Түстіктен теріскейге қоныс тепкен

Ел билігі тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіруді қолға алғанына біраз жыл өтті. Алайда осы жылдарда қанша адамның солтүстікке көшіп барғаны жайында нақты дерек жоқ. Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2020 жылдары еліміздің солтүстігіне 60 мыңға жуық отбасы қоныс аударатынын хабарлады. Оңтүстіктен көш алғандардың дені Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына бағыт алды. Бұл бағдарламаның бірінші мақсаты – халық санын өсіру болса, екіншісі, солтүстікті қазақыландыру.
Халқы тығыз қоныстанған, саны көп түстіктен теріскейге қоныс аударғандардың дені ауылға барып, екі қолға бір күрек ұстап жүр. Бағдарлама аясында аралдықтар да солтүстік, шығыс өңірлерге барып өмір сүруде. Аудандық жұмыспен қамту және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы 22 отбасы, 2019 жылы 4 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Соның ішінде басым бөлігінің таңдауы Павлодар облысына түскен. Мұнан кейін Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақастан облыстары бар. Біздің өңірден қоныс аударғандардың дені ауылдық жерлерге барып тіршілік етуде. Мелмекет тарапынан берілген қолдаулардың арқасында жұмысқа орналасып, баспаналы болған жандар бүгінде жергілікті халықпен біте қайнасып күн кешуде.
Мемлекет көшкен жұртты қолдауға барынша жағдай туғызуда. Біріншіден, көшіп-қонуға 84,2 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ, әр отбасына тұрғын үйді жалға алуға және сатып алуға ай сайын 1 жыл бойына 36,1-ден 72,2 мың теңгеге дейін қаржы төленеді. Екіншіден, бір мезгілде жұмысқа кем дегенде 5 адамды қабылдаған жағдайда, жұмыс берушілерге 450 айлық есептік көрсеткіш (1 млн 82 мың теңге) көлемінде қосымша жәрдемақы бөлінеді.
Павлодар облысының Мичурин ауылына қоныс аударған тоқабайлық Ақмарал Оңталапқызы бағдарламаның арқасында біраз мүмкіндіктерге ие болғандығын айтады.
– Бастапқыда қоныс аударуға жүрексініп жүрдік. Бірақ менің де, жолдасымның да тұрақты жұмысы болған жоқ. Жас отбасы болғандықтан, тұрмысымызды түзету үшін бізге бұл үлкен мүмкіндік болды. Аралдан әрі асып көрмесек те, ағайын-туыспен ақылдаса келе көшуге шешім қабылдадық. Шыны керек, алғашқы жылдары үйренісіп кету оңайға соққан жоқ. Бірақ мұндағы халықтың бізге деген ықыласы ерекше. Өзім балабақшаға жұмысқа орналастым. Жолдасым зауытта жұмыс істейді. Бізге арнап мемлекет тарапынан жаңа үй салынды. Биыл сол үйге қоныстандық. Жергілікті халықпен де сіңісіп, араласып кеттік, – дейді Ақмарал.
Бағдарламаның игілігін көріп отырған жастардың бүгінде тұрмысы түзелген. Еңбек етемін деген адамға қай жерде де жақсы тұрмыс кешетіндігін дәлелдеген жандар өздерінің дер кезінде шешім қабылдап, жаңа ортаны жатсынбай қабылдағанына қуанады.
Назерке Маратқызы