығыпты. Қолыңызға тиді ме? Ақтөбе қаласында басылған. 241 беттік. Теңіз жайлы ғой. Па-й, көгілдір айдынымыз-ай! Сағынышқа айналғаны қашан?! – деп толғанады.
– Е-е, сол азаматтың 2011-жылы жарық көрген «Құтты шаңырақ» кітабын оқығаным бар. Өткен-кеткенді бүгінгі ұрпаққа жеткізгенге не жетсін?!-деп шынайы ойымды білдірдім.
«Көкарал» биігің қазіргі «Қаратерең-Көкарал» плотина­сына зәу төбеден көз тастап маңқиып тұр ғой. Аштық пен қуғын-сүргінге, кешегі 1941-1945 соғыс жылдарында жер аударылғандарға пана болған аймақ еді-ау! Сол соғысқа Ауан мен Көкарал ауылдық кеңесінен 333 адам шақырылған екен. Солардың 98-і ғана оралған. 235-і майдан даласында қал­ған. Бәрінің де аты-жөні беріліпті. Кітаптың «Тарихы кенен Көкарал» деп аталуы да кім-кімді де зер салып оқуға шақырғандай. Қуанышбай 1966 жылдары кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келіп, Алматының энерго­құрылыс техникумын бітіргелі осы Аралда. Аудандық электр жүйесінде инженер, бастықтың орынбасары болып жүріп, еліміз тәуелсіздік алып, нарық­тық экономика келгесін 1998 жылдан Арал мен Қазалы аудандарын жабдықтайтын «Дәу­летэнерго» ЖШС-ның дирек­торы. Содан бергі 22 жыл бойы осы қызметте. Аудан­дық мәслихаттың 3-4-ші шақы­рылымдарының депутаты, ол ауданның «Құрметті азаматы» да. Марапаттары да баршылық. Қоғамдық іс-шараларға демеуші, қайырымды басшы ретінде де көпке танымал.
Ал қызмет арасында қаншама дерек жинап, архивтерді ақта­рып, көз майын тауысып кітап шығаруы, бұл енді ерлікке пара-пар іс десек болады. Сөз басында былай депті:
– «Құрметті көкаралдық бауыр­­лар! Адам айтса нанғы­сыз, ғасырлар бойғы ата-баба­ларымыздың қонысынан ауып, ауылымыз жер бетінен жойылып кетеді деп ешқайсымыз ойлама­ған болармыз. Адам қолымен жасалған зұлымдықтың әсері­нен «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, туған жері­мізде тек қана әр төбе басындағы ата-баба қорымынан басқа ештеңе қалмады. Ауылымыздың кезінде қандай болғаны, кімдердің онда өмір сүргені, бізді осы күнге жеткізген ата-әжелеріміз туралы ұмытып барамыз. Келешек ұрпағымыз біле жүрсін деген оймен осы кітапты құрастырып отырмын. Кітапқа ауылда азды-көпті әр салада еңбек еткен, қазір жасы жетпістен асқан азаматтар кіріп отыр. Бұл кітап әдеби көркем шығарма емес, естелік ретінде ауылдастарыма арналған».
Міне, «Көкаралдың» байыр­ғы балық­шысы, кейін кол­хоз басқармасының орын­басары қызметін ұзақ жыл атқарып, ауыл-аймағына сый­лы, қадірменді Ердіхалық ақса­қалдық ұлы Қуанышбай осы­лайша қалам сілтепті. Кітаптың оқуға тілі жеңіл әрі нақты фактілерге толы.
Мақтансаң, осындайда мақтан!
(Екі ғасыр сақталған дерек)
1995 жылы Франция Ва­тер­леоо түбін­дегі шайқас жеңісі­­нің 180 жылдығын атап өтті. Сол салтанатты шараға қаты­суға көтпеген елге шақырту жіберілді. Соның ішінде Қазақ­стан да бар. Біздің мемле­кеттік делегация салтанатқа 30 жылқы, 6 зеңбірек және 6 киіз үй алып барды. Француздар әлгі киіз үйлерді әскери шайқастың театрландырылған көрініс өтетін алаңның дәл ортасына тікті. Олар Франция армиясының бас штабын орналастыру үшін біздің делегацияға өтініш айтып, киіз үйдің бірін сұрап алады.
Салтанатты шара кезінде деле­гаттардың бірі тілмаш ар­қылы:
– «Бізді не үшін бұл іс-шараға шақырды? Қазақтардың Ватерлеоо шайқасына қандай қатысы бар?» деп сауал қояды.
Сонда Француз генералы былайша жауап қайтарыпты:
– Сіздер, қазақтар, өздеріңіз­дің ата-бабаларыңыздың 1812 жылғы ерліктері туралы білмей­сіздер. Наполеон армиясының Ресей түкпіріне дендеп енуіне  дәл солар кедергі жасады. Фран­ция мұрағаттарында Напо­леонның Ресейге жорығына қатысты барлық деректер бар. Қанша адам аттанды, қаншасы қаза тапты, тұтқынға түскендері қанша, хабарсыз кеткендері қанша деген мәлеметтермен қатар, қанша шарап ішілгені, жылқыларға қанша жем бөлін­гені туралы деректердің бәрі хатталған. Бұлардың бәрі Фран­цияның өткен тарихы ретінде сақталады.
Наполеон Бородино түбіндегі шайқаста Кутузов басқарған орыс армиясын үлкен шығынға ұшыратты. Кутузов Мәскеуді қорғауға шамасы келмей, әлсіреген армия қалдығымен шегінуге мәжбүр болды. 1812 жылдың 14 қыркүйегінде Наполеон Мәскеуді алып, онда 34 күн болды. Кейіннен еш жақтан қауіп күтпеген Француз армиясына кенеттен белгісіз атты әскер армиясы шабуылдап, француздарды шегінуге мәжбүр етті. Француздар өздеріне кімдер шабуыл жасағаны туралы іздестіру барысында келесі фактілерді анықтайды.
Сөйтсе, орыс патшасы І-ші Александр қазақ ханынан көмек  сұрап, хабаршы жібереді. Қазақтар патшаның өтінішін жерге қалдырмай, көмек көрсету туралы шешім қабыдайды. Осыдан соң Ұлы жүз 50 мың, орта жүз 12 мың, кіші жүз 30 мың атты әскер шығарады. 92 мың атты әскер француздарды Мәскеу түбінен қуып шығу үшін алыс жорыққа аттанады. Олардың жолы Башқұрт жерінен өткенде Башқұрт халқы да өз әскерлерін қосады. Осылайша атты әскер құрамы 100 мыңнан асады.
Француздар мұндай күшке қарсы тұра алмады. Қазақ-Башқұрт атты әскері фран­цуздарды Смоленскіге дейін өкшелеп  барды. Қолбасшы Кутузов  Қазақ-Башқұрт әскері француздарды қуғаннан кейін ғана Мәскеуге кіре алды.
Тарихтың бұл ақиқатына қазақ халқы екі ғасырдан кейін, француздар өз мұра­ғатын көп­шілік назарына ұсыныл­ғаннан кейін ғана қол жеткізе алды.
Әне, мақтансаң, осындайда мақтан, қазағым!
Захир Жұппамбет,
дербес зейнеткер
29 қараша 2020 ж. 579 0